Ақпарат
Шымкент қаласының дамуы жолында жол инфрақұрылымы мен жолаушылар көлігі саласын өркендету міндеттеріне үлкен жауапкершілік жүктелген. Аталған салаларда 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылдың жоспары, сондай-ақ өзекті мәселелері бойынша баяндауға рұқсат етіңіздер.
1. ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
Өткен жылы жүргізілген көше-жол желісін паспорттау және диагностикалау нәтижесіне сәйкес Шымкент қаласы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы - 3 899,5 шақырымды (6714 көше) құрайды. Оның ішінде:
Асфальтобетонды жабындысы – 2 847,6 шақырым;
Шағал тас – 564,4 шақырым;
Топырақ жолдар – 487,5 шақырым.
2024 жылы жол саласында атқарылған жұмыстар нәтижесінде жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 71%-дан 75%-ға жеткізілді. Аталған көрсеткішті 2025 жылдың қорытындысымен 79% жеткізу көзделген.
2024 жылы құрылыс, қайта құру және жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 233,0 шқ жол немесе 310 көше пайдалануға берілген.
Оның ішінде 2024 жылы құрылыс, қайта құру жұмыстарымен 20 нысан немесе 59,5 шақырым қамтылып, жыл қорытындысымен 6 нысан 23,1 шақырым жол пайдалануға берілді.
2025 жылы жалпы ұзындығы 40,8 шақырымды құрайтын 15 нысанда жол құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылмақ.
Негізгі көлік инфрақұрылымын дамыту барысында атқарылып жатқан жобаларға тоқталып өтетін болсақ:
Қонаев даңғылының жалғасының құрылысының жалпы ұзындығы 16,3 шақырымды құрайды. Жоба Түркістан көшесінен басталып Оңтүстік айналма жолы аралығын қамтиды және 6 кезеңнен тұрады, Бүгінгі таңда жұмыстар 1,3,4 кезеңде аяқталған. Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары қалған 2, 5 және 6 кезеңде жүргізілуде, 2 және 6-кезеңдерді аяқтау 2025 жылға жоспарланған, 5-кезең 2026 жылы аяқталатын болады.
Аталған нысан Республика даңғылына баламалы жол болып табылады, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін көлік ағыны Қонаев даңғылына бөлінеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, Республикамыздың Оңтүстік-Шығыс, Батыс өңірлеріне және Түркістан облысына негізгі көлік ағыны және транзиттік жүк көліктері А-2 автомобиль жолы арқылы қатынайды. Қайта құрудан өтіп жатқан А-2 автомобиль жолының жалпы ұзындығы - 28,2 шақырым. Жоба Ташкент бағытына шығатын жол айрықтан басталып Батыс Қытай-Батыс Еуропа көлік дәлізі аралығын қамтиды және 8 кезеңнен тұрады. Бүгінгі таңда жұмыстар 1, 2, 3, 4 кезеңдерде аяқталған. Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары қалған 5, 6, 7, 8 кезеңдерде жүргізілуде, оның ішінде 6, 7, 8 кезеңдерді аяқтау 2025 жылға жоспарланған, 5-кезең 2026 жылы аяқталатын болады.
Аталған жобаны іске асыру барысында қала аумағындағы көлік кептелістері мен магистралдық көшелердің асфальт төсемінің бұзылуы секілді мәселелер оңтайлы шешіледі.
Бәйдібек би даңғылындағы (Зообақ-Бозарық айналма жолы аралығы) кептелістерді жою мақсатында Алтынсарин көшесінің жалғасының (Төлеметов көшесінен Тұран шағын ауданы аралығы) құрылысы атқарылуда. Жобаның ұзындығы 2,3 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарланған.
Одан бөлек, Жандосов көшесінің жалғасын салу (Адырбеков-Сасбұқаев көшесі аралығы), ұзындығы – 400 метр және Асар – Шымсити шағын аудандарын қосатын жол құрылысы (Түркия көшесі мен А-2 жолын байланыстырады), ұзындығы -1,1 шақырым. Аталған 2 нысан да ағымдағы жылы пайдалануға берілетін болады.
Қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуда өткелдер салу маңызды болып, көлік кептелесінің азайтуға септігін тигізеді. Ағымдағы жылы 2 теміржол өткелінің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Тленшин және Момынов көшелеріндегі теміржол өткелдерінің құрылысы. Бұл маңызды нысандарды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Теміржол өтпелдерінің құрылысы аяқталған кезде қаланың Шығыс бөлігіне теміржол өткелінен кедергіз көлік қатынасына мүмкіндік береді.
Күрделі жөндеу жұмыстары
2024 жылы күрделі жөндеу жұмыстарымен 3 нысан (1 көпір, 2 жол немесе 17,1 шақырым) қамтылып, жыл қорытындысымен 1 көпір пайдалануға берілді.
2024 жылы басталған 2 нысан, яғни 17,1 шақырымды құрайтын Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелері және Ю.Сареми, Жаңақұрылыс көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жұмыстарды аяқтау 2025 жылға жоспарланған.
Орташа жөндеу жұмыстары
- 2024 жылдан ұзындығы 209,9 шақырымды құрайтын 304 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 247 көше 167,1 шақырым пайдалануға берілді. Қалған нысандар 2025 жылға өтпелі болды.
- 2025 жылы ұзындығы 161,2 шақырымды қамтитын 252 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
2024 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында 181 көше жалпы 79,3 шақырым жолға асфальтбетон қабаты төселді. Бұл жұмыстар жол инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Күтіп-ұстау жұмыстары (қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру)
Бағдаршам: 2024 жылы Шымкент қаласындағы көшелерде қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында жалпы 46 орынға бағдаршам нысаны орнатылды. Шымсити және Тұран ш/а 32 орынға, қаланың басқада көшелеріне 14 орынға. 2025 жылы Шымсити және Тұран ш/а 6 орынға, қаланың басқада көшелеріне 25 орынға бағдаршам нысанын орнату жоспарланған.
Жаяу жүргіншілер өткелін жарықтандыру (С-5): Жалпы қала аумағында реттелмейтін 487 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Жаяу жүргіншілер өткелін қосымша жарықтандыру құрылғысын орнатуды қажет етеін, көлік ағыны жоғары 200 орын анықталған. Қажеттелік бойынша 2024 жылы 50 орынға жаяу жүргіншілер өткелдеріне қосымша жарықтандыру құрылғылары орнатылып, 2025 жылы 100 орынға орнату жоспарланған.
Жол белгілер орнату және ауыстыру: 2024 жылы қала көшелерінде жалпы 6000 дана жол белгілер орнатылып, ескірген жол белгілер ауыстырылды. 2025 жылы 6 000 дана жол белгілерді ауыстыру және орнату жоспарланып, жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар, мектеп, балабақша, емхана және т.б. орындарда қауіпсіз жол қозғалысты ұйымдастыру мақсатында 1 200 метр жасанды жол кедергі орнатылды. 2025 жылы 1 200 метр жасанды жол кедергі орнату жоспарланды.
Көше жарықшамдарын орнату: 2024 жылы 1238 көшеге көше жарықшамдарын орнату жұмыстары атқарылып іске қосылды. Жалпы 2024 жылдың қорытындысы бойынша қала көшелері 51,7% жарық шамдарымен қамтылған. 2025 жылы 100% көше жарық шамдармен қамту жоспарлануда.
Шұңқырларды жамау: 2024 жылы қала көшелерінде шұңқырларды жамау жалпы 420 000 м2 атқарылды. 2025 жылы 400 000 м2 шұңқырларды жамау жұмыстарын атқару жоспарлануда.
Ирригациялық арық орнату: 2024 жылы қала көшелерінің бойында су басу қауіпі бар немесе су жиналатын 103 орынға 54,3 шқ ирригациялық арық жүйесі орнатылды. Су басу қауіпінің алдын алу мақсатында 2025 жылы 50 орынға 23 шқ ирригациялық арық орнату жұмыстары жоспарланып, бүгінгі таңда бастау алды.
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК САЛАСЫ
Бүгінгі таңда 80 тұрақты маршруттарда күнделікті
949 автобус жолаушыларды тасымалдауда, оның ішінде
79 маршрут әлеуметтік маңызы бар маршрут деп айқындалған.
Аталған маршруттарға 11 көлік компаниясы қызмет көрсетуде.
Жалпы көліктердің саны 1120 бірлікті құрайды, оның ішінде 44 автобус 3 жылға дейін, 1060 автобус 5 жылға дейін және 7 жылдан асқан 16 автобус.
Маршруттарда қызмет көрсететін автобустардың 100% GPS треккерлермен жабдықталған.
Қолданыстағы 615 автобус отын ретінде сығымдалған
газ-метанды, 505 автобус дизель отынын пайдаланады.
2024 жылы атқарылған жұмыстар
- Әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға өткен жылы жергілікті бюджеттен 35,9 млрд. теңге бөлінді, қаржы толығымен игерілді (2025 жылға – 42,7 млрд. тг).
- Түзілген шарттардың талаптары негізінде, тасымалдаушылар тарапынан қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары жалғасып, 2024 жылы 19 жаңа автобус сатып алынды.
- Тасымалдаушы компаниялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында, жасалған шарт талаптарына бір қатар толықтырулар мен өзгерістер енгізілді:
- Критериялардың бағалау шкаласында айыппұл көрсеткіші 1,5%-дан 3%-ға дейін ұлғайтылды;
- ҚР Ұлттық Стандарт талаптарын сақтау;
- Автобустардың аялдамаға тоқтауы және аялдамадан тыс жолаушыларды отырғызбау/түсірмеу;
- Автобустардың аялдамаға 15 минуттан артық кешікпеу/ерте келмеу.
Жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда, балдық жүйемен көрсетілетін қызметтерді бағалау критерийлеріне сәйкес, әр маршрут бойынша айыппұл санкциялары түріндегі шаралары қаралады.
Өткен жылы келісім-шарт талаптарын сақтамағаны үшін тасымалдаушыларға 11 579 акт толтырылып, айыппұл есебінен үнемдеу 760 млн. тг құрады, ал қозғалыс жиілігінің сақталмауы есебінен 2,3 млрд. тг үнемделді.
Сонымен қатар, билетсіз жолаушыларды тасымалдаған жүргізушілерге 3004 акт толтырылып, Шымкент қаласы бойынша көлік бақылау инспекциясымен түзілген хаттамаларға сәйкес 8,6 млн. тг айыппұл өндірілді.
- Қала тұрғындарының көптеген сұраныстарын зерделеу және талдамалық жұмыстар жүргізу нәтижесінде (маршруттардың сызбалары мен кестелеріне) маршруттар оңтайландырылып, қосымша маршруттардың жұмысы ұйымдастырылды, атап айтқанда:
- «Тұран», «ШымСити», «Нұртас», «Ақжайық» шағын аудандары арқылы қатынайтын №3 жаңа айналма маршрутты, «Оңтүстік» шағын ауданындағы Бөгет, Қамысты, Баян батыр көшелерімен №4 жаңа маршрутты және «Нұрсәт» шағын ауданы мен «Сайрам» тұрғыналабын байланыстыратын №207 маршруттың жұмысы ұйымдастырылды;
- 33 маршруттың қозғалыс сызбаларына өзгерістер енгізілді;
- жолаушылар ағынының өсуіне байланысты,
20 маршруттың қозғалыс кестелері ұлғайтылды;
- 9 маршруттың жұмысы сағат 23:00-ге дейін ұйымдастырылды.
- Қала тұрғындары мен ұйымдардың көптеген өтініштерін есепке ала отырып, 2024 жылдың 1 мамырынан бастап қоғамдық көлікте жеңілдікке ие азаматтар санаты 6-дан 14-ке дейін артты. Жалпы жеңілдікпен 319 мың адам қамтылуда.
- Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлеңкелі ақша айналымын заңдастыру үшін өткен жылдың қазан айынан бастап қолма-қол төлеу жүйесін жойып, төлемдер тек электронды түрде жүргізілуде.
- Қаланың көлік-транзиттік инфрақұрылымын дамыту мақсатында екі ірі жоба жүзеге асырылды, атап айтқанда:
- Шымкент әуежайының жаңа терминалы құрылысы аяқталып, жолаушылар өткізу қабілеті 10 есе (сағатына 200 адамнан 2000 адамға дейін) өскен терминал қолданысқа берілді;
- Шымкент темір жол вокзалының қайта құру жұмыстары жүргізіп, жолаушылар өткізу қабілеті 2000 жолаушыдан
6500 жолаушыға артқан вокзал қайта пайдалануға берілді.
Аялдама орнату
Қала аумағында жалпы саны 2395 аялдама орны бар. Оның ішінде:
- 20 (темір конструкциялы) және 22 (шыны конструкциялы) жаңа типтегі аялдаманың жалпы саны 1715. Оның 877 данасы 2024 жылы орнатылды (20 тип – 677, 22 тип - 200).
- аялдама орнату мүмкіндігі жоқ, тек аялдама белгілері орнатылған аялдамалар – 342 дана, коммерциялық нысандағы аялдамалар – 38 дана;
- ауыстыруға жататын аялдамалардың жалпы саны
300 дананы құрайды. Бұл бағытта алмастыру жұмыстары бастау алды.
Сонымен қатар, қала орталығындағы 600 дана аялдама павильонына атау беріліп, жарықтандырылды. Ал 532 дана аялдамаға маршруттың қозғалыс сызбалары мен кестелері туралы анықтама орнатылды.
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӘНЕ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ
Тұрғындарды қоғамдық көлікпен қамту
Бүгінгі таңда қала тұрғындарынан қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету бойынша көптеген өтініштер түсуде, яғни, қосымша маршруттың жұмысын ұйымдастыру, автобустардың жетіспеушілігі немесе уақтылы жүрмеуі, қоғамдық көліктерді жаңарту және т.б.
Шымкент қаласының Бас жоспарына енгізілген өзгерістерге және қала аумағында жол-инфрақұрылымының, жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарқынды дамуы және ірі өндірістік аймақтардың ашылуына байланысты, 2020 жылы бекітілген жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасымен қаралған маршруттық желіні оңтайландыру қажеттілігі туындап, 2025 жылы жаңа кешенді схемасын әзірлеу жоспарлануда және жергілікті бюджеттен 109 млн. теңге қаралды.
Бұл ретте, жаңа маршруттық желіні әзірлеу барысында, қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен барынша қамту, жолаушылар ағыны мен автомобиль жолдарының жай-күйі және оларды жайластыру жол қозғалысы қауіпсіздігінің талаптарына сәйкестігіне қарай қозғалыс сызбаларын өзгерту және маршруттағы автобустар санын көбейту мүмкіндіктері қарастырылатын болады.
Қоғамдық көліктерді жаңарту
Оған қоса, жылжымалы құрамның жаңарту жұмыстары жалғасын табады. Ағымдағы жылы тасымалдаушылар тарапынан 205 жаңа автобустарды сатып алу көзделуде, оның ішінде газ метанды пайдаланатын 180 автобус және 25 шағын автобус.
Аталған автобустар ескірген, талаптарға жауап бермейтің автобустардың орнына ауыстырылады және жаңа маршруттарда қызмет көрсетеді.
Автомобильды газ толтыру станцияларын салу (АГТС)
Шымкент қаласы бойынша метан газын тұтынатын автобустардың жалпы саны 590 бірлікті құрайды, олар қаладағы екі газ құю станциясынан (АГЖҚС) құйылады. Газ құю станцияларының қуаттылығы газды уақытылы құюға мүмкіндік бермейді және осыған байланысты бірқатар маршруттардағы автобустар қосымша газ құю үшін бағыттан шығуға мәжбүр және осы салдарынан автобустардың қозғалыс интервалы бұзылуда.
Аталған мәселені шешу үшін және автобустарды газ-метанмен толық және үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында «Shymkent Bus» ЖШС автопаркінің аумағындағы үшінші газ станциясын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, қаланың солтүстік аумағында (Боз арық шағын ауданы) қосымша АГТС салу бойынша «АГНКС Қазақстан» ЖШС-мен алдын ала келіссөздер жүргізілуде.