Ел Президентiнiң 1997 жылғы 10 қазандағы "Қазақстан - 2030. Барлық қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының артуы" атты Қазақстан халқына Жолдауында ұзақ мерзiмдi басымдық ретінде ұлттық қауiпсiздiк айқындалды, оның құрамының бiрi ақпараттық қауiпсiздiк болып табылады.
Қоғам мен мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық және мәдени өмiрiндегi ақпараттық технологиялардың даму серпiнi ақпараттық қауiпсiздiк мәселелерiн шешуге жоғары талаптар қояды.
Мемлекеттiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету ақпарат алу саласында адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын iске асыруға қабiлеттi ұйымдастырушылық, техникалық, бағдарламалық, әлеуметтiк тетiктердi қамтитын кешендi көзқарасты пайдалануды, оны конституциялық құрылыстың мызғымастығын, Қазақстан Республикасының егемендiгi мен аумақтық тұтастығын, саяси, экономикалық және әлеуметтiк тұрақтылықты, заңдылық пен құқықтық тәртiптi қорғау мақсатында пайдалануды, ақпараттық қауiпсiздiк саласында өзара тиiмдi халықаралық ынтымақтастықты дамытуды талап етедi.
Қазақстан Республикасының ақпараттық қауiпсiздiк тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Конституциясының және "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiгi туралы" 1998 жылғы 26 маусымдағы, "Мемлекеттiк құпиялар туралы" 1999 жылғы 15 наурыздағы, "Терроризмге қарсы күрес туралы" 1999 жылғы 13 шiлдедегi, "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы, "Ақпараттандыру туралы" 2003 жылғы 8 мамырдағы, "Экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы" 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 18 тамыздағы N 163 Жарлығымен мақұлданған Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңiстiгiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн дамытудың 2006-2009 жылдарға арналған тұжырымдамасының негiзiнде әзiрлендi.
Сондай-ақ Тұжырымдаманы әзiрлеу кезiнде ақпараттық қауiпсiздiк саласындағы халықаралық тәжiрибе және 1999 жылғы 4 шiлдедегi Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң әскери саладағы ақпараттық қауiпсiздiк тұжырымдамасының ережелерi ескерiлдi.
Тұжырымдама ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында Қазақстан Республикасының бiрыңғай мемлекеттiк саясатын қалыптастыру мен iске асыру кезiнде негiз болып қызмет етедi, оның ережелерi Қазақстанның бiрыңғай ақпараттық кеңiстiгiн құру мен дамыту және ақпараттандыру саласында мемлекеттiк саясатты одан әрi жетiлдiру кезiнде ескерiлетiн болады.
Қазақстан Республикасының ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясат (бұдан әрi - мемлекеттiк саясат) ашық болып табылады және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актiлерiнде көзделген шектеулердi ескере отырып, қоғамның мемлекеттiк органдар мен қоғамдық институттардың ақпараттық қауiпсiздiк саласындағы қызметi туралы хабардар болуын көздейдi. Ол жеке және заңды тұлғалардың кез келген заңды тәсiлмен ақпаратты еркiн жасауға, iздестiруге, алуға және таратуға құқықтарын қамтамасыз етуге негiзделедi.
Мемлекет ақпараттық ресурстар меншiк объектiсi болып табылатынын, және ақпараттық ресурстардың меншiк иелерiнiң, иелерiнiң және өкiмдiк етушiлерiнiң заңды мүдделерi сақталған жағдайда оларды шаруашылық айналымға енгiзуге ықпал ететiнiн негiзге алады.
Мемлекет ұлттық телекоммуникациялық желiлер құруды және халықаралық ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге қабiлеттi қазiргi заманғы ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды және техникалық құралдарды дамытуды басым деп санайды.
Мемлекеттiк саясат, мемлекеттiк құпияларды қорғау саласын қоспағанда, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы монополиясына жол бермейдi.