ШЫМКЕНТТЕ АЙНАЛМА АВТОМОБИЛЬ ЖОЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі – 50 шақырымдық айналма автомобиль жолының құрылысына негіз қаланды.
🔹 4 жолақты жол Алматы–Ташкент бағытындағы халықаралық және республикалық транзиттік көлік ағындарын қала сыртына шығаруға мүмкіндік береді.
🔹 Жоба қаланың көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайтып, көлік кептелісін төмендетуге және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
🔹 Жаңа жол Алматы–Термез халықаралық автомобиль жолының Шымкентке кіреберіс бөлігін Солтүстік айналма жол арқылы Ташкент бағытымен байланыстырады. Жобаның іске қосылуы Шымкенттің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, қаланың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына жаңа серпін береді. Бұл – Шымкенттің болашақ көлік жүйесін қалыптастыратын маңызды инфрақұрылымдық жоба.
ШЫМКЕНТТЕ ТІЛЕНШИН КӨШЕСІНДЕГІ ЖАҢА АВТОКӨЛІК ӨТКЕЛІ АШЫЛДЫ
Бүгін Шымкент қаласының Тіленшин көшесінде теміржол үстінен салынған жаңа автокөлік өткелі техникалық тұрғыда ашылып, көлік қозғалысы іске қосылды.
Нысанның ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары қатысты. Тіленшин көшесіндегі теміржол учаскесі арқылы тәулігіне орта есеппен 59 пойыз өтеді. Бұған дейін пойыздардың қозғалысына байланысты теміржол өткелі 10–20 минутқа жабылып, көлік қозғалысының баяулауына және кептелістердің қалыптасуына себеп болатын. Жаңа автокөлік өткелінің іске қосылуы автомобиль және теміржол қозғалысын бір-бірінен бөліп, көліктің үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылуда. Тіленшин көшесіндегі өткел – биыл техникалық тұрғыда іске қосылған екінші автокөлік өткелі. Қаңтар айында Момынов көшесіндегі жаңа автокөлік өткелі пайдалануға берілген болатын.
Қазіргі уақытта өткел аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Жаңа нысанның іске қосылуы іргелес көшелердегі көлік қозғалысын жақсартып, тұрғындардың жол жүру уақытын қысқартуға және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді..
2026 жылдың 14 тамызынан бастап Шымкент қаласында «Алаш базары – „МЖК“ аялдамасы» бағыты бойынша қатынайтын №72 тұрақты қалалық автобус бағытының жылжымалы құрамы толық жаңартылды.
Жаңартылған бағытқа 2026 жылы шығарылған 17 жаңа заманауи автобус берілді.
Жаңа автобустар инклюзивтілік талаптарына сәйкес келеді. Олар мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен бала арбасы бар жолаушыларға арналған төмен еденді платформалар және пандустармен, сондай-ақ аға буын өкілдеріне арналған арнайы орындармен жабдықталған.
🔹 Шымкентте қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары жалғасуда!
🔹 Шымкент қаласындағы Қазиев көшесінің Арғынбеков көшесінен Төлеметов көшесіне дейінгі жалғасы толық аяқталып, пайдалануға берілді.
🔹 Жоба аясында 4 жолақты автомобиль жолы салынып, жол жиегіне ирригациялық жүйе орнатылды. Сонымен қатар, жол инфрақұрылымы мен аббаттандыру жұмыстары толық орындалды.
🔹 Жаңа жол солтүстік бағыттағы көлік кептелісін азайтып, қозғалысты жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Бәйдібек би даңғылына балама бағыт қалыптастырады.
🔹 Жолдың іске қосылуы Ақжайық және Шымсити шағынаудандары тұрғындарының қала орталығына қатынауын жеңілдетіп, көлік қозғалысының қолайлылығын арттырады.
🔹 Шымкентте 2026-2027 жаңа оқу жылына дайындық аясында мемлекеттік 162 мектептің маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінің жол таңбалары жаңартылып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етілуде.
🔹 Мұндағы негізгі мақсат – мектептердің маңында жайлы орта қалыптастырып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
🔹 Сонымен қатар, мектеп маңындағы жол қозғалысын реттейтін белгілер тиісті талаптарға сәйкестендірілуде.
🔹 Жаңа оқу жылына орай оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау бағытындағы мұндай жұмыс алдағы уақытта жалғаса береді.
🔹 Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік!
Шымкент қаласында жолаушылар тасымалдаудың сапасын арттыру жұмысы кезең-кезеңімен атқарылуда. Басты мақсат – тұрғындарға қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи қызмет ұсыну.
Осы орайда №42 және 70 бағыттарда жаңа Yutong маркалы автобустар қатынай бастады. Жаңа қоғамдық көліктердің саны резервтік құрамды қоса есептегенде – 30 автобус.
Жолаушылар сыйымдылығы 65-85 адамға дейін жететін автобустар экологиялық таза газ-метанмен жұмыс істейді. Техникалық сипаттамалары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
Қазақстанда жасалған жаңа көліктер желдеткіш жүйелерімен, электронды бағыт көрсеткіштерімен, GPS бақылау жүйесімен, алты бейнебақылау камерасымен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған механикалық пандуспен жабдықталған және жүргізушінің орны қоршалған.
Айта кетейік, Қайтпас шағынауданы – Теміржол вокзалы сызбасындағы №42 бағытта – 12 автобус, ал Қайнарбұлақ шағынауданынан «Гипер Хаус» орталығына дейін қатынайтын №70 бағытта 14 автобус қызмет көрсетеді.
Қала әкімдігі тарапынан саладағы бәсекелестікті арттыруға, жаңа тасымалдаушы компанияларды жұмылдыруға және қызмет сапасын жүйелі түрде арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар қабылдануда. Бұл өз кезегінде жолаушылардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық көлік инфрақұрылымын халықаралық талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі