Шымкент қаласында 2024–2025 жылдары жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды нәтижелерге қол жеткізілді.

Шымкент қаласында 2024–2025 жылдары жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды нәтижелерге қол жеткізілді.

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2024–2025 жылдары жол инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру және жол қауіпсіздігін арттыру бағыттарында бірқатар маңызды жобаларды іске асырды.

 

Паспортизация

Цифрлық паспортизациялау және диагностикалау нәтижесінде қаладағы көшелер саны 6 882-ге жетіп, жалпы ұзындығы 3 846,7 шақырымды құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда көше санының 64%-ға, ал жолдардың жалпы ұзындығының 18,4%-ға артқанын көрсетеді.

 

Ірі құрылыс нысандары

Шымкент қаласында 2024–2025 жылдары жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Аталған кезеңде қала бойынша 1 328,5 шақырым жол салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 2024 жылы – 269,5 шақырым, ал 2025 жылы 12 айдың қорытындысымен 1 059 шақырым жол пайдалануға тапсырылды.

2024 жылы көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы ұзындығы 20,1 шақырымды құрайтын 4 көше пайдалануға берілді. Аталған жобалар қатарында А-2 айналма жолын қайта құрудың 4-кезеңі, Өтегенов көшесі жалғасының 1 және 2-кезектері, сондай-ақ Оңтүстік айналма жолы бар.

2025 жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, ұзындығы 21,1 шақырымды құрайтын 6 ірі жоба іске асырылды. Мемлекет басшысының өңірге жасаған жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, А-2 айналма жолының негізгі бөліктері қайта құрудан өтіп, 6 және 8-кезеңдері пайдалануға берілді. Осылайша нысанның орындалу деңгейі 90 пайызға жетті.

Қаланың орталығын Ташкент – Алматы тас жолымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасы бойынша құрылыс жұмыстары 85 пайызға орындалып, биыл 2-кезеңі пайдалануға тапсырылды. Аталған жобаны толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар, қаланың шығыс бөлігі мен орталығын байланыстыратын Момынов және Тіленшин көшелеріндегі екі ірі теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған нысандарды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Бәйдібек би және Төлеметов көшелерінің қиылысында жаңа жолайырықтың құрылысы басталды.

Көлік кептелістерін азайту және қолданыстағы жолдарға балама бағыттар қалыптастыру мақсатында Алтынсарин, Қазиев, Ақсүмбе, Шұбаркөл, Алатау батыр – Абылайхан көшелерін өзара байланыстыру, сондай-ақ теміржол өткелдерінің құрылысы іске асырылуда.

Сонымен бірге, Жандосов көшесінің жалғасы, Асар–Шымсити шағын аудандарын байланыстыратын жол, Қызылсай шағын ауданына кіреберіс жолдар асфальтталып, пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 17,1 шақырымды құрайтын 6 көше мен 1 көпірде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 4 көше мен 1 көпір пайдалануға тапсырылса, 2 көше бойынша жұмыстар 2026 жылға өтпелі болып белгіленді.

 

Орташа жөндеу

2024 жылы орташа жөндеу аясында 247 көше қамтылып, жалпы ұзындығы 167,1 шақырым жол пайдалануға берілді. Ал 2025 жылы жалпы ұзындығы 201 шақырымды құрайтын 323 көшеде орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Сонымен қатар, шалғай және ішкі орам көшелерінің жол жағдайын жақсарту мақсатында 820 шақырым көшеге асфальт жабындысын төсеу жоспарланып, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша аталған көлем толық көлемде орындалды.

Аталған жұмыстар қаланың барлық аудандарын қамтыды. Атап айтқанда, Абай ауданында – 319 шақырым, Әл-Фараби ауданында – 60 шақырым, Тұран ауданында – 152 шақырым, Еңбекші ауданында – 127 шақырым, Қаратау ауданында – 162 шақырым көше асфальтталып, пайдалануға берілді.

Жүргізілген жұмыстар қала тұрғындарының қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, жол сапасын жақсартуға және елді мекендердің көлік қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Шымкент қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік инфрақұрылымын күтіп ұстау бағытында 2024–2025 жылдары ауқымды жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, 2024–2025 жылдары қаладағы 6 714 көшенің 4 686-сы жарықтандырылып, нәтижесінде Шымкент қаласының көшелері 100 пайыз жарықпен қамтылды. Айта кету керек, 2023 жылға дейін қала аумағында небәрі 2 028 көше жарықтандырылып, қамту деңгейі 30 пайызды ғана құраған болатын.

Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2024 жылы 50 жаяу жүргіншілер өткелі, ал 2025 жылы 201 жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылды. Сонымен қатар, 1 000 шақырым жол таңбалары сызылып, 3 шақырым дыбысты жолақтар орнатылды.

Көлік кептелісін азайту және қозғалысты тиімді басқару мақсатында 2024 жылы 246 бағдаршам нысаны интеллектуалды көлік жүйесіне (ITS) қосылса, ағымдағы жылы қосымша 98 бағдаршам ITS жүйесіне қосылды, сондай-ақ 32 жаңа бағдаршам нысаны орнатылды. Бүгінде қала аумағында орналасқан 393 бағдаршамның 344-і ITS жүйесіне қосылып, қамту көрсеткіші 87 пайызды құрап отыр.

Сонымен қатар, 2016 жылдан бері жаңартылмаған тоқтаусыз қуат беретін батареяларды жаңарту жұмыстары қолға алынып, 24 бағдаршам нысанында батареялар толық жаңартылды, ал 72 бағдаршам нысанына жаңа батареялар орнатылды. Нәтижесінде 96 бағдаршам нысаны тоқтаусыз қуат көздерімен қамтамасыз етілді.

Қала көшелеріндегі көлік кептелістерінің алдын алу мақсатында ағымдағы жылы 3 оң жақ бұрылыс өткелі салынды, сондай-ақ 6 магистралдық көшеде қозғалыс қарқыны жоғары учаскелерде қосымша жолақтар ұйымдастырылды. Аталған оң жақ өткелдер Кеңжарық – М. Шоқай көшелерінің қиылысында, Тұран-2 шағын ауданындағы Таңбалы тас көшесінде және Гагарин көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан.

 

Автоматтандырылған өлшеу станциясы

Шымкент қаласы арқылы өтетін транзиттік жүк көліктерінің санының жыл сайын артуы жол жамылғысының мерзімінен бұрын тозуына әсер етуде. Осыған байланысты жолдардың сақталуын қамтамасыз ету және жүк көліктері қозғалысын бақылауды күшейту мақсатында автоматтандырылған өлшеу станциялары кезең-кезеңімен іске қосылуда.

Аталған бағытта қалаға кіретін 3 негізгі бағыттағы көшеде артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе орнатылып, пайдалануға берілді. Алдағы жылы бұл жүйені қосымша 6 бағытта енгізу жоспарлануда.

Анықтама ретінде айта кетсек, 2024–2025 жылдары автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатуға Шымкент қаласының бюджетiнен 1,021 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Осы мақсатта 2024 жылғы 5 қазанда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, нәтижесінде «QSM Engineering» ЖШС мердігер ұйым ретінде айқындалды.

2024 жылы бірінші кезеңде Шымкент–Сайрам бағытындағы Жібек жолы көшесі (Мартөбе шағын ауданы маңы), Бердібек қожа көшесі (Қарасу өзені көпірі маңы), сондай-ақ Шымкент–Сайрам–Қарамұрт бағыты бойынша Әмір Темір көшесінде 3 автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылып, 2024 жылғы 15 қазанда іске қосылды.

Қазіргі уақытқа дейін аталған станциялар арқылы 449 құқықбұзушылық анықталды.

Ал 2026 жылға автоматтандырылған өлшеу станцияларын Әл-Фараби көшесі (Ынтымақ және Исфиджаб тұрғын алаптары маңы), Темірлан тас жолы (әуежайға кірме жол маңы), Бәйдібек би даңғылы (Бозарық шағын ауданы маңы), А-2 айналма жолы (ипподром маңы), сондай-ақ Шымкент–Ташкент тас жолы (Оңтүстік айналма жол маңы) бойынша 6 нүктеде орнату жоспарлануда.

 

Қоғамдық көлік

Бүгінгі таңда қала аумағында 83 тұрақты маршрутта күнделікті 988 автобус жолаушыларды тасымалдауда. Оның ішінде 79 маршрут әлеуметтік маңызы бар бағыттар ретінде айқындалған. Аталған маршруттарға 12 көлік компаниясы шарттық негізде қызмет көрсетуде. Қалалық қоғамдық көлік паркінің жалпы саны 1 150 автобус бірлігін құрайды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша тасымалданған жолаушылар саны 79,9 млн адамды құраса, 2025 жылдың 11 айының қорытындысымен бұл көрсеткіш 86,0 млн адамға жетіп, 7,6 пайыздық өсім тіркелді.

Автобус паркінің жаңару деңгейіне келсек, қазіргі таңда 132 автобус 3 жылға дейінгі, 973 автобус 7 жылға дейінгі, ал 45 автобус 7 жылдан асқан көліктер санатына жатады. Түзілген шарттардың талаптарына сәйкес, тасымалдаушылар тарапынан қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атап айтқанда, өткен жылы 19 жаңа автобус сатып алынған болса, биыл 88 жаңа автобус алынған. Осылайша, жаңарту көрсеткіші 4,6 есеге артты.

Сонымен қатар, автобустарды газ-метан отынымен үздіксіз және толық қамтамасыз ету мақсатында «Shymkent Bus» ЖШС автопаркі аумағында үшінші газ құю станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

 

Шымкент халықаралық әуежайы заманауи мультимодальды хаб ретінде дамып келеді

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірлік әуежайларды бәсекеге қабілетті әрі логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынатын мультимодальды орталықтарға айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шымкент халықаралық әуежайын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Атап айтқанда, жеке инвестор «SCAT» әуе компаниясының қаражаты есебінен жаңа жолаушылар терминалы салынып, 2024 жылғы желтоқсан айында пайдалануға берілді. Бұрынғы терминалдың өткізу қабілеті сағатына 200 жолаушыны құраса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш сағатына 2 000 жолаушыға дейін артты. Аталған нысан жылына 10–12 миллион жолаушыны қабылдауға мүмкіндік береді.

Жолаушылар ағынының өсуі де айқын байқалуда. Мәселен, 2024 жылдың 11 айында Шымкент әуежайы арқылы 1,1 млн жолаушы тасымалданса, ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысымен бұл көрсеткіш 1,9 млн жолаушыға жетіп, 75 пайыздық өсім тіркелді.

Шымкент халықаралық әуежайы жүк тасымалы саласында да белсенді дамып келеді. Қазіргі таңда әуежай 9 логистикалық компаниямен ынтымақтастықта жұмыс атқаруда. 2024 жылдың 11 айында жүк айналымы 1,5 мың тоннаны құраса, ағымдағы жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,7 мың тоннаға жетіп, 15 пайызға артты.

Бүгінде Шымкент халықаралық әуежайы Қазақстандағы үшінші ірі әуежай болып саналады. Жыл басында 10 халықаралық әуе бағытына қызмет көрсетілсе, қазіргі уақытта олардың саны 18-ге дейін ұлғайды. Сонымен қатар, ішкі әуе бағыттарының саны 7-ден 12 бағытқа артты. Қазіргі таңда әуежай 7 әуе компаниясымен тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.

Бұдан бөлек, Президенттің әуежайды халықаралық заманауи мультимодальды хабқа айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, жаңа ұшу-қону жолағын салу жұмыстары басталды. Ұзындығы 3300 метр, ені 75 метр болатын ұшу-қону жолағы ІСАО-ның 3-санаттағы халықаралық стандартына сай салынып, әуе кемелерін шектеусіз қондыру мен ұшыруға, сондай-ақ әуежайдың транзиттік әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған ұшу-қону жолағының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2025 жылғы 31 наурызда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.

 

каз
Дата публикации
20 января 2026