
Шымкент қаласында балаларға арналған оңалту қызметтерінің сапасы жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда жыл басынан бері 3500-ге жуық бала оңалту емінен өтті.
Мамандардың айтуынша, ерекше балаларға көрсетілетін медициналық көмек сапасы жақсаруының нәтижесінде оң динамика жоғарылап отыр. Оңалтудан өткен балалар түгел дерлік (99,3%) денсаулығы жақсарып, үйлеріне шығарылған.
Қалада №1, №2 және «Мейірім» оңалту орталықтарында церебральды сал ауруының спастикалық түрін емдеуде ботулотоксин терапиясы (Диспорт) кеңінен қолданылуда. Бұрын мұндай ем түрін алу үшін ата-аналар Астана мен Алматы қалаларына баруға мәжбүр болса, бүгінде Шымкент қаласындағы медицина ұйымдарында ем алуда.
Бүгінде №1 және №2 оңалту орталықтары, «Мейірім» орталығы, сондай-ақ, №2 оңалту орталығы базасында ашылған «Қамқорлық» орталығы мен «Психикалық денсаулық орталығы», мемлекеттік тапсырыс аясында т.б жекеменшік орталықтар да қызмет көрсетуде.
Оңалту қызметтері неврология, ортопедия-травматология және кардиология бағыттары бойынша жүргізіледі: 2273 бала – тәуліктік стационарда, ал 1179 бала амбулаториялық деңгейде, 2405 бала – неврологиялық бағыт бойынша, 775 бала – ортопедия-травматология бойынша, ал 492 бала церебральды сал дерті бойынша оңалтудан өтті.
Әсіресе, айрықша күтімді қажет ететін бар балаларды қолдау бағытында айтарлықтай нәтиже бар: 4 ай ішінде оңалту емін алған 2074 бала (60,1%) – ерекше балалар.