ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНЫП, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА РЕКОРДЫН ОРНАТТЫ

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНЫП, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА РЕКОРДЫН ОРНАТТЫ

2026 жылғы 28-31 мамыр аралығында Гонконг қаласында жеңіл атлетикадан кезекті U20 Азия чемпионаты өтуде. Құрлықтағы ең беделді жастар жарысына Азияның 30-дан астам елінен 600-ден аса спортшы қатысып, жеңіл атлетиканың түрлі санатында бақ сынауда.

Қазақстан құрамасы сапындағы 45 спортшының қатарында Шымкент қаласындағы №2 жеңіл атлетика және велосипед спортынан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 8 спортшысы өнер көрсетті.

Чемпионаттың үшінші жарыс күнінде шымкенттік спортшы Максим Сажнев тарихи жетістікке қол жеткізді. Диск лақтыру сайысында 60,45 метр нәтиже көрсеткен ол барлық қарсыластарынан басым түсіп, Азия чемпионы атанды.

Бұл көрсеткіш Максим Сажневтің жеке рекорды ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының U20 жас санатындағы жаңа рекорды ретінде тіркелді. Осылайша ол ұлттық құраманың қоржынына чемпионаттағы алғашқы алтын медальді салды.

Сонымен қатар, мектебіміздің тағы бір спортшысы Богдан Гончаров 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруде 13,74 секунд нәтиже көрсетіп, 5-орынға ие болды. Ол Қазақстан Республикасының U20 жас санатындағы рекордын жаңартып, әлем чемпионатының нормативін орындады.