ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ МЕКТЕПТЕРДІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ МЕКТЕПТЕРДІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгінде Шымкент қаласында білім беру мекемелерін күрделі жөндеу жұмысы басталып кеткен. Мердігер мекемелерге қойылар басты талап – құрылысты сапалы әрі тиісті мерзімінде аяқтау. Шымкент қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері шаһардағы бірқатар мектептегі құрылыстың барысымен танысты.

Бұхарбай Парманов бастаған Қоғамдық кеңес өкілдері алдымен А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицей ғимаратын аралап көрді. Мұнда қазір мердігер «Югстройсервис-Н» ЖШС-нің 100 қызметкері жұмылдырылған. Учаске бастығы адам санын 200-ге дейін көбейтетінін айтады. Жоспарға сәйкес, мектептегі жылу жүйесі де өзгермек. Құрылыс кестеге сәйкес атқарылуда.

Ең бастысы, сапаға мән беріңіздер. Қала әкімдігімен бірлесе Қоғамдық кеңес тарапынан да құрылыстың барысы біздің қадағалауымызда болады. Жұмысты өз мерзімінде аяқтау үшін адам санын көбейтіңіздер. Жұмысты сапалы істеу – басты талап, – деді Бұхарбай Рысқұлұлы.

Сонымен қатар, №46 мектеп-лицей ғимаратының күрделі жөндеуі де басталған. Мердігер мекеме мектептің қасбеті мен шатырын ауыстыруда. 2700 бала оқитын білім ошағындағы құрылысты тамыз айының ортасында аяқтау жоспарланған.

Мұнымен бірге, қазіргі таңда ұлдарға арналған №1 оқу-инновациялық лицей-интернатының жатақханасын, №106 Қайнарбұлақ жалпы орта мектебі, Хамза атындағы №42 жалпы мектебі ғимараттарының күрделі жөндеу жұмысы жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Қоғамдық кеңес мүшелері және қалалық құрылыс басқармасының өкілдері аталған білім ошақтарында да болып, мердігерлерге жұмысты сапалы орындау қажеттігін ескертті.