Арендалық тұрғын үй
Арендалық тұрғын үй кезегіне тіркелу талаптары:
- тұрғылықты мекен-жайы Шымкент қаласында 3 жыл болуы;
- иеліктерінде соңғы бес жыл көлемінде тұрғын үй тіркелмеуі.
ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74 бабының талаптарына сәйкес, азаматтар тұрғын үймен тек кезек ретімен қамтылады.
Кезекке тіркелу үшін келесі санаттардағы Қазақстан Республикасының азаматтары өтініш білдіре алады:
- Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
- Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;
- Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы:
- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
- 1 және 2 топтағы мүгедектер;
- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
- жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
- оралмандар;
- экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
- мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
- толық емес отбасылар;
- Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер;
- ҚР жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар.
Тұрғын үй алу тізіміне тіркелу үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе www.Еgov.kz сайты арқылы тапсыра алады.
Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020 − 2025 жылдарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес:
Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай 5 жыл мерзімге келесідей шарттармен:
- Жұмыс істейтін және 29 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматы болса;
- ай сайынғы табысы 40 АЕК (106 040 теңге, 2020 жылға) кем емес болуы;
- тұрғылықты мекен-жайы Шымкент қаласында екі жыл болуы;
- иеліктерінде соңғы екі жыл көлемінде тұрғын үй тіркелмеуі;
Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз тұрғын үй алу үшін қажетті құжаттар тізімі:
- нысан бойынша өтініш;
- өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқа жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
- білімі туралы құжаттың көшірмесі;
- неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
- балалардың туу туралы куәлігінің (терінің) көшірмесі (бар болса);
- өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
- жұмыс орнынан анықтама;
- өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама;
- Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;
- банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді;
- өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса).
Уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының интернет-ресурсында өтініштерді қабылдаудың басталу және аяқталу күнін көрсете отырып, жұмыс істеп жүрген жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы хабарландыру жариялайды.
Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган 5 (бес) жұмыс күні ішінде құжаттардың толықтығын және олардың осы Қағидалардың 4, 5-тармақтарына сәйкестігін тексереді.
Өтініш беруші осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, өтініш берушіге 1 (бір) жұмыс күні ішінде жоқ құжаттарды қосымша ұсынуға мүмкіндік беріледі.
Өтініш беруші осы Қағидалардың 4, 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды беруден жазбаша түрде бас тартады.
Уәкілетті орган 10 (он) жұмыс күні ішінде балдарды есептейді және ең көп балл саны бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды алуға үміткерлердің тізімін қалыптастырады.
Балдарды есептеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады:
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы №746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті орган бекіткен арықта 100 (жүз) сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне сәйкес кәсіпті меңгерген өтініш берушіге -10 балл;
- отбасы болған жағдайда - 5 балл,
- некеде тіркелген әрбір жылы үшін - 2 балл;
- 1 (бір) бала болған жағдайда - 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін - 2 балл;
- жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жыл - 5 балл, әрбір жыл үшін - 1 балл;
- өтініш берушінің түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда - 2 балл;
- бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін (мемлекеттік мекемелерде мен мемлекеттік кәсіпорындарда) - 5 балл, өтілінің әрбір жылы үшін - 1 балл;
- екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың әрбір жылы үшін - 2 балл.
Балдар тең болған жағдайда өтініш берген күннен бұрын өтініш берген үміткерлер басымдыққа ие болады.