Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңына, «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңына және Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының 2024 жылғы 18 сәуірдегі
№ 01-04-16/691-Қ/Х қызметтік хаты, қала құрылыстық қорытындылары, жерге орналастыру жобасы және Шымкент қаласының Бас жоспары негізінде, Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
- Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, «Оңтүстік» индустриалды аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су құбыры, жоғары қысымды газ құбыры, жоғары кернеулі электр желісі) құрылысы үшін осы қаулының қосымшасында көрсетілген жер учаскелері мемлекет мұқтажына алынсын.
- «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі заңнама талаптарына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскелерінің орнына басқа жер учаскелерін беру мүмкіндігін қарастырып және осы қаулыдан туындайтын барлық қажетті шараларды қабылдасын.
- Мәжбүрлеп иеліктен шығару күні осы қаулының ресми жариялану күнінен бастап үш айдан ерте болмай бір жыл алты ай деп белгіленсін.
- Жер учаскелердің иелері немесе мемлекеттік емес және мемлекеттік жер пайдаланушылармен келісім рәсімдерін жүзеге асыруға жүгінетін орын ретінде Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Жұмабай Шаяхметов көшесі,
№39 ғимаратта орналасқан «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі белгіленсін.
- «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Н. Жүнісбеков жер учаскесінің немесе жер пайдалану құқығының және жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктердің құнын өтелуін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз етсін.
- «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі қаулы қабылданған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде қала әкімдігінің интернет-ресурстарын қоса алғанда тиісінше жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етсін.
- Осы қаулының орындалуы «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Н. Жүнісбековке жүктелсін.
- Осы қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің бірінші орынбасары Қ. Асыловқа жүктелсін.
Шымкент қаласының әкімі Ғ. Сыздықбеков