Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020 − 2025 жылдарға
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес:
І. Тұрмысы төмен отбасыларға «2-10-20» шарттары бойынша
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісімен несие беру
Несие шарттары:
жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 2%;
бастапқы жарна 10 %-дан кем емес мөлшерде;
несие мерзімі 20 жыл;
Бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігін жергілікті атқарушы орган беретін тұрғын үй сертификатымен жабуға болады.
Несие беру талаптары:
қарыздың нысаналы мақсаты – бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үй сатып алу. Шымкент қаласында тұрғын үй сатып алу кезінде ең көп қарыз сомасы – 15 млн. теңгеден аспайды;
кепілдікті қамтамасыз ету – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі талаптарына сәйкес келетін сатып алынатын тұрғын үй не өзге мүлік.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар:
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар;
толық емес отбасылар;
мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасы санаттары бойынша Бағдарламаға қатысушылар бола алады.
Қатысуға қойылатын негізгі талаптар:
Қазақстан Республикасының азаматтығы;
соңғы 6 (алты) айда еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген шамасынан аспайтын табысының болуы;
неке бұзылған сәттен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі (толық емес отбасылар үшін);
төлем қабілеттілігін растау;
жергілікті атқарушы органның «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көзделген санаттарға қатысушылар бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамның есепке қойылуын және тұрғын үйге мұқтаж адамның мәртебесін растауы.
Уәкілетті орган өңірлер бойынша кредит беру лимиттерін кезектегілердің саны мен қарыздың ең жоғары сомасының мөлшеріне қарай барабар бөлуді көздеп отыр.
Жергілікті атқарушы орган кезекте тұрғандардың мәртебесін тексеру арқылы Бағдарламаға қатысушыларға жеке тізімдерге сәйкес кезектілік тәртібімен және уәкілетті орган белгілеген лимиттер шеңберінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісіне ұсыну үшін жолдама береді.
Қажетті құжаттардың тізбесі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінің ішкі құжаттарымен айқындалады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісі осы бағытқа қатысушыларға қатысты қарыздарды ресімдегені үшін комиссия алмайды.
«2-10-20» бағыты аясында өтініштерді қабылдау мерзімі Шымкент қаласы әкімдігінің www.shymkent.gov.kz ресми сайтына, әлеуметтік желілерде (@upravleniezhilya) және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында (телевидение, газет) хабарланады.
ІІ. Бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін жұмыс істейтін азаматтарға
екінші деңгейлі банк арқылы тұрғын үй кредитін «7-20-25» бойынша беру
Несие шарттары:
жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 7%;
бастапқы жарна 20 %-дан кем емес мөлшерде;
несие мерзімі 25 жыл.
Бұл бағыт бойынша несиелендіру үшін екінші деңгейлі 8 банк жұмыс атқаруда. Олар: «Банк Центр кредит», «Еуразиялық Банк», «АТФ банк», «Jysanбанк», «Банк RBK», «Қазақстан Халық Банкі», «Forte Bank», «Сбербанк».
Несие беру талаптары:
қарыздың нысаналы мақсаты – бастапқы тұрғын үй сатып алу;
тұрғын үйді сатып алу кезінде ең жоғарғы қарыз сомасы – 25 млн.теңгеден аспайды;
Екінші деңгейдегі банктердің «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздар беру шарттары мен екінші деңгейдегі банктарға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының тиісті қаулысымен регламенттеледі.
«7-20-25» ипотекалық бағдарламасына қатысушылар мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін азаматтар болып табылады:
еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 шамасынан жоғары табысының болуы, ол банктің қалауы бойынша мынадай құжаттардың бірімен расталады:
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы алты айдағы жеке зейнетақы шотынан үзіндісі;
жұмыс орнынан соңғы алты айдағы табысы туралы анықтама;
соңғы салық кезеңі үшін қарыз алушы – жеке тұлғаның жеке табыс салығы бойынша салық декларациясы;
Екінші деңгейдегі банктардың ішкі құжаттарына сәйкес ипотекалық тұрғын үй қарызының шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерін орындауға мүмкіндігінің бар екенін көрсететін өзге құжаттар;
ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша және кредиттік бюроның кредиттік есебімен расталған өзге де тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешектің болмауы;
мыналарды:
отбасының әрбір мүшесіне пайдалы ауданы 15 (он бес) шаршы метрден кем жатақханадағы бөлменің болуын;
Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерінде белгіленген тәртіппен авариялық деп танылған тұрғынжайды қоспағанда, құқықтық кадастрдың мәліметтерімен расталған Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрғын үйінің жоқ екенін растау.
Ипотекалық тұрғын үй қарызын бергенге дейін екінші деңгейдегі банктер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және банктің ішкі құжаттарына сәйкес қарыз алушының және қосалқы қарыз алушының (бар болса) кредит қабілеттілігін бағалауды жүзеге асырады.
Ипотекалық тұрғын үй қарызын беру туралы шешімді екінші деңгейдегі банктар өзінің ішкі құжаттарына сәйкес қабылдайды.
«7-20-25» ипотекалық бағдарламасын іске асырудың өзге мәселелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының тиісті қаулысымен реттеледі.
Төлем қабілеттілігіңіз жеткілікті болған жағдайда өзіңіз үй таңдап банктерге барып несие рәсімдеуіңізге және жергілікті атқарушы орган тарапынан берілетін кредиттік тұрғын үйлер бойынша өтініш қабылдау басталғаны туралы хабарлама Шымкент қаласы әкімдігінің www.shymkent.gov.kz ресми сайтына, әлеуметтік желілерде (@upravleniezhilya) және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында (телевидение, газет) жарияланған күннен бастап өтінім тапсыруыңызға болады.