ШЫМКЕНТ ДӘРІХАНАЛАРЫНДА 1,7 МЛРД ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ ДӘРІ-ДӘРМЕК ҚОРЫ БАР

ШЫМКЕНТ ДӘРІХАНАЛАРЫНДА 1,7 МЛРД ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ ДӘРІ-ДӘРМЕК ҚОРЫ БАР
Шымкент қаласында COVID-19 ауруының ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жұмысы жасалынған. Бүгінде шаһарда А, В, С жоспары бойынша 5 416 төсек орнына дейін ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Бұл туралы бүгін Президент жанындағы ОКҚ алаңында өткен баспасөз брифинг барысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.
– Тұрғындардың денсаулығын қорғау мақсатында көптеген шараларды қарастырып отырмыз. Атап айтар болсақ, қалада жалпы қуаттылығы күніне 3550 тестке жететін 9 ПТР зертхананың жұмысын жолға қойдық. Жедел жәрдем 100 автокөлігімен толығып, қуаттылығы тәулігіне 3 500-ге жететін call-center іске қосылды. Осы жылы 6,4 млрд теңгеге 7 медицина мекемелерінің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал материалдық-техникалық жабдықтауға 6 млрд 600 млн теңге бөлінді,- деді М.Әйтенов.
Бүгінде Шымкентте 19 компьютерлік томография аппараты жұмыс істеп тұр. Жыл басында қалада 310 ИВЛ аппараты болса, қазір олардың 612-ге жетті. 3 оттегі станциясы орнатылды. Бұдан бөлек арналған сұйық оттегіге 9 резервуар орнату жұмысы жүргізіліп отыр.
Сонымен қатар, бүгінгі күні қаланың дәріханаларында коронавирусты емдеу үшін 1,7 млрд теңге көлемінде дәрі-дәрмек қоры жасақталды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі