Мәслихаттың «2024-2026 жылдарға арналған қала бюджеті туралы» шешімінің жобасы Қазақстан Республикасы Бюджет Кодексінің 75-бабына сәйкес, «Қаланың 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы», «Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» және «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы негізінде қалыптастырылды.
Қаланың 2024-2028 жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің болжамы
Болжам бойынша Жалпы өңірлік өнімнің 5 жылда орташа өсімі 4 пайыз болады деп күтілуде.
Жалпы өңірлік өнімнің өсімі экономиканың нақты секторындағы көрсеткіштердің ұлғаюымен қамтамасыз етілетін болады.
Жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп көлемі 2024 жылғы 931,9 млрд.теңгеден 2028 жылы 1 384,5 млрд. теңгеге дейін ұлғаяды.
ЖӨӨ құрылымындағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2024 жылғы 31,0 млрд.теңгеден 2028 жылы 42,7 млрд. теңгеге дейін ұлғаяды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі жалпы өңірлік өнімде 2024 жылы 216,0 млрд. теңгеден 2028 жылы 352,4 млрд.теңгеге ұлғаяды деп күтілуде.