Аналитикалық жазба
«Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» қалалық мәслихаттың 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №73/681-6с шешімімен бекітілді және мәслихаттың 2024 жылдың 12 желтоқсандағы №23/198-VIII шешімімен өзгертілді.
Жалпы, жоспар бойынша есепті жылы 18 негізгі ұлттық индикатор және 71 нәтиже көрсеткіштері жоспарланған, жыл қорытындысы бойынша 4 нысаналы индикаторға қол жеткізілді, 12 индикатор бойынша статистикалық есептілік мерзімі келген жоқ. 2 индикаторға қол жеткізілмеді.
Даму жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қала әкімдігінің 2025 жылғы 6 қаңтардағы №177 қаулысымен бекітілген. Іс-шаралар жоспарында 2025 жылы барлық көздерден жалпы сомасы
518 млрд.теңге қарастырылды.
Бағыт 1: Экономиканың берік іргетасы
Қала экономикасының дамуын қамтамасыз ету саласында 2 негізгі ұлттық индикатор қарастырылған, есепті кезеңде статистикалық есептілік мерзімі келмеген.
- Экономиканың нақты өсу қарқыны (жоспар – 7,0%).
- Еңбек өнімділігінің жинақталған өсу индексі (жоспар – 116,2%).
2025 жылдың қорытындысымен барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде оң динамикалық өсім қалыптасты.
Атап айтқанда, тартылған инвестиция 7,5 пайызға, құрылыс жұмыстары 20,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 0,6 пайызға, сауда көлемі 25,8 пайызға, көлік қызметі 1,1 пайызға, өнеркәсіптегі өнім көлемі 8,7 пайызға артты.
2025 жылдың қортыныдысымен қала экономикасының қысқа мерзімді өсімі 16,7 пайызды құрап, индикаторлардың орындалуы күтілуде.
2025 жылғы индикатор бойынша статистикалық деректер 2026 жылғы тамыз айында жарияланады.
Өңдеу өнеркәсібі саласында 1 негізгі ұлттық индикатор қарастырылған, оның есеп беру мерзімі келмеген.
- Өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспорты (жоспар 750,2 млн АҚШ доллар).
2025 жылдың 11 айында өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 473,7 млн АҚШ долларын құрады.
Өңдеу өнеркәсібі экспортының құрылымында келесі салалар бойынша төмендеу байқалады.
Тамақ өнеркәсібінде экспортталған өнім көлемі 100,3 млн АҚШ долларын құрады (2024 ж. – 120,2 млн АҚШ долл), бұл 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,5%-ға төмен.
Бидай ұны экспортының төмендеуі серіктестер тарапынан сұраныстың азаюына байланысты 2025 жылы «Алтын дән» ЖШС сату көлемдері қысқарды.
Жеңіл өнеркәсіп экспорты 11,7 млн АҚШ долларын құрады (2024 ж. – 17,5 млн АҚШ доллары), бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,1%-ға төмен.
«AZALA Textile» ЖШС – шикізат мақтаны өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны. Фабрика өнімінің 70%-ы сыртқы нарыққа, 30%-ы ішкі нарыққа жеткізілген. 2025 жылғы 17 наурыздан бастап тапсырыстардың болмауына байланысты кәсіпорын қызметін толық тоқтатты.
«AZALA Cotton» ЖШС 2024 жылдың басынан бері тұрақты тапсырыстардың болмауы, өнімге (иірімжіпке) сатып алу бағасының төмендігі, дайын өнім өткізу нарықтарының тарылуы, сондай-ақ шетелдік тапсырыс берушілер тарапынан төлемдердің кешіктірілуі (АҚШ долларымен өзара есеп айырысу) салдарынан жұмысын тоқтатып тұр.
«ПК «АГФ групп» ЖШС үшін негізгі өткізу нарығы бұрынғыдай Ресей Федерациясы болып табылады. 2025 жылы ірі сатып алушылар өз қызметін уақытша тоқтатты. Осыған байланысты Ресей Федерациясында өз компаниясын ашу туралы шешім қабылданды. Алайда бұл үдеріс созылып кетіп, нәтижесінде өнім жеткізу тек 2025 жылдың соңында ғана жүзеге асырылды.
Металлургия өнімдерінің экспорты 84,7 млн АҚШ долларын құрады (2024 ж. – 108,5 млн АҚШ долл), бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,9%-ға төмен. Төмендеу келесі факторларға байланысты.
«Ferrum-Vtor» ЖШС – темірден өнім өндіретін кәсіпорын – өнім экспорттауға уақытша тыйым салынуына (6 ай мерзімге) (Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 23 қазандағы № 449 бұйрығы), сондай-ақ ішкі нарықта сұраныстың болмауына байланысты қызметін тоқтатты.
«Shymkent Temir» ЖШС – болат құйма блюмдар өндіретін кәсіпорын – да өнім экспорттауға уақытша тыйым салынуына байланысты қызметін тоқтатты.
Өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінде экспорт көлемі 14,2 млн АҚШ долларын құрады (2024 ж. – 17,1 млн АҚШ долл), бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға төмен.
Шыны ыдыс өндіретін ірі «ЕвроКристалл» ЖШС кәсіпорнында экспорттың төмендеуі сыртқы нарықтардағы ұқсас өнімдермен салыстырғанда бағаның бәсекеге қабілетсіз болуына, сондай-ақ өндіріс өзіндік құнының өсуіне (энергоносительдер, шикізат, логистика) байланысты.
Цемент өнімдерінің экспорты 10,8 млн АҚШ долларын құрады (2024 ж. – 12,9 млн АҚШ долл), бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,2%-ға төмен. Цемент экспортының негізгі бағыты Өзбекстан болды. Алайда 2022 жылдан бастап Өзбекстан аумағында 4 цемент зауытының іске қосылуына байланысты бұл ел тарапынан цементке деген сұраныс төмендеді.
Экспортқа бағдарланған жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында келесі іс-шаралар өткізілді: «QazTrade» АҚ және «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-мен бірлесіп, кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша 3 семинар ұйымдастырылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қаладағы 9 экспорттаушы кәсіпорынның индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің шығындарының бір бөлігін өтеуге берген өтінімдерін жалпы сомасы 678,9 млн теңгеге мақұлдады («Шымкентмай» ЖШС, «World Express LTD» ЖШС, «Қаракөз 2018» ЖШС, «Стандарт цемент» ЖШС, «ПК «АГФ групп» ЖШС, «Бал Текстиль» ЖШС, «Asia Trafo» ЖШС, «ЗЕРДЕ-Керамика» ЖШС).
Шымкент қаласынан экспорттық акселерация бағдарламасына қатысу үшін 9 компания іріктелді («ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС, «Индустриалдық синдикат» ЖШС, «Vip Servise 17» ЖШС, «Nappa.kz» ЖШС, «Muranu» ЖШС, «Marai E7 Group (Марай Е7 Групп)» ЖШС, «Gold Aluminum» ЖШС, «Delice (Делис)» ЖШС, «Balabi textile» ЖШС).
Қаланың 9 компаниясы сауда-экономикалық миссияларға қатысты («Рауан» ЖШС (Ауғанстан), «Шымкентмай» АҚ (Ауғанстан), «Alatau-Baly» ЖШС (Сиань), Анарбаева Раушан Момбекқызы жеке кәсіпкері (Сиань), «MMM GROUP-777» ЖШС (Иран), «BASHBAY» (Чунцин), «Baraka №1» ЖШС (Малайзия), «Кемел» ЖШС (Малайзия), «DanaTrade» ЖШС (Өзбекстан)).
Сонымен қатар, қала кәсіпорындары Иран, Мажарстан, Малайзия, Өзбекстан және Қытай елдерінде өткен көрмелерге қатысты.
«Kazakh Export» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ 5 кәсіпорынның өтінімдеріне сәйкес 6,7 млрд теңге сомасына тауарларды сақтандыру бойынша міндеттемелер қабылдады («Balabi Textile» ЖШС, «Алем БТ» ЖШС, «ШымкентМай» ЖШС, «Shymkent Temir» ЖШС, «AIIG Kazakhstan» ЖШС).
2025 жылдың көрсеткіштері 2026 жылдың мамыр айында жарияланады. Жыл қорытындысымен индикатордың орындалуы күтілуде.
Бағыт 2: Өсудің жаңа нүктелері
Инновациялар, цифрлық және креативті экономика саласы бойынша 1 негізгі ұлттық индикатор қарастырылған, есеп беру мерзімі келмеген.
- Инновация саласындағы белсенділік деңгейі (жоспар 12%).
Көрсеткішке қол жеткізу мақсатында 2025 жылғы 18 қыркүйекте Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Ғылыми кеңестің отырысы өткізіліп, онда Кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту, қаладағы жоғары оқу орындарының ғылым саласындағы іске асырылып жатқан жобалары, сондай-ақ өңірлік ғылымды дамыту мәселелері қаралды.
Көрсеткіштің орындалмау қаупі бар.
Республикалық көрсеткіштерді декомпозициялау барысында Шымкент қаласы бойынша жоспарлы көрсеткіш 12% деңгейінде айқындалды. Алайда 2021 жылдан бастап инновациялық қызмет саласындағы белсенділік деңгейінің төмендеуі байқалуда: 2021 жылы көрсеткіш – 7,0%, 2022 жылы – 5,2%, 2023 жылы – 6,3%, 2024 жылы – 5,2% болды.
Динамика 1,1–1,8% деңгейінде екенін ескере отырып, 2025 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштің жоғары қойылғанын атап өтуге болады (ҚР ҰЭМ негізгі ұлттық индикаторларын декомпозициялау деректері).
2025 жылғы индикатор бойынша статистикалық деректер 2026 жылғы мамырда жарияланады.
Туризм саласы бойынша 2 негізгі ұлттық индикатор көзделген, оның есептілік мерзімі келмеген.
- ішкі туристер саны (жоспар 0,56 млн адам).
- келетін туристер саны (жоспар 0,079 млн адам).
2025 жылғы индикатор бойынша статистикалық деректер 2026 жылғы мамыр айында жарияланады.
Қалада 159 орналастыру орны орналасқан. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (147 қонақ үй) 8,2%-ға артқан.
2025 жылы 2 қонақ үй (Mardan, Green Park) ашылды.
Республикалық маңызға ие «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» кесенелерінің аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Сервисті жетілдіру мақсатында жаңа үлгідегі «6 – SMART» санитариялық-гигиеналық торап іске қосылды («Спутник» гүлзары, «Тәуке Хан» даңғылы, Иляев көшесі, Имран сауда орталығы және «Арбат» жаяу жүргіншілер алаңында - 2 дана).
Шымкент қаласында 17 туристік маршрут қызмет көрсетуде. Олардың ішінде Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағалы – Шымкент 4 күндік туристік маршрутты туристер кеңінен қолдануда.
Шетелдік туристерге 3 тілде 2025 жылға арналған іс-шаралар күнтізбесі әзірленіп, туристік ұйымдарға, мейрамханаларға, қонақ үйлерге және туристік оператор мен агенттіктерге жолданып, әлеуметтік желілерде жарияланды.
2025 жылдың тамыз айында тревел-блогерлер мен контент мейкерлерге арналған мастер-класс ұйымдастырылды. Іс-шараға жалпы саны 30 адам қатысты.
Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласы полиция департаменті патрульдік полиция полкінің штатына барлығы 25 туристік полиция қызметкері бекітілген.
2025 жылы «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалі, ақпараттық «Blog tour», «DRONE SHOW», «Street Food Fest» көше тағамдарының фестивалі, «Батпырауықтар фестивалі» ұйымдастрылды.
«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының негізінде «Shymkent Creative Hub» креативті хабы ашылды.
Креативті хаб ашылған күннен бастап 141 іс-шара ұйымдастырылды.
Бағыт 3: Өмірдің жоғары сапасы
Денсаулық сақтау саласы бойынша 1 негізгі ұлттық индикатор көзделген, есепті кезеңде статистикалық есептілік мерзімі келмеген.
- Туғандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы (жоспар 77,5 жыл).
2025 жылғы индикатор бойынша статистикалық деректер 2026 жылғы мамыр айында жарияланады.
Денсаулық сақтау саласында бюджет есебінен 2 ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Медициналық ұйымдардың материалдық - техникалық базасын нығайтуға 11,7 млрд. теңге қарастырылып, материалдық-техникалық базамен қамтылу деңгейі 87,5 пайыздан 88,5 пайызға дейін ұлғайды.
2025 жылы жүрекке 901 ота, бүйректі ауыстыру бойынша 17 оталар жасалды.
Әлеуметтік қорғау саласы бойынша 1 негізгі ұлттық индикатор көзделген, есеп беру мерзімі келмеген.
- Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен /кедейлік шегінен төмен халықтың үлесі 2025 жылдың III тоқсанында 6,1% құрады (жоспар 6,2%).
2025 ж. III тоқсанда 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан 4,7 пайызға төмендеді.
Шымкент қаласында 2025 жылы 25 147 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты.
Бағдарламаны жүзеге асыруға 7 264,9 млн.теңге қаралды (қалалық бюджет).
Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 6 045 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған, нақты 5 388 адам.
Жұмысқа орналастыру бойынша 15 272 адамды бос және жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру жоспарланған, нақты 11 933 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
330 адамға өтеусіз негізде грант беру жоспарланған, нақты 431 адамға берілген (130,6%).
Білім саласы бойынша 3 негізгі ұлттық индикатор көзделген, есепті кезеңде қол жеткізілді.
PISA тестілеуі негізінде орта білім беру нәтижелерінің сапасы, балл:
- Оқу сауаттылығы - 379 (жоспар 368 балл).
- Математикалық сауаттылық – 434 (жоспар 413 балл).
- Жаратылыстану сауаттылығы -425 (жоспар 410 балл).
2025 жылы бюджет есебінен 4 145 орындық 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, 2 мектеп пайдалануға берілді (№50 мектепке қосымша құрылыс 575 орын, Тельман ш.а. 1 200 орындық мектеп).
Жергілікті бюджет есебінен 10 мектеп (№№ 9, 10, 13, 19, 26, 99, 75, 108, 109 және дарынды балаларға арналған №1 мектеп), 1 балабақша (№97) күрделі жөндеуден өтті.
Қосымша білім беру бойынша шығармашылық және спорттық үйірмелерге «бір бала – бір орын» қағидатымен бірыңғай ваучерлік жүйе енгізілді.
Қалада типі мен мөлшеріне байланысты объектілер мен көрсетілетін қызметтердің (игіліктердің) халыққа қолжетімділігінің ең төмен міндетті деңгейін қамтамасыз ету бойынша 1 негізгі ұлттық индикатор көзделген, индикаторға қол жеткізілді.
Өңірлік стандарттар жүйесіне көрсетілетін әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 2025 жылдың қорытындысымен нақты 91,7% құрады (жоспар 91,6%).
Оның ішінде білім нысандарымен және қызметтерімен қамтылу деңгейі 95,2%, денсаулық сақтау – 94,9%, әлеуметтік сала – 96,7%, мәдениет және спорт – 93,9%, көлік – 94,8%, инженерлік инфрақұрылым – 81,6%, ойын сауық және қызмет көрсету – 94,9% құрады.
2025 жылы бюджет есебінен 4 145 орындық 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, 2 мектеп пайдалануға берілді (№50 мектепке қосымша құрылыс 575 орын, Тельман ш.а. 1 200 орындық мектеп).
Жергілікті бюджет есебінен 10 мектеп (№№ 9, 10, 13, 19, 26, 99, 75, 108, 109 және дарынды балаларға арналған №1 мектеп), 1 балабақша (№97) күрделі жөндеуден өтті.
Әлеуметтік қолдау саласында 2025 жылы 150 орындық №11 орталық іске қосылды.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Шымкент мұнай өңдеу зауытының әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2 модульді спорт кешені пайдалануға берілді (Бадам, Қарабастау елді мекендері). Сонымен қатар демеушілер есебінен қалада 4 аумаққа 6 мың шаршы метр құрайтын ашық мұз айдыны салынды
Тұрғын үй саласында 2025 жылы 1 382 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
2025 жылы – 2 574 пәтерлі 34 тұрғын үй пайдалануға берілген, 1 529 пәтер сатып алынған.
Тұрғын үй кезегіне енбейтін азаматтар үшін жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасы арқылы 554 отбасыға жеңілдетілген несиелер беріліп, баспанамен қамтылды.
2025 жылы 5 елді мекенде 15 мың халық ауыз сумен, 6 елді мекенде 29 мың халық электр энергиясымен, 9 елді мекенде 30 мың халық табиғи газбен, 2 елді мекенде 11 мың халық кәріз жүйелерімен қамтылды.
Нәтижесінде, қаладағы елді мекендер 100 пайызға ауыз сумен, электр жабдығымен қамтылса, 98 пайызға табиғи газбен және 70 пайызға кәрізбен қамтылып отыр.
2025 жылы 1059 шақырым асфальт жол салынып, сапасы жақсы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті.
2024-2025 жылдар аралығында 4 686 көше жарықтандырылды.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және шұғыл көмек көрсету қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында 3 шағын ауданда сервистік орталық пайдалануға берілді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 4 425 бейнебақылау камерасы орнатылды.
2025 жылы 45 скверлер салынды.
Бағыт 4: Экономика мен қоғамның түпкілікті түрленуі
Кәсіпкерлік саласы бойынша 2 негізгі ұлттық индикатор көзделген, индикатордың есеп беру мерзімі келмеген.
- ЖІӨ-дегі ШОК ЖҚҚ-ның үлесі (жоспар 46,3%);
- ЖІӨ-дегі орта кәсіпкерліктің ЖҚҚ-ның үлесі (жоспар 10,8%).
Көрсеткішке қол жеткізу мақсатында келесі іс-шаралар атқарылды:
- мемлекеттік қолдау шараларына 19,9 млрд теңге бөлініп (РБ – 15,8 млрд тг, ЖБ – 4,1 млрд тг), 2 035 жобаға қолдау көрсетілді (оның ішінде 281 жаңа жоба).;
- инфрақұрылыммен қамтылған жалпы аумағы 75,5 мың ш.м. құрайтын 3 «шағын өндірістік алаң құру» жоспарланған, 2025 жылы аумағы 40 мың ш.м. болатын 2 алаң пайдалануға берілді;
- кәсіпкерлерді ашық жұмыс істеуге ынталандыру үшін бөлшек салық мөлшері 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді;
- қала аумағындағы 19 базардың 16-сы модернизациядан өткен. Қалған 3 базарда модернизациялау жұмыстары аяқталу сатысында («Авто-Нұр», «Қырғы базар», «Назым апа»). .
2025 жылғы статистикалық деректер 2026 жылдың сәуір айында жарияланатын болады.
Инвестиция саласында 3 негізгі ұлттық индикатор индикатор көзделген, оның 1-ің есеп беру мерзімі келмеген, 2 индикаторға қол жеткізілмеді.
- Негізгі капиталға инвестициялар 2025 жылдың қорытындысымен нақты 859,5 млрд. теңге құрады (жоспар 1 194,8 млрд.теңге).
2025 жылдың 12 айында негізгі капиталға инвестициялар көлемі 859,5 млрд. теңгені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,5% -ға артты.
Алайда жоспарлы көрсеткіштің орындалуы 72%-ды құрады. Бұл қаланың электр және газ қуаттарының толық жүктелуімен, сондай-ақ индустриалды аймақтардағы инфрақұрылым құрылысының аяқталмауымен байланысты. Нәтижесінде жобаларды жүзеге асыру мерзімдері созылып, бірқатар жобаларды орындау уақыты кейінге шегерілуде.
Индикаторға қол жеткізу мақсатында 2025–2032 жылдарға арналған жалпы инвестиция көлемі 4,6 трлн теңгені құрайтын 221 инвестициялық жоба базасы құрылды. Осы жобалар аясында 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарлануда.
2025–2030 жылдары өңдеу өнеркәсібі саласында 3 трлн теңге сомасына 138 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады.
2025 жылы өңдеу өнеркәсібінде 66,1 млрд теңге сомасына 20 жоба іске асырылды.
Қала аумағында жалпы ауданы 1 394 га болатын 8 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда жалпы құны 716,9 млрд теңгені құрайтын 455 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 359,8 млрд теңгенің 329 жобасы іске асырылды. 2025 жылы 60,7 млрд теңге инвестициясы тартылып, 17 жоба іске асырылды.
Қаланың инвестициялық әлеуетін дамыту мақсатында 2025 жылғы 10 маусымдағы №31-ө қаулысымен Шымкент қаласының Инвестициялық бағдарламасы бекітілді.
Сонымен қатар, инвестициялық ахуалды жақсарту және жобаларды сүйемелдеу үшін, инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарын белгілеу, инвесторлардың мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді жою мақсатында Өңірлік инвестициялық штаб қызмет атқаруда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Өңірлік инвестициялық штабтың 13 отырысы өткізілді. Отырыстарда қала аумағында іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына (жер мәселесі, инфрақұрылым жүргізу, әкімшілік рәсімдер) қатысты бірқатар мәселелер өз шешімін тапты. Индустриалды аймақтарда инфрақұрылымды жүргізу бойынша өзекті мәселелерді қарастыру мақсатында штаб отырыстары өндірістік алаңдарда өткізілді.
- Жалпы көлеміндегі сыртқы инвестициялар 2025 жылдың 12 ай қорытындысымен 67,5 млрд теңгені құрады (жоспар 262,9 млрд.теңге).
2025 жылдың 12 айында сыртқы инвестициялар көлемі 67,5 млрд теңгені құрады (жоспар – 262,9 млрд теңге), бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56,6%-ға артық.
Қалыптасқан өсіміне қарамастан, жоспар тек 25,7%-ға орындалды. Жоспарланған индикатор асыра қойылған (ҚР ҰЭМ-ның негізгі ұлттық көрсеткіштерінің декомпозициясы).
- Тікелей шетелдік инвестициялар (жоспар 178 млн АҚШ долл).
2025 жылдың 9 айында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 102,9 млн АҚШ долларын құрады (жоспар – 178 млн АҚШ долл), бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артық. Жоспар тек 57,8%-ға орындалды. 2025 жылы шетелдік қатысуымен келесі жобалар іске асырылды:
- «Shymkent Dehui Gelatin Ltd.» ЖШС (ҚХР) – желатин өндірісі жобасы, құны 12,3 млн АҚШ доллар;
- «CLEANS FABRIC» ЖШС (Түркия) – ылғалды майлықтар өндірісі жобасы, құны 2 млн АҚШ доллар;
- «Marvik Partners» ЖШС (Ресей Федерациясы) – тоқыма емес материалдар өндірісі жобасы, құны 6,8 млн АҚШ доллар;
- «KazTurkMinerals» ЖШС (Түркия) – минералды тыңайтқыштар өндірісі жобасы, құны 2,5 млн АҚШ доллар;
- «Alsera KZ» ЖШС (Түркия) – жылыжай құрылысы жобасының 1 кезеңі, құны 30 млрд теңге. 40 га аумақта құрылыс жұмыстары аяқталып, 18 га аумақта қызанақ отырғызылды.
2025 жылғы статистикалық деректер 2026 жылдың сәуірінде жарияланады.
Экологиялық орнықтылықты арттыру саласында 1 негізгі ұлттық индикатор көзделген, есеп беру мерзімі келмеген.
- Халықтың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейі (жоспар -64,7%). Индикатор халық арасында сауалнама жүргізу тәсілімен анықталады.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына 659 мыңнан аса адам қатысып, 220 арнайы техника жұмылдырылды. 152 мыңға жуық көшет отырғызылып, 31 мың тонна қоқыс шығарылды.
Жасыл желек аумағын ұлғайтуда магистральды 27 көшеге 500 мың шаршы метр жаңа газон егіліп, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды.
Қошқар-ата өзенінің 3,5 шақырым жағалауы абаттандырылды. Ұзындығы 85 шақырым құрайтын 13 магистральді жолда ирригациялық жүйелер арқылы су жүргізілді.
Демеушілер есебінен жаңадан 16 фонтан салынды.