
2020 жылғы 14 қазанда Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен қала аумағындағы маңдайша және сыртқы көрнекі жарнама мәтіндерін «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Жарнама туралы» ҚР Заңдарының талаптарына сәйкес ретке келтіру мақсатында «Сәтті жарнама» акциясы ұйымдастырылды.
Шараға аудан әкімдіктерінің, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының, ішкі сауда және мониторингі бөлімі, тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Акция барысында Тәуке хан даңғылы, Ж. Аймауытов, Сайрам, Елшібек батыр, Ш. Уалиханов көшелеріндегі жалпы 542 коммерциялық нысан қамтылып, Заң талаптарына қайшы орналастырған 80 жарнама бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек ретінде брошюралар таратылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар басқарманың жұмыс жоспарына сәйкес жыл сайын жүргізіледі. 2020 жылдың 9 айында жалпы 1600-ға жуық коммерциялық нысан қамтылып, Заң талаптарына қайшы орналастырған 155 жарнама ретке келтірілді.