Шымкент қаласының спортшысы Ибраһим Нұрмаханұлы Айчи–Нагоя Пара Азия ойындарында пара дзюдодан алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан қоржынына кезекті алтын жүлдені салды.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде J2 санаты бойынша өнер көрсеткен №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің спортшысы жарыс барысында жоғары спорттық шеберлігін, табандылығы мен жеңіске деген жігерін көрсетті.
Жарыстың алғашқы кезеңінде жеребе бойынша белдесуден босатылған Ибраһим Нұрмаханұлы екінші кездесуінде Тайпей спортшысы Чанг Шао-Хаоны таза жеңіспен ұтты. Жартылай финалда Жапония өкілі Сакурай Тетцуядан басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды.
Алтын медаль сарапқа салынған финалдық белдесуде отандасымыз 2026 жылғы әлем чемпионы, Өзбекстан спортшысы Кемран Нуралиевпен кездесті. Шешуші сәтте шеберлік танытқан Ибраһим қарсыласын иппон әдісімен жеңіп, Пара Азия ойындарының чемпионы атанды.
Бұл жеңіс – спортшының қажырлы еңбегі мен жүйелі дайындығының, сондай-ақ жаттықтырушыларының кәсіби қолдауының нәтижесі. Ибраһим Нұрмаханұлының жарқын жеңісі Шымкент қаласының спорт саласындағы жетістіктерін толықтырып, еліміздің халықаралық аренадағы абыройын асқақтатты.
Спортшыны айтулы жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда толағай табыс, биік белестер мен жаңа жеңістер тілейміз!
Тараз қаласында жекпе-жек ұлттық спорт түрінен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Шымкент қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Аталған жарыста қаламыздың спортшылары өздерінің шеберлігі мен дайындығының жоғары деңгейін дәлелдеп, төмендегідей нәтижелерге қол жеткізді:
* Құдайберген Нұрдәулет — 83 кг салмақ дәрежесінде II орын;
* Қыдырбай Заур — 61 кг салмақ дәрежесінде III орын;
* Райымбек Татибек — 66 кг салмақ дәрежесінде III орын;
* Әбдібай Айдын — 52 кг салмақ дәрежесінде III орын.
Чемпионат қорытындысы бойынша Шымкент қаласының спортшылары бір күміс және үш қола медаль иеленді.
Бұл жетістіктер — спортшылардың табанды еңбегі мен жүйелі дайындығының нәтижесі.
Шымкент қаласының спортшыларын және олардың жаттықтырушыларын лайықты жеңістерімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда толағай табыс, биік белестер мен жаңа жеңістер тілейміз!
Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Шымкент қаласының спортшылары ел мерейін үстем етіп, қоржынға бір алтын және бір қола медаль салды.
Құрлықтың басты спорт додасында шымкенттік спортшылар бірнеше спорт түрінен ел намысын қорғап, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Әсіресе, бокс пен еркін күрестен көрсетілген нәтиже көпшілік назарын аударды.
Бокстан 70 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған әлем чемпионы Төрехан Сабырхан жарыстың шешуші кезеңіне дейін сүрінбей жетті. Финалдық кездесуде ол Иорданиялық Зейад Ишаишпен жұдырықтасып, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша шымкенттік боксшы Азия ойындарының чемпионы атанып, алтын медальді қанжығасына байлады.
Төрехан Сабырхан Азиада барысында барлық қарсыласынан басым түсті. Ол 1/8 финалда Қатар спортшысы Мохаммед Дбичиді 5:0 есебімен жеңсе, ширек финалда Ирак өкілі Әли Касим Хамдан Әл-Сарайды бірінші раундта нокаутпен ұтты. Жартылай финалда Өзбекстан өкілі Шавкатжан Болтаевты 5:0 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды.
Финалдағы сенімді жеңісі Төреханның шеберлігі мен дайындығының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шымкенттік спортшының алтын медалі Қазақстан құрамасы үшін де айрықша мәнге ие. Төрехан Сабырхан ел қоржынына Азия ойындарындағы оныншы алтын жүлдені салды. Қазақстан боксшылары Азиадада бұған дейін алтын медальді 2014 жылы Инчхон қаласында иеленген болатын.
Ал еркін күрестен 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Начын Куулар қола жүлде үшін белдесуде Солтүстік Корея өкілі Ким Кван Жимен кездесті. Тартысты өткен бәсекеде шымкенттік балуан алғашқы сәттерде есеп бойынша есе жібергенімен, жекпе-жектің шешуші кезеңінде басымдықты өз қолына алды. Нәтижесінде қарсыласын 7:5 есебімен жеңіп, қола медальға ие болды.
Осылайша, Аичи-Нагоя төрінде өнер көрсеткен Шымкент спортшылары Қазақстан құрамасының жалпы жетістігіне өз үлесін қосты. Бір алтын, бір қола – қала спорты үшін маңызды нәтиже.
Төрехан Сабырханның Азия чемпионы атануы мен Начын Куулардың жүлдеге қол жеткізуі – жас спортшылар үшін үлкен үлгі. Бұл жеңістер Шымкентте спорттың дамуына, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтына қызығушылығын арттыруға және жаңа чемпиондардың қалыптасуына серпін беретіні сөзсіз.
Шымкенттік спортшылардың Азиададағы жеңісті жолы – ел спортының халықаралық аренадағы беделін арттырған айтулы жетістіктердің бірі.
10 қазан күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін веломарафон ұйымдастырылады.
Іс-шараның негізгі мақсаты — тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту, салауатты өмір салтын насихаттау және велосипедті күнделікті өмірде белсенді пайдалануға ынталандыру.
Веломарафонға қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ достарымен және отбасы мүшелерімен бірге қатысуға ниет білдірген барлық азаматтар шақырылады.
Қатысушыларды тіркеу сағат 07:00-де басталады. Веломарафонның ресми старты сағат 08:30-да Тәуелсіздік саябағында беріледі. Қатысушылар белгіленген бағыт бойынша қозғалып, жарысты «Атшабар» алаңында аяқтайды.
Іс-шараның негізгі уақыты мен орны:
📝 Қатысушыларды тіркеу — 07:00-ден бастап
🚴 Старт — 08:30
📍 Старт орны — Тәуелсіздік саябағы
🏁 Мәре — «Атшабар» алаңы
Веломарафон — таза ауада уақыт өткізіп, дене белсенділігін арттыруға және спорттық мәдениетті дамытуға бағытталған бұқаралық іс-шара.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын белсенді өмір салтын қолдауға және веломарафонға қатысуға шақырады.
10 қазанда веломарафонда кездескенше!
Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Шымкент қаласының спортшысы Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан күміс жүлдеге ие болды.
Қазақстандық зілтемірші 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, шеберлігі мен жігерін жоғары деңгейде көрсетті.
Нұрғиса жұлқа көтеру сайысында 177 келіні, ал серпе көтеруде 217 келіні бағындырды. Осылайша қос сайыстың қорытындысы бойынша 394 келі көтеріп, Азия ойындарының күміс жүлдесін еншіледі. Бұл салмақта Иран өкілі Али Алипур 398 келі (180+218) көрсеткішімен алтын медальға қол жеткізсе, Қытай спортшысы И Ту 384 келі (179+205) нәтижесімен қола жүлдегер атанды.
Нұрғиса Әділетұлының бұл жетістігі – Шымкент спорт мектебінің жоғары деңгейдегі спортшылар даярлау бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсететін маңызды белес.
Софья Берульцева Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына төртінші алтын медальді салды. Шымкенттік саңлақ каратэші кумитэ бағдарламасы бойынша 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды.
Жарыс жолындағы ширек финалда Софья Берульцева Сауд Арабиясының өкілі Дина Ахмед Мостафаны 9:6 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Шешуші кезеңге өту үшін Непал спортшысы Арика Гурунгпен кездесіп, 2:1 есебімен басым түсті.
Ал финалда спортшымыз Тайланд өкілі Манееван Буцуванды 8:0 есебімен ойсырата жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Осылайша Софья Берульцева Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті алтынды салып, Азия ойындарындағы чемпиондық атағын екінші рет қорғады.
Бұл – Софьяның Азия ойындарындағы қатарынан екінші алтын медалі. Бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында да 68 келіден жоғары салмақта чемпион атанған болатын.
Қостанай қаласында өткен «Спорт нашақорлыққа қарсы» республикалық спартакиадасында Шымкент қаласының медицина қызметкерлерінен құралған құрама команда жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды!
Спорт түрлері бойынша нәтижелер:
🏓 Үстел теннисі — І орын
🏆 Тоғызқұмалақ — командалық І орын
🏀 Баскетбол 3×3, қыздар — І орын
🏀 Баскетбол 3×3, ерлер — ІІ орын
🏐 Волейбол — ІІІ орын
Бұл — спортшыларымыздың табандылығы, ұйымшылдығы мен жеңіске деген жігерінің нәтижесі!Спорттық сайыста топ жарған медицина қызметкерлерін жарқын жеңістерімен құттықтаймыз! 🏆
Шымкенттік пара садақшылар Үндістанның Ахмедабад қаласында өткен пара садақ атудан Әлемдік пара сериясында ел намысын абыроймен қорғап, 1 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алды.
Бүгін Қажымұқан атындағы орталық стадион алдында халықаралық жарыстан жүлдемен оралған спортшыларды қарсы алу рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дарменов қатысып, спортшыларды айтулы жетістіктерімен құттықтады. Сондай-ақ, олардың алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.
Жарыстың командалық сайысында шымкенттік спортшылар Жанат Айтимова мен Айзада Сейдан жұбы қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді.
Ал жекелей сында Айзада Сейдан паралимпиада чемпионына небәрі бір ұпай айырмашылығымен есе жіберіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Жеңімпаз спортшыларға қалалық садақ ату федерациясының атынан 1 миллион теңгелік сертификат табысталды.
Спортшылардың жаттықтырушысы – Фуркат Закирұлы.
Дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында өткен Ел Біріншілігінде балуанымыз 3-орынға ие болды!
🔹60 кг салмақ дәрежесінде
🥉МИРТУРСУН ДИЛШОД
Cadets World Championships Guayaquil 2026 әлем чемпионатында Жанахмет Адия жүлделі II орынға ие болды.