
ШЫМКЕНТТЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ IX ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ🎭
6-11 қараша күндері Шымкент қаласында өткен бұл фестиваль биыл Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық театрының 95 жылдығына арналды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан және Қазақстан театрлары қатысып, 9 үздік қойылым өзара бақ сынады.
Фестивальде қазылар алқасы ұсынылған 9 қойылымды тамашалап, оларды мұқият сараптаудан өткізді. Нәтижесінде, жоғары кәсібилік танытқан қатысушы театрлардың жұмыстары әділ бағаларын алды.
Орта Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалінде үздік актерлер мен спектакльдер марапатталды.
Жеңімпаздардың тізімі келесідей:
Үздік эпизодтық ер адам бейнесі – Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театрының «Лувр үйрегі» спектакліндегі Шал ролі үшін Базарбай Назарымбетов.
Үздік эпизодтық әйел адам бейнесі – Мемлекеттік «Учур» жастар театрының «Бетпе-бет» спектакліндегі Ана ролі үшін Бақытгүл Асанова.
Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі – Ғабдолла Тукай атындағы Әтнә мемлекеттік татар драма театрының «Қар астындағы қайнар бұлақ» спектакліндегі Әке ролі үшін Марат Хабибуллин.
Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі – «Дийдор» мемлекеттік жастар эксперименталды театр-студиясының «Сайқымазақтар ойыны» спектакліндегі Айхан ролі үшін Севинч Курбонова.
Үздік ер адам бейнесі – Алания қалалық театрының «Шал мен теңіз» спектакліндегі Шал ролі үшін Фират Онур Дениз.
Үздік әйел адам бейнесі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «Атжалман ғасыр» спектакліндегі Жанбике ролі үшін Мөлдір Зияева.
Үздік актерлік ансамбль – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектаклі.
Үздік режиссер – Мемлекеттік «Учур» жастар театрының «Бетпе-бет» спектаклі үшін Шамиль Дыйканбаев.
Үздік спектакль – Самарқанд облыстық музыкалық драма театрының «Ләйлі-Мәжнүн» спектакліне бұйырды.
Шарада ТҮРКСОЙ ұйымының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, доцент, аудармашы, сыншы Кемаль бей Гөз арнайы қатысып, Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының атынан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының бірқатар қызметкерлеріне алғыс хаттар, төсбелгілер және «Алтын Лашын» статуэткасын табыстады. Марапатталғандар қатарында театр артисі Азамат Сатыбалды, шығармашылық жөніндегі директор орынбасары, режиссер Елік Нұрсұлтан, театр артисі Зарина Кармен, экономикалық және құқықтық мәселелер бойынша директордың орынбасары Әлімбаев Ғани Ғалымұлы, сондай-ақ театр артисі Салтанат Бақаева бар.
Сонымен қатар Шымкент қаласы әкімі Сыздықбеков Ғабит Әбдімәжитұлының арнайы жүлдесімен Әзірбайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театры және Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры марапатталды.