Автомобиль көлiгi туралы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі N 476 Заңы.
МАЗМҰНЫ
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "почта", "почтаны", "Почтаны" және "Почта" деген сөздер тиісінше "пошта", "поштаны", "Поштаны" және "Пошта" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 03.07.2014 № 230-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
Осы Заң автомобиль көлiгi саласында тасымалдаушылар, жолаушылар, жүк жөнелтушiлер, жүк алушылар, басқа да жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) авариялар мен апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі (бұдан әрі – шұғыл шақыру жүйесі) – шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерге Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар туралы қалыптасқан ақпаратты беруді қамтамасыз ететін, навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдары мен деректерін пайдалана отырып жұмыс істейтін мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйе;
1-1) автобус – жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, сегiзден астам отыратын орны бар, жолаушылар мен багажды тасымалдауға арналған автомобиль көлiгі құралы;
2) автовокзал - жолаушылар легi тәулiгiне бес жүзден астам адам болатын, жолаушыларға және автобустардың жүргiзушiлерiне қызмет етуге арналған және оған: жетпiс бестен астам адам сиятын күту залы және билет кассалары бар күрделi ғимарат, жүргiзушiлердi медициналық куәландыру және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету пункттерi, сақтау камералары, жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған перрон, автобустар тұратын алаң, автобустарды қарау посттары, диспетчерлiк пункттер және ана мен бала бөлмесi кiретiн, кемінде бес мың шаршы метр аумақта орналасқан құрылыстар кешенi;
2-1) автовокзалдар, автостанциялар және жолаушыларға қызмет көрсету пункттері көрсететін қызметтер – жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауды қамтамасыз етуге байланысты автовокзалдарда, автостанцияларда және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінде жеке және (немесе) заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет;
3) автокөлiк құралдарын техникалық пайдалану - автокөлiк құралдарын қауiпсiз пайдалануды ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар, техникалық әсер ету (диагностикалау, техникалық қызмет ету, жөндеу) кешенi;
3-1) автоматтандырылған өлшеу станциясы – метрологиялық салыстырып тексеруден өткен, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыратын, автоматты режимде жұмыс істейтін, автомобиль көлігі құралдарының түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмақтық және габариттік параметрлерін, осьтік жүктемелерін және жүру жылдамдығын тіркейтін сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдарының, аспаптар мен жабдықтардың зияткерлік көлік жүйесімен интеграцияланған кешені;
4) автомобиль көлiгi – қызмет аясы автокөлiк құралдары мен инфрақұрылымды пайдалана отырып, жолаушылар, багаж, жүктер мен пошта жөнелтілімдерін тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру болып табылатын экономика саласы;
5) автомобиль көлігі инфрақұрылымы – тасымалдау процесінің үздіксіздігін, сондай-ақ автокөлік құралдарын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін құрылыстар (автовокзалдар, автостанциялар, жолаушыларға қызмет көрсету пункттері, жүк терминалдары, автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу станциялары (шеберханалары), автокөлік құралдарын сақтауға арналған құрылыстар) кешені;