ШЫМКЕНТТІК ТҮЛЕККЕ ӘЛЕМНІҢ 74 УНИВЕРСИТЕТІ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

ШЫМКЕНТТІК ТҮЛЕККЕ ӘЛЕМНІҢ 74 УНИВЕРСИТЕТІ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Дастан Рақыманберді әлемдік деңгейдегі білім рекордын орнатты. Ол халықаралық сындарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, SAT емтиханынан 1480 балл және IELTS бағдарламасынан 7.0 балл жинады.

Дастан бүгінгі таңда дүниежүзінің 12 еліндегі 74 беделді жоғары оқу орнынан ресми шақырту алып отыр.

Бесінші сыныптан бастап ізденіс жолына түскен түлек – республикалық астрофизика олимпиадасының І орын, халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» конкурсының ІІІ орын және елімізде тұңғыш өткен қаржылық сауаттылық олимпиадасының ІІ орын иегері. Сонымен қатар, IT саласында ерекше көзге түсіп, 15-тен астам халықаралық және республикалық хакатонның жүлдегері атанды. Оның ішінде АҚШ-тың NASA агенттігі ұйымдастырған жарыста да жоғары нәтиже көрсетті.

Біліммен қатар әлеуметтік белсенділікті де ұштастырған жас дарын соңғы жылдары 40-тан астам ауқымды волонтерлік іс-шараға атсалысты.