КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ  МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Мәжілісте Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев 2024 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Мәжілісте басқарма басшысы Әзіл-ысқақ және сатира театры мен Опера-балет театрының ғимарат мәселесі, Салт-дәстүр орталығын «Түркістан» сарайына көшіру мәселесі, қолөнершілерді қолдау, мемлекеттік наградаларға үміткерлерді ұсыну, Үрмелі аспаптар оркестрін құру, қызметкерлердің жалақы мәселелері сияқты бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Ал Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппаркұлова «Мәдениет пен өнер тынысы» тақырыбында баяндамасын ұсынып, кітапхана мен мәдениет саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Алқа мәжілісіне төрағалық еткен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы мәжілісті қорытындылай келе, басқарма басшысына қатысты сын-пікірін айтып, қала мәдениетін дамытуға бағытталған бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Олардың қатарында мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер саласы бойынша жұмыстарды жалғастыру, дәстүрлі өнеріміз ән, күй, жырды дәріптеу бойынша нақты іс-шаралар жобасын дайындау, эстрада, вокал жанры бойынша арнайы конкурстар ұйымдастыру, Республикалық романс әндерінің байқауын өткізу, Шымкент қаласында дәстүрлі түрде өтетін күміс көмей, күміс домбыра, күміс қалам конкурстары мен драматургтар фестивалін ұйымдастыру, суретшілер арасында конкурс өткізу, қаладағы тарихи-мәдени мұра нысандары мен ескерткіштер бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жыл соңына дейін аяқталуын қамтамасыз ету және ономастика саласы бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Мәжіліс барысында Сәрсен Абайұлы театрлардағы репертуар саясатын жетілдіру, Шымкент қаласындағы жаңа мұражайлар мен мұражай бірлестігін құру, 2025 жылы Салт-дәстүр орталығы мен опера-балет театрының жаңа ғимараттарының құрылысын бастау мәселелеріне де кеңінен тоқталып өтті. Жиын барысында мәдениет саласындағы маман тапшылығы мен театрлардың музыкалық аспаптары мен сахналық киімдері мәселелері де кеңінен талқыланды.

Жиын соңында Сәрсен Абайұлы 6-11 қараша аралығында Шымкент қаласында өткен Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалінің өтуіне ат салысқан мекеме басшыларын арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.

Жиынға басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет қызметкерлері мен ардагерлері, қалалық ономастика комиссиясы мүшелері, мәдениет және білім беру саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.