Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетовтің «Шымкент қаласы мәслихаты төрағасының атқарған жұмыстарының есебі туралы» баяндамасы

Құрметті депутаттар!
Мәслихат өз өкілеттіктерін Конституцияға, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға, Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенті мен Үкіметінің актілеріне, сондай-ақ мәслихат регламентіне сәйкес жүзеге асырады.

Өз қызметінде мәслихат қоғамдық маңызы бар салаларда белгіленген мемлекеттік стандарттарды ұстанады, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

Құрметті депутаттар!

Өздеріңізге белгілі, сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласының мәслихаты өз өкілеттігін 2023 жылдың 30 наурыз күні өткен бірінші сессиядан бастап жүзеге асырып келеді.

Шымкент қаласы мәслихатында жалпы 32 депутаттың 16-сы бір мандаттық округтен, 16-сы партиялық тізіммен  сайланып, жұмыс жасауда.

Мәслихат жанынан «АMANAT», «Ақжол» және «Respublika» партияларының фракциялары құрылып, өңірлік даму, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде жүйелі жұмыс атқаруда.

Мәслихат үшін негізгі құжат, басымды бағыт мәслихаттың шешімімен бекітілген «Шымкент қаласының даму жоспары» болып табылады. 18 ұлттық индикатор мен 15 нәтижелі көрсеткіштен тұратын қаланың Даму жоспары еліміздің стратегиялық құжаттарында айқындалған басымдықтар мен көрсеткіштерді орындауға бағытталған.

Осы Даму жоспары мен партиялардың сайлауалды бағдарламаларының сапалы орындалуы мәслихаттың тұрақты бақылауында.

Даму жоспарында белгіленген индикаторлардың орындалу деңгейінің артуы - жергілікті атқарушы органдардың сапалы жұмысты ұйымдастыруының нәтижесінде деп айтуға толық негіз бар. 

Жоспар бойынша 2025 жылы 1 млн 382 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2024 жылмен салыстырғанда 16 мың шаршы метрге артты.

Жоспарға сәйкес бүгінгі таңда елді мекендер электр жүйесімен 100 пайыз, ауыз сумен 100 пайыз, табиғи газбен 98 пайыз, кәріз жүйесімен 70 пайыз қамтылды.

1 059 шақырым немесе 342 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жақсы жолдардың үлесі 75 пайыздан 95 пайызға артты.

2 291 көшеге жарықтандырылып, қаладағы жарықтандырылған көшелердің үлесі 100 пайызға жетті.

Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру объектілерін салу және реконструкциялау бойынша
8 нысанның құрылысы, Таскен шағын ауданында жайлы мектеп, Тұран шағын ауданындағы оқушылар сарайы, пайдалануға берілді.

Жалпы жылдың қорытындысымен қаланың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамикалық өсім қалыптасты.

Бұл көрсеткіштерге жергілікті атқарушы орган – әкімдік пен өкілді орган – мәслихаттың өзара үйлесімді жұмысының арқасында қол жеткізілді деп санаймын.

Құрметті сессияға қатысушылар!

2025 жылы Шымкент қаласы мәслихатының 9 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 90 шешім қабылданды.

Әр бір шешім қабылдауда депутаттар өз округінің өзекті мәселелерін, сайлауалды бағдарламасын және Даму жоспарын негізге ала отырып, ортақ мақсат - қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту, тұрғындардың хәл-жағдайын арттыру мен қолайлы орта қалыптастыру бағытында жұмыс атқаруда.

Қала әкімдігімен бірлесе отырып, көптеген күрделі мәселелерді шешудің оңтайлы жолын қарастырып, тиімді шешімдер қабылдануда. 

Атап айтқанда, қала бюджетін нақтылау, басқару схемасын бекіту, білім мен денсаулық сақтау саласын дамыту, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және оңалту, қала тұрғындарын баспанамен қамту, жылу маусымына дайындық, шеткі аймақтарды инженерлік-инфрақұрылымдық қамту және тағы басқа да маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Олардың бірқатары заңдар аясында қабылданған нормативтік құқықтық актілер.

Мысалы:

- Тұрғын үй сертификаттарын алаушылар санатының тізбесі қосымша әлеуметтік топтармен толықтырылды.

  • Ұлы отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер;
  • басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
  • асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жесір әйелдер (тұл ер адамдар) енгізілді.

 - Бизнеске қолдау көрсету мақсатында бөлшек салықтың арнайы салық режимінің мөлшерлемесі 4%-дан 2%-ға дейін төмендетілді;

- Қаладағы атауы жоқ 19 көшеге, 1 аллеяға атау (Ардагерлер аллеясы) берілді;

- Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін бір реттік төлемдердің мөлшерлемесі көбейтілді.

1)        Ауған соғысы ардагерлеріне 45-тен – 50 АЕК;

2)        ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 5-тен – 15 АЕК;

- Жеке қабылдауларда, кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді ескере отырып, тегін берілетін дәрілер тізбесіне 3 нозология бойынша дәрі-дәрмектер (Трастузумаб, Ритуксимаб, Равулизумаб) енгізілді.

 Құрметті сессияға қатысушылар!

Мәслихаттың қарауына ұсынылған әр бір шешім міндетті түрде алдын-ала тиісті тұрақты комиссияларда егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланды.

«Кеңесіп  пішкен тон келте болмас» демекші әрбір шешімді қабылдауда депутаттар арасында қызу пікірталас, талқылау орнайды. Кейбір мәселелер бойынша тиісті басқармалар бірнеше рет қайта тыңдалып жатады. Осылай ашық алаңда әбден пысықталып, кейіннен халық мүддесі үшін ортақ шешім сессияға шығарылады.

 Құрметті депутаттар!

Осы шақырылымның бірінші сессиясында өздеріңіздің қолдауларыңызбен мәслихат жанынан салалар бойынша 
6 тұрақты комиссия құрылған.   

Атап айтқанда,

- бюджет және экономикалық даму;

- инвестиция және қалалық жайлы ортаны дамыту;

- әлеуметтік-мәдени даму;

- құрылыс және инфрақұрылымды дамыту;

- кәсіпкерлікті дамыту және цифрландыру;

- жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиялар.

Осы 6 тұрақты комиссия есепті кезеңде 78 отырыс өткізіп, 90 мәселені қарады.

Мысалы, бір ғана жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясы қала әкімдігі ұсынған жер телімдерін мемлекеттік мұқтажы үшін иеліктен шығаруға сатып алу шарттарын келісу мәселесі бойынша 7 отырыс өткізіп, 279 нысан қарады. 19 нысан қайта зерделеу мақсатында кері қайтарылды.

Жыл басынан жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін қала бюджетінен 7,5 млрд теңге бағытталды.

Құрметті депутаттар!

2025 жылы қала бюджеті 3 рет нақтыланды. Нәтижесінде 2025 жылдың басында қала бюджеті 806,5 млрд теңге көлемінде бекітілсе, 3 нақтылаудан кейін 85 млрд теңгеге ұлғайып, 891,5 млрд теңгені құрады.

Жыл қорытындысымен жоспарланған бюджет қаржысы 99,4 пайызға игеріліп, республика бойынша өңірлер арасында төртінші орынға шығып отыр.  

Бұл да болса, әкімдік пен депутаттық корпустың үйлесімді жұмысының нәтижесі деп білемін.

Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады» деген сөзін негізге алып, жұмыс жүргізудеміз.

Құрметті сессияға қатысушылар!

Өздеріңізге белгілі, мәслихаттың негізгі функциясының бірі қала бюджетін бекіту, нақтылау болып табылады.

Өткен жылдың желтоқсан айында әкімдік ұсынған  2026 жылдың бюджет жобасы мәслихатта егжей-тегжейлі қаралды.

2026 жылдың бюджеті 818,4 млрд теңге көлемінде бекітілді. Жалпы бюджет шығыстарының басым бөлігі әлеуметтік салаға, яғни 53,0 пайызы, 438,5 млрд теңге қарастырылды.

Оның ішінде:

- білім беру саласына – 337,0 млрд теңге;

- денсаулық сақтау саласына – 21,4 млрд теңге;

- әлеуметтік көмекке – 43,3 млрд теңге;

- мәдениет және спорт салаларына – 37,6 млрд. теңге қаралды.

Даму бюджеті 56,6 млрд теңгені құрайды. Биылғы жылы 43 нысанның құрылысы, 13 нысанның ЖСҚ әзірленетін болады.

Депутаттар тарапынан сайлаушылардың талап-тілектері барынша ескеріліп, 2026 жылдың бюджетін қалыптастыру барысында жалпы сомасы 20,6 млрд теңгені құрайтын 30-дан аса депутаттық сауалдармен ұсыныс беріліп, қолдау тапты.

2026 жылдың бюджеті депутаттық сауалдардың нәтижесінде мынадай негізгі салаларға бағытталды:

-       инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына – 2,6 млрд теңге;

- автомобиль жолдарының құрылысына, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына – 707,6 млн. теңге;

- қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камераларының қызмет көрсету және басқа шығындарға – 943,6 млн. теңге;

- әлеуметтік нысандардың құрылысы мен қайта құру жұмыстарына – 5,7 млрд теңге;

- Білім саласындағы жалпы 134 жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға және оқу кабинеттерімен жабдықтауға – 4,0 млрд теңге қаралды.

Жалпы, 2026 жылдың бюджетін бекіту барысында қаланың Даму жоспарында және еліміздегі жетекші партия - «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында айқындалған міндеттерге басымдылық берілді.

Шешім қабылдау процесінде «Ақжол», «Ауыл», «Respublica» партиялары да елеулі үлес қосқанын атап өту қажет.

Халықтың әл-ауқатын жақсартуға негізделген шешімдер қабылдауда бүкіл депутаттар бірлік танытты.

 Құрметті жиынға қатысушылар!

Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін жергілікті өкілді орган.

Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары үнемі халық арасында, халықтың мұң-мұқтажын, көңіл күйін жақсы біледі деп толық сеніммен айта аламын.

2025 жылы депутаттар өз сайлаушыларымен түрлі форматта 1 081 кездесу өткізді.

Сайлауалды бағдарламада көрсетілген көрсеткіштердің орындалуын бақылау, қадағалау мақсатында әрбір нысанның басына барып, тұрақты түрде аралауда. 

Сонымен қатар, 32 депутат 756 жеке қабылдау өткізді. 3 412 азаматтың 4 298 мәселесі бақылауға алынды.

Оның ішінде 2 867 мәселеге заң аясында түсіндірме берілсе, 1 431 мәселе оң шешілді.

Осындай ашық қабылдаулар мен кездесулер халық пен депутаттың арасын жақындастырады.

Ал, олар көтерген проблемаларға жедел ден қою, кері байланыс орнату мәслихатқа ғана емес, жалпы билікке деген сенімін арттырады.

Осындай кездесулер нәтижесінде депутат халықты толғандыратын өзекті мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауалдар жолдап, оның орындалуын бақылауға алу практикасы өз жемісін беруде.

Жалпы есепті кезеңде Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы органдарға  304 депутаттық сауал жолданды.

Оның ішінде:

186 депутаттық сауал оң шешілді;

54 сауалға түсіндірме берілген;

64 сауал ішінара қолдау тапты.

Депутаттық сауалдардың нәтижесінде түрлі өзекті мәселелерге қала бюджетінен 161 млрд теңге бағытталды.

 Құрметті жиынға қатысушылар!

Қазақстан Республикасы Президентінің «Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы» 2013 жылғы № 704 Жарлығына сәйкес мәслихат жылына бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, тұрақты комиссиялардың қызметі туралы есеп береді.

Осыған орай, мәслихат жанынан 5 жұмыс тобы құрылып, 2025 жылы мәслихаттың атқарған жұмыстары туралы  ағымдағы жылдың 12 – 20 ақпан аралығында бес ауданда аудан әкімдерімен бірлесіп есеп беру кездесулері өтуде.

Онда тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, орындалуы бақылауға алынатын болады.

Құрметті сессияға қатысушылар!

Мәслихат жұмысын ұйымдастыру, құқықтық, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді мәслихат аппараты жүзеге асырады.

Шымкент қаласы мәслихаты аппаратында 7 мемлекеттік қызметкер жұмыс атқарады.

2025 жылы қала мәслихаты аппараты кеңсесіне 1 536 құжат келіп түсіп, 1 276 шығыс хат-хабарлар жолданды. Ұйымдастыру-құқықтық мәселелер бойынша 135 өкім қабылданды.

Жеке және заңды тұлғалардан түскен 181 арыз, өтініштер қаралып, тиісті жұмыстар атқарылды.

 Құрметті сессияға қатысушылар!

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді іске асыру мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда.

Барлық сессия отырыстары тікелей онлайн трансляцияда көрсетілді.

Сонымен қатар, мәслихат депутаттары әлеуметтік желіде де өте белсенді.

Барлық депутаттардың жеке парақшалары бар, онда үнемі атқарылған жұмыстар, пікірлер жарияланып отырады. Ондағы оқырмандар саны да ауқымды.

 Құрметті депутаттар!

Біз миллионнан астам халық мекендейтін республикалық маңызы бар Шымкент қаласының сегізінші шақырылымының депутаты деген абыройлы, әрі жауапты мәртебеге ие болып отырмыз.

Қашанда халық қалаулысы деген атқа лайық болып, халық ризашылығына бөлене беріңіздер!

Біздің бағдарымыз айқын, мақсатымыз бір.

Бірлік пен ынтымақ болса, қаламызды өркендетіп, дамытатын боламыз.

Жалпы мемлекеттік міндеттер мен халық мүддесі жолындағы жұмысымызды әрі қарай әкімдікпен бірлесе отырып, белсенді жалғастыратын боламыз.

Дата публикации
18 февраля 2026