Құрметті сессияға қатысушылар!
Мәслихат өз өкілеттіктерін Конституцияға, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға, Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенті мен Үкіметінің актілеріне, сондай-ақ мәслихат регламентіне сәйкес жүзеге асырады.
Өз қызметінде мәслихат қоғамдық маңызы бар салаларда белгіленген мемлекеттік стандарттарды ұстанады, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Құрметті депутаттар!
Өздеріңізге белгілі, сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласының мәслихаты өз өкілеттігін 2023 жылдың 30 наурыз күні өткен бірінші сессиядан бастап жүзеге асырып келеді.
Шымкент қаласы мәслихатында жалпы 32 депутаттың 16-сы бір мандаттық округтен, 16-сы партиялық тізіммен сайланып, жұмыс жасауда.
Мәслихат үшін негізгі құжат, басымды бағыт мәслихаттың шешімімен бекітілген «Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» болып табылады.
Негізгі 3 басымды бағыт (экономикалық өсім, өмір сүру үшін жайлы және қауіпсіз аймақ, өмірдің жаңа сапасын қамтамасыз ету), 17 мақсат, 105 индикатордан тұратын қаланың Даму жоспары еліміздің стратегиялық құжаттарында айқындалған басымдықтар мен көрсеткіштерді орындауға бағытталған.
Осы Даму жоспары мен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының сапалы орындалуы мәслихаттың тұрақты бақылауында.
Даму жоспарында белгіленген индикаторлардың орындалу деңгейінің артуы - жергілікті атқарушы органдардың сапалы жұмысты ұйымдастыруының нәтижесінде деп айтуға толық негіз бар.
Атап айтқанда, 2024 жылы жалпы өңірлік өнімнің жоспары 8,4 пайыз болса, жыл қорытындысымен 3 пайызға артып, нақты 11,7 пайызды құрады.
Жоспар бойынша 2024 жылы 1 млн. 360 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру қажет болса, жоспар 6,8 мың шаршы метрге артығымен орындалып, 1 млн. 366 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жоспарға сәйкес бүгінгі таңда елді мекендер электр жүйесімен 100 пайыз, ауыз сумен 99,5 пайыз, табиғи газбен 97 пайыз, кәріз жүйесімен 70 пайыз қамтылды.
Жалпы 366 шақырым жолдың 270 шақырымы пайдалануға берілді. Нәтижесінде, жақсы жолдардың үлесі 71 пайыздан 75 пайызға артты.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 11 мектеп, жеке инвесторлардың есебінен 5 мектеп пайдалануға беріліп, білім саласында үш аусымды мектептер мәселесі толық шешілді. Қосымша біліммен қамту деңгейі 88,0 пайызға жетті.
Жалпы жылдың қорытындысымен қаланың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамикалық өсім қалыптасты.
Бұл көрсеткіштерге жергілікті атқарушы орган – әкімдік пен өкілді орган – мәслихаттың өзара үйлесімді жұмысының арқасында қол жеткізілді деп санаймын.
Құрметті сессияға қатысушылар!
2024 жылы Шымкент қаласы мәслихатының 10 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 96 шешім қабылданды.
Әр бір шешім қабылдауда депутаттар өз округінің өзекті мәселелерін, сайлауалды бағдарламасын және Даму жоспарын негізге ала отырып, ортақ мақсат - қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту, тұрғындардың хәл-жағдайын арттыру мен қолайлы орта қалыптастыру бағытында жұмыс атқаруда.
Қала әкімдігімен бірлесе отырып, көптеген күрделі мәселелерді шешудің оңтайлы жолын қарастырып, тиімді шешімдер қабылдануда.
Атап айтқанда, қала бюджетін нақтылау, басқару схемасын бекіту, білім мен денсаулық сақтау саласын дамыту, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және оңалту, қала тұрғындарын баспанамен қамту, әлеуметтік мәні бар қатынастардың тізбесін айқындау, жылу маусымына дайындық, шеткі аймақтарды инженерлік-инфрақұрылымдық қамту және тағы басқа да маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Олардың бірқатары заңдар аясында қабылданған нормативтік құқықтық актілер.
Мысалы:
- Қалалық қоғамдық көлікте мектеп оқушыларының,
70-тен асқан қарттардың, жалпы 14 категория бойынша тұрғындардың тегін жол жүру құқығы енгізілді.
Ал, студенттерге 50 теңге көлемінде жеңілдік қарастырылды;
- Қоғамдық көліктер бағытында әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесі қосымша 2 маршрутпен (№ 3, № 4 бағыттағы автобустар) толықтырылды. Бүгінде 79 әлеуметтік маршрут қызмет көрсетуде;
- Бизнеске қолдау көрсету мақсатында бөлшек салықтың арнайы салық режимінің мөлшерлемесі 4%-дан 2%-ға дейін төмендетілді;
- Қаладағы атауы жоқ 377 көшеге, 7 шағын ауданға,
1 аллеяға атау берілді;
- Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін бір реттік төлемдердің мөлшерлемесі көбейтілді.
|
1) Ауған соғысы ардагерлеріне 45 АЕК; 2) 1 топ мүгедектігі бар адамдарға – 10 АЕК; 2, 3 топ мүгедектігі бар адамдарға – 5 АЕК; 3) Мүгедектігі бар адамдардың күтушілеріне санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың 70 пайызы мөлшерінде көмек беру; 4) Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 15 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылданды. |
- Жеке қабылдауларда, кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді ескере отырып, тегін берілетін дәрілер тізбесіне 6 нозология бойынша дәрі-дәрмектер (Анакинра, Тезепелумаб, Секукинумаб, Селуметиниб, Сатрализумаб, Селексипаг) енгізілді.
Құрметті сессияға қатысушылар!
Мәслихаттың қарауына ұсынылған әр бір шешім міндетті түрде алдын-ала тиісті тұрақты комиссияларда егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланды.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші әрбір шешімді қабылдауда депутаттар арасында қызу пікірталас, талқылау орнайды. Кейбір мәселелер бойынша тиісті басқармалар бірнеше рет қайта тыңдалып жатады. Осылай ашық алаңда әбден пысықталып, кейіннен халық мүддесі үшін ортақ шешім сессияға шығарылады.
Құрметті депутаттар!
Осы шақырылымның бірінші сессиясында өздеріңіздің қолдауларыңызбен мәслихат жанынан салалар бойынша 6 тұрақты комиссия құрылған болатын.
Атап айтқанда,
- бюджет және экономикалық даму;
- инвестиция және қалалық жайлы ортаны дамыту;
- әлеуметтік-мәдени даму;
- құрылыс және инфрақұрылымды дамыту;
- кәсіпкерлікті дамыту және цифрландыру;
- жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиялар.
Осы 6 тұрақты комиссия есепті кезеңде 91 отырыс өткізіп, 96 мәселені қарады.
Мысалы, бір ғана жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясы қала әкімдігі ұсынған жер телімдерін мемлекеттік мұқтажы үшін иеліктен шығаруға сатып алу шарттарын келісу мәселесі бойынша 12 отырыс өткізіп, 460 нысан қарады. 31 нысан қайта зерделеу мақсатында кері қайтарылды.
Құрметті депутаттар!
2024 жылы қала бюджеті әкімдіктің ұсынысымен 3 рет, депутаттар ұсынысымен 2 рет нақтыланды.
Жыл басында қала бюджеті 654,0 млрд. теңге болса, бес нақтылаудан кейін 129,5 млрд. теңгеге ұлғайып, жалпы 783,5 млрд. теңгені құрады.
Жыл қорытындысымен жоспарланған бюджет қаржысы 99,6 пайызға игеріліп, республика бойынша өңірлер арасында екінші орынға шығып отыр.
Бұл да болса, әкімдік пен депутаттық корпустың үйлесімді жұмысының нәтижесі деп білемін.
Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады» деген сөзін негізге алып, жұмыс жүргізудеміз.
Құрметті сессияға қатысушылар!
Өздеріңізге белгілі, мәслихаттың негізгі функциясының бірі қала бюджетін бекіту, нақтылау болып табылады.
Өткен жылдың желтоқсан айында әкімдік ұсынған 2025 жылдың бюджет жобасы мәслихатта егжей-тегжейлі қаралып, нәтижесінде қала бюджеті 806,0 млрд. теңге көлемінде бекітілді.
Өткен 2024 жылғы қала бюджеті жыл басында 654,0 млрд. теңге болып бекітілгендігін ескерсек, 2025 жылдың бюджеті 152,0 млрд. теңгеге ұлғайып, 806,0 млрд. теңге болып бектілуі қаламыз үшін мақтанарлық және құптарлық жайт.
Себебі, республикалық бюджеттен қаламызға қомақты қаржыны бөлдіру - дұрыс жоспарлау мен экономикалық негіздемелерді Үкіметтің алдында дәлелдей білудің нәтижесі.
Бұл - қала әкімдігінің жемісті еңбегі екендігін жақсы білеміз.
Сонымен қатар, бюджеттің өзіндік кірістерін ұлғайтуда да депутаттардың ұсынысы ескерілгендігін атап өтуіміз қажет.
Жалпы бюджет шығыстарының басым бөлігі әлеуметтік салаға, яғни 52,0 пайызы, 421,8 млрд. теңге қарастырылды.
Оның ішінде:
- білім беру саласына – 312,3 млрд. теңге;
- денсаулық сақтау саласына – 21,7 млрд. теңге;
- әлеуметтік көмекке – 50,8 млрд. теңге;
- мәдениет және спорт салаларына – 37,0 млрд. теңге қаралды.
2024 жылдың бюджеті сайлаушылардың талап-тілектері ескеріле отырып, мынадай негізгі салаларға бағытталды:
- «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 138 балалар және 15 спорт алаңшалары, 65 тротуар орнатуға, 10 сквер, аллея салуға, және аулаларды абаттандыруға – 9,1 млрд. теңге;
- «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салуға 12,0 млрд. теңге;
- 52 инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысына – 32,2 млрд. теңге (ауыз су, кәріз, электр, жылу, газбен жабдықтау, индустриялдық аймақтар) ;
- 1279 пәтер жұмысшы жастар мен әлеуметтік осал топтарға сатып алуға – 25,0 млрд. теңге;
- Тұрғын үй құрылысына – 28,4 млрд. теңге;
- 14 автомобиль жолдарының құрылысына, 2 күрделі жөндеуге, 251 көшені орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына – 31,6 млрд. теңге;
- Тұран, Тұран-2, Асар, Астана, Бозарық, Шымсити ықшам аудандары мен 7 магистралды көшелерді көгалдандыру жұмыстарына – 2,9 млрд. теңге;
- 4425 бейнебақылау камераларын орнатуға - 6,3 млрд. теңге;
- Дәрілік, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету және медициналық ұйымдарға 186 дана медициналық құралдар алуға - 10,0 млрд. теңге;
- 25 жедел жәрдем автокөлігін алуға - 1,2 млрд. теңге;
- 1 аурухананы күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына - 2,2 млрд. теңге қарастырылды.
Жалпы, 2025 жылдың бюджетін бекіту барысында қаланың Даму жоспарында және еліміздегі жетекші партия - «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында айқындалған міндеттерге басымдылық берілді.
Шешім қабылдау процесінде «Ақжол», «Ауыл», «Respublica» партиялары да елеулі үлес қосқанын атап өту қажет.
Халықтың әл-ауқатын жақсартуға негізделген шешімдер қабылдауда бүкіл депутаттар бірлік танытты.
Құрметті жиынға қатысушылар!
Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін жергілікті өкілді орган.
Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары үнемі халық арасында, халықтың мұң-мұқтажын, көңіл күйін жақсы біледі деп толық сеніммен айта аламын.
2024 жылы депутаттар өз сайлаушыларымен түрлі форматта 1070 кездесу өткізді.
Сайлауалды бағдарламада көрсетілген көрсеткіштердің орындалуын бақылау, қадағалау мақсатында әрбір нысанның басына барып, тұрақты түрде аралауда.
Сонымен қатар, қала мәслихатының 32 депутаты 753 жеке қабылдау өткізіп, 3405 азаматты қабылдады.
Қабылдауда болған 1862 азаматтың мәселесі оң шешілді, 1543 азаматқа заң аясында түсіндірілді.
Осындай ашық қабылдаулар мен кездесулер халық пен депутаттың арасын жақындастырады. Ал, олар көтерген проблемаларға жедел ден қою, кері байланыс орнату мәслихатқа ғана емес, жалпы билікке деген сенімін арттырады.
Осындай кездесулер нәтижесінде депутат халықты толғандыратын өзекті мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауалдар жолдап, оның орындалуын бақылауға алу практикасы өз жемісін беруде.
Жалпы есепті кезеңде Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 338 депутаттық сауал жолданды.
Оның ішінде:
118 депутаттық сауал оң шешілді (36,5%);
181 сауалға түсіндірме берілген (53,5%);
34 сауал бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде (10%).
Депутаттық сауалдардың нәтижесінде түрлі өзекті мәселелерге қала бюджетінен 158,7 млрд. теңге бағытталды.
Құрметті жиынға қатысушылар!
Қазақстан Республикасы Президентінің «Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы» 2013 жылғы №704 Жарлығына сәйкес мәслихат жылына бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, тұрақты комиссиялардың қызметі туралы есеп береді.
Осыған орай, мәслихат жанынан 5 жұмыс тобы құрылып, 2024 жылы мәслихаттың атқарған жұмыстары туралы ағымдағы жылдың 30-қаңтарынан 14-ақпанға дейін бес ауданда аудан әкімдерімен бірлесіп есеп берді.
Онда тұрғындар тарапынан көтерілген 100-ге жуық мәселе арнайы хаттамаға енгізіліп, орындалуы бақылауға алынды.
Құрметті сессияға қатысушылар!
Мәслихат жұмысын ұйымдастыру, құқықтық, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді мәслихат аппараты жүзеге асырады.
Шымкент қаласы мәслихаты аппаратында 7 мемлекеттік қызметкер жұмыс атқарады.
2024 жылы қала мәслихаты аппараты кеңсесіне 1489 құжат келіп түсіп, 1344 шығыс хат-хабарлар жолданды. Ұйымдастыру-құқықтық мәселелер бойынша 118 өкім қабылданды.
Жеке және заңды тұлғалардан түскен 152 арыз, өтініштер қаралып, тиісті жұмыстар атқарылды.
Құрметті сессияға қатысушылар!
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді іске асыру мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда.
Барлық сессия отырыстары тікелей онлайн трансляцияда көрсетілді.
Сонымен қатар, мәслихат депутаттары әлеуметтік желіде де өте белсенді.
Барлық депутаттардың жеке парақшалары бар, онда үнемі атқарылған жұмыстар, пікірлер жарияланып отырады. Ондағы оқырмандар саны да ауқымды.
Құрметті депутаттар!
Өткен жылы мәслихат институтының құрылғанына 30 жылдықты жоғары деңгейде атап өттік.
Осы уақыт аралығында жергілікті өкілді орган – мәслихат институты ұдайы дамып, шыңдалып келеді.
Біз миллионнан астам халық мекендейтін республикалық маңызы бар Шымкент қаласының сегізінші шақырылымының депутаты деген абыройлы әрі жауапты мәртебеге ие болып отырмыз.
Қашанда халық қалаулысы деген атқа лайық болып, халық ризашылығына бөлене беріңіздер!
Біздің бағдарымыз айқын, мақсатымыз бір.
Бірлік пен ынтымақ болса, қаламызды өркендетіп, дамытатын боламыз.
Құрметті депутаттар!
Жалпы мемлекеттік міндеттер мен халық мүддесі жолындағы жұмысымызды әрі қарай әкімдікпен бірлесе отырып, белсенді жалғастыратын боламыз.
Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет!