Шымкент қаласының Қайнарбұлақ және Нұрсәт шағынаудандарында ангар үлгісіндегі екі модульді спорт залының құрылысы аяқталды. Жаңа нысандар бұқаралық спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріп, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Нысандардың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.
«Әр шағынауданның тұрғындары тұрақты жаттығып, денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алуы маңызды. Біз спорт нысандарының қолжетімділігіне ерекше назар аудара отырып, қаланың спорт инфрақұрылымын дамытуды жалғастырамыз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Айта кетейік, модульді нысандардың құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Жобалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып, мегаполиске сыйлық ретінде беріліп отыр.
Спорт залдары баскетбол, волейбол және шағын футбол ойнауға қажет құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер және 50 көрерменге арналған орындар қарастырылған. Сондай-ақ, күн салқын мезгілде жаттығуға қолайлы болуы үшін жылыту жүйелері орнатылған.
Осылайша жаңа спорт нысандары тұрғындарға үйіне жақын жерде дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік береді. Бұл бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарға арналған 150 орындық жаңа оңалту орталығы ашылды. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа әлеуметтік нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заманауи оңалту орталықтарының желісін дамыту аясында, Бозарық шағынауданында салынды. Құрылысы 2024 жылдың желтоқсанында басталып, мерзімінен бұрын аяқталып отыр.
Нысан 5,3 гектар аумақта орналасқан. Ғимараттардың жалпы ауданы шамамен 22 мың шаршы метрді құрайды. Кешен медициналық, оңалту, спорттық, әлеуметтік және тұрғын инфрақұрылымды біріктіретін бес блоктан тұрады.
Орталық I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық форматта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған.
Қала әкімі орталықтың ашылуы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудың маңызды нәтижесі екенін атап өтіп, оның қала тұрғындарына сапалы оңалту көмегін алуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес Шымкентте мүгедектігі бар азаматтар кешенді көмек алып, қолайлы жағдайда оңалтудан өте алатын заманауи орталық ашылды. Мұнда денсаулықты қалпына келтіруге, әлеуметтік бейімделуге және белсенді өмірге оралуға барлық мүмкіндік жасалған», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Кешен құрамында үш қабатты оңалту корпусы, емдік-сауықтыру бассейні, спорт және акт залдары, екі қабатты стационар, асхана, шеберханалар және басқа да қажет бөлмелер қарастырылған.
Оңалту корпусында дәрігерлер мен мамандардың кабинеттері, физиотерапия, механотерапия, массаж, сумен емдеу, логопедиялық және психологиялық көмек көрсетуге арналған бөлмелер орналасқан. Әлеуметтік және еңбекке бейімдеу мақсатында тігін, қыш және слесарлық шеберханалар, шығармашылықпен айналысуға арналған бөлмелер мен кітапхана қарастырылған.
Дене оңалтуына да ерекше көңіл бөлінген. Емдік-сауықтыру бассейні бір мезетте – 46 адамға дейін, ал спорт залы 25 адамға дейін қабылдай алады. Акт залы 150 орынға есептелген, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар пайдаланатын арбаларға арналған 40 орын бар.
Қызмет алушылардың уақытша тұруы үшін бір және екі орынды бөлмелерден тұратын екі қабатты стационар жасақталған. Олардың арасында мүгедек арбасын пайдаланатын азаматтарға арнайы бейімделген бөлмелер де бар.
Орталық отандық және шетелдік өндірістің заманауи медициналық жабдықтарымен, оның ішінде арнайы техникамен қамтамасыз етілген. Қажет процедуралар аяқталған соң орталық азаматтарды қабылдауды бастайды.
Айта кетейік, орталықтың ашылуы Шымкент тұрғындарының оңалту және арнаулы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін кеңейтіп, мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруі мен әлеуметтік бейімделуіне қосымша мүмкіндік береді.
Шымкентте әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсетуге арналған жаңа ірі орталық бой көтереді. Ақжайық шағын ауданында 200 орындық №2 қалалық перинаталдық орталықтың құрылысы жалғасуда. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.
Жаңа орталық мамандандырылған акушерлік және неонаталдық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді. Мұнда түрлі деңгейдегі босанулар қабылданып, ауыр патологиясы бар әйелдерге медициналық көмек көрсетуге және шұғыл босандыруға қажетті жағдай жасалады.
Жаңа нысан ауқымды медициналық кешен болады. Үш қабатты ғимарат 12 блоктан тұрады, жалпы аумағы 38 мың шаршы метрді құрайды. Перинаталдық орталық аналар мен жаңа туған нәрестелерге жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге қажетті заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылады.
Жаңа нысанның Шымкент агломерациясының өсіп, дамуын ескере отырып, маңызы ерекше. Орталықтың мүмкіндіктерін қала тұрғындарымен қатар Түркістан облысының іргелес аудандарының тұрғындары да пайдалана алады. Осылайша, мамандандырылған медициналық көмек әйелдер мен жаңа туған нәрестелер үшін қолжетімді бола түседі.
Жаңа орталық медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуына да қосымша мүмкіндік береді. Оның базасында мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру үшін тиісті жағдайлар қарастырылады.
Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында басталды. Қазіргі таңда нысанның құрылыс дайындығы 30%-ды құрайды. Жұмыстарды «Integra Construction KZ» ЖШС жүргізуде.
Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау 2027 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Жаңа перинаталдық орталық пайдалануға берілгеннен кейін Шымкенттің маңызды медициналық инфрақұрылым нысандарының біріне айналып, әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Мегаполистің Shymkent City шағынауданында жаңа емхана құрылысы жүргізілетін жерде капсула салу рәсімі өтті. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамыту және қолжетімді медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында салынуда. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа емхана ауысымына 500 келушіге есептелген және 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Емхана құрамында ересектер мен балалар бөлімшелері, әйелдер консультациясы және отбасылық денсаулық орталығы болады.
Медициналық мекеме құрамында шұғыл қабылдау бөлімі, клиникалық-диагностикалық зертхана, рентген-диагностика, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, рентген-маммография және эндоскопия кабинеттері қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда 20 орынды күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия орталығы, оңалту бөлімі және фтизиатр кабинеті орналасады.
Жоба пациенттерге қолайлылық және медицина қызметкерлерінің жұмысын тиімді ұйымдастыру талаптары ескеріле отырып әзірленген. Балаларға арналған бөлімшелер бір қабатта орналасады. Оларға жеке лифтілер мен күту аймақтары қарастырылған.
Балалар мен отбасыларға медициналық қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Емханада бес жасқа дейінгі балаларды күту және патронаждық бақылау жұмысы ұйымдастырылады. Жүкті әйелдер мен босанғаннан кейінгі аналарды бақылау үшін де арнайы жағдай жасалады.
Қала әкімі жобаның заманауи талаптарға сай болуы және пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауы тиіс екенін атап өтті.
«Президенттің тапсырмасымен қалада әлеуметтік инфрақұрылым кезең-кезеңімен дамып келеді. Осы орайда баспана құрылысының қарқын алуымен қатар тұрғындарға қажет жағдай жасалуы да маңызды. Жаңа емхана тұрғындарға қажет медициналық қызмет алуға мүмкіндік береді», – деді мегаполис әкімі.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл елдегі медициналық инфрақұрылымды одан әрі дамытуды, заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударуды тапсырған болатын.
Емханаға іргелес аумақта кіреберіс жолдар, автотұрақ орындары, жаяу жүргіншілер жолдары, көгалды және демалыс орындары қарастырылған. Жобаны іске асыру қала тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттырып, науқастарға диагноз қою, емдеу және дерттің алдын алу бойынша қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.
Басқарма басшысы О.Таджибаев Тұран және Бозарық шағынаудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысы, сондай-ақ Асар-2 шағынауданында сатып алынған арендалық тұрғын үйлердің сапасын тексерді.
Тұран шағынауданының 23-орамында жалпы 387 пәтерлі 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Ал Бозарық шағынауданында 856 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Аталған үйлердің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Келесі жылы баспана кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілетін болады.
Аралау барысында басқарма басшысы мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар, Асар-2 шағынауданында биыл сатып алынған арендалық пәтерлердің сапасына тексеру жүргізілді.
Биыл нарықтан 2018 пәтер сатып алу жоспарланған. Бүгінде оның 720 пәтері сатып алынды. Қалған пәтерлерді жыл соңына дейін сатып алу жоспарланып отыр.
Бүгін басқарма басшысының орынбасары Е. Ажибаев Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингінде құрылыс басқармасының 2026 жылдың 8 айында атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
2026 жылы қала аумағында 66 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде тұрғын үйлер, инженерлік инфрақұрылым және әлеуметтік нысандар бар.
Жоспарға сәйкес, жалпы көлемі 102 мың шаршы метрді құрайтын 32 тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда. Нәтижесінде 1243 пәтер ел игілігіне тапсырылатын болады. Оның ішінде 12 тұрғын үй Тұран шағынауданы аумағында, ал 20 тұрғын үй Бозарық шағынауданы аумағында орналасқан.
Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары мен кредиттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арнап 2018 пәтер сатып алу көзделген. Қазіргі таңда оның 720-сы сатып алынды.
Қалада инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Атап айтқанда, Бозарық және Тұран шағынаудандарында 3 инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Барлық жобаларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ, ағымдағы жылың жаңа оқу жылына дейін 5 мектептің қосымша ғимаратының құрылысы мен 8 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар салаларында жаңа нысандар бой көтереді. Жыл соңына дейін екі мектепке қосымша ғимараттар салынып, әлеуметтік және медициналық мекемелер пайдалануға беріледі.
Жаңа оқу жылына дайындық аясында Шымкент қаласындағы 7 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.
Жөндеу барысында ғимараттардың терезелері мен есіктері ауыстырылып, іші әрленді және сыртқы қасбеті қапталды. Сонымен қатар шатыр, су құбыры және кәріз, электр желілері мен жарықтандыру жүйелері жаңартылды.
Нысандарға автоматты өрт дабылы жүйесі орнатылып, аулалар абаттандырылды. Атап айтқанда, жолдарға асфальт, тротуар тақтасы төселіп, бастырмалар, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды.
Күрделі жөндеу жүргізілген нысандардың қатарында 6 мектеп пен 1 балабақша бар:
– Ұлдарға арналған №1 оқу-инновациялық лицей-интернатның ғимараты;
– Хамза атындағы №42 жалпы орта мектеп;
– №106 Қайнарбұлақ жалпы орта мектебі;
– Мұхтар Әуезов атындағы №96 жалпы орта мектеп;
– А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицей;
– №46 мектеп-лицейі;
– №122 «Ақ көгершін» бөбекжай бақшасы.
Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынан халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында нарықтан 1 247 пәтер сатып алу жоспарлануда. Мемлекеттік сатып алу туралы конкурс 2026 жылғы 24 тамызда мемлекеттік сатып алу порталында жарияланатын болады. Конкурс талаптары мен сатып алу шарттары мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылатын құжаттарда көрсетіледі.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен Шымкент қаласының құрылыс басқармасы атынан шын жүректен құттықтаймыз!
Құрылыс – ел дамуының, өркендеудің және жарқын болашаққа бастар сенімді қадамның берік негізі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен жоғары кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында тұрғын үйлер, әлеуметтік әлеуметтік, мәдени және өндірістік нысандар бой көтеріп, қаламыздың сәулеті көркейіп, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосылуда.
Құрылыс саласында еңбек етіп жүрген әрбір маманның еңбегі зор құрметке лайық. Сіздердің жауапкершіліктеріңіз, адал еңбектеріңіз бен кәсібиліктеріңіз – қаламыздың бүгінгі келбеті мен ертеңгі дамуының кепілі.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толайым табыс, жаңа жетістіктер мен толағай жеңістер тілейміз. Еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланып, абырой-беделдеріңіз арта берсін!
Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Еліміздің игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті, мерейлеріңіз үстем болғай!
Шымкент қаласында 200 орынды ірі перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда нысанның қазаншұңқырын қазу жұмысы аяқталып, іргетасына бетон құйылуда.
Үш қабатты ғимаратта лаборатория, тамақтану блогы, бақылау-өткізу пункті, қазандық, медициналық газ станциясы және шаруашылық аймағы қарастырылған. Сонымен қатар, 123 автокөлікке, 16 әкімшілік көлігіне және 8 жедел жәрдем көлігіне арналған автотұрақтар, 120 м³ су резервуары, автокөліктерді дезинфекциялау алаңы мен саябақ болады.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, ана мен баланы қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған. Себебі, қалада тұрғындар санының артуына байланысты заманауи медициналық нысанға қажеттілік туындап отыр.
Жаңа перинаталдық орталық ұлттық және халықаралық стандарттарға сай жоғары білікті акушерлік және неонаталдық көмек көрсететін болады.
Сонымен қатар, нысан іске қосылғаннан кейін Шымкент қаласы мен Түркістан облысының іргелес аудандарының тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.