GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
23 октября 2026
Шымкентте KGIR-2026 аясында $4,8 млрд болатын 22 құжатқа қол қойылды

Қазақстанның IX халықаралық инвестициялық дөңгелек үстелі (KGIR-2026) аясында жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжатқа қол қойылды.

Олардың қатарында жел электр стансасын салу, автомобиль жолдарында интеллектуалды бақылау жүйесін енгізу, шыны ыдыс өндіретін зауыт ашу, инклюзивті мектептер желісін құру, Құрық портында терминал салу және дата-орталық ашу жобалары бар.

Сондай-ақ Түркістан облысында ет кластерін құру, Астанада халықаралық білім беру кампусын салу және Қызылорда облысында полипропилен қаптарын өндіру жобалары бойынша келісімдер жасалды.

Шымкент қаласы үшін маңызды келісімдердің бірі – қала әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС арасында $74,3 млн инвестиция тарту арқылы ПЭТ-преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылуы.

Бұдан бөлек, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және индустриялық дамуына үлес қосқан бірқатар компания өкілдері марапатталды.
@KZgovernment

23 октября 2026
Шымкентте KGIR-2026 халықаралық инвестициялық дөңгелек үстелі өтті

Шымкент қаласында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) өтті.

Биылғы іс-шараға 40-тан астам елден 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысып, жалпы құны $4,8 млрд болатын 22 құжатқа қол қойылды.

Премьер-министр өңдеу өнеркәсібі, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да салалардағы инвестициялық жобалармен танысты. Олардың қатарында Шымкенттегі Alsera жылыжай кешені мен QazAlPack зауытының құрылысы бар.

Пленарлық отырыста қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те сөз сөйлеп, қаланың инвестициялық әлеуеті мен экономикалық даму бағыттарын таныстырды.

Сондай-ақ KGIR-2026 аясында Шымкент қаласының әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС арасында $74,3 млн инвестиция көлемінде ПЭТ-преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды.

Бұл жобалар қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа өндірістерді дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

23 октября 2026
Шымкентте металлургиялық кәсіпорындарға арналған жаңа индустриялық аймақ құрылады

📌 Шымкентте металлургия саласындағы кәсіпорындарды орналастыруға арналған «Темір» жаңа индустриялық аймағы құрылады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің қалаға жұмыс сапары барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде қаладағы қолданыстағы индустриялық аймақтардың толымдылығы 90%-ға жеткен. Осыған байланысты төрт индустриялық аймақты кеңейту және жаңа өндірістік алаң құру жұмыстары басталған. «Қазіргі таңда Шымкентте жалпы ауданы 1 530 гектарды құрайтын, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген сегіз индустриялық аймақ жұмыс істейді. Мұнда 354 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, шамамен 11 мың жұмыс орны құрылған. Салық түсімдерінің көлемі 114 млрд теңгеден асты», – деді Айдын Кәрімов.

📍 Қаладағы индустриялық аймақтар өндірістің әртүрлі бағыттарына маманданған. Атап айтқанда, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жеңіл, химия және мұнай-химия өнеркәсібіне, сондай-ақ машина жасау саласына бағытталған. «Бозарық» индустриялық аймағында негізінен тамақ өнеркәсібі дамыса, көлік-логистикалық орталық қоймалау және тасымалдау қызметтеріне маманданған. Ал «Жұлдыз», «Тассай» және басқа да индустриялық аймақтарда өңдеу өнеркәсібінің түрлі салаларындағы кәсіпорындар орналасқан.

📈 Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласының өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 12%-дан астам өсті. Қазақстанда өндірілетін кілемдер мен кілем бұйымдарының, сондай-ақ алюминий банкаларының өндірісі толығымен қалада шоғырланған. Бұдан бөлек, еліміздегі фармацевтикалық өнім өндірісінің 40%-дан астамы Шымкенттің үлесіне тиесілі. Жаңа «Темір» индустриялық аймағын құру және қолданыстағы өндірістік алаңдарды кеңейту инвестиция тартуға, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

23 октября 2026
Олжас Бектенов Шымкенттің индустриялық дамуымен танысып, жол сапасын жақсарту жұмыстарын тексерді

📌 Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысымен және жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстармен танысты.

Сапар аясында Премьер-министр «Жұлдыз» және «Тассай» индустриялық аймақтарын аралап, Бәйдібек би даңғылы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік айрығының құрылыс барысын көрді. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарымен танысты.

🔹 Өнеркәсіптік әлеует артып келеді

«Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан Wan Sheng Ceramic зауыты биыл жылына 12–13 млн шаршы метр өнім өндіретін жобалық қуатына жетті. Кәсіпорында 350 тұрақты жұмыс орны құрылған. Өндірісте пайдаланылатын шикізаттың шамамен 95%-ы Қазақстандағы кен орындарынан алынады. Өнімнің 40%-ы ТМД елдеріне экспортталады.

Ал «Тассай» индустриялық аймағындағы «Asia Trafo» кәсіпорны күштік трансформаторлар, автотрансформаторлар және басқа да электр жабдықтарын шығарады. Зауыттың жылдық жобалық қуаты – 12 мың МВА. Кәсіпорында 200-ден астам адам еңбек етеді. Өнімдер еліміздегі ірі энергетикалық нысандарға жеткізіледі.

🔹 Экономикалық өсім және жаңа инвестициялар

Қазіргі таңда Шымкентте жалпы ауданы 1 530 гектарды құрайтын сегіз индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олардың аумағында 354 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, шамамен 11 мың жұмыс орны құрылған. Индустриялық аймақтардың толымдылығы 90%-ға жетті.

2025 жылы қаланың жалпы өңірлік өнімі 5,9 трлн теңгені құрады. Ал 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 580 млрд теңгені құрады.

📍 Сапар қорытындысы бойынша Премьер-министр жауапты министрліктер мен қала әкімдігіне өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау, өндірістік қуаттарды кеңейту және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерін толық пайдалану жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

23 октября 2026
«ШЫМКЕНТ ӨНІМДЕРІ – 2026» КӨРМЕСІ ӨТУДЕ

21-23 қазан күндері Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шымкент өнімдері – 2026» көрмесі өтуде.

Көрмеде жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, машина жасау, жиһаз, химия, тамақ өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені және құрылыс индустриясы салаларындағы 70-тен астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынады.

Мұндағы мақсат – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, отандық өнімдерді кеңінен таныстыру, іскерлік байланыстарды нығайту және жаңа серіктестіктер орнатуға мүмкіндік жасау.

Өтетін орны: Шымкент қаласы, Нұрсәт шағынауданы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 12, «Көрме» орталығы.

📅 21-23 қазан күндері.

21 октября 2026
ХАБАРЛАНДЫРУ

Байқауды ұйымдастырушы: «Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы» КММ

Электрондық пошта мекенжайы: msb_shymkent@mail.ru  

Байланыс телефондары: +7 (7252) 24-74-22, +7 (7252) 24-75-14.

Байқаудың нысанасы: әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру.

Байқау нысаны: ашық байқау (тізілімге енгізілген және «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалисті болып табылатын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері арасында).

Байқау өтінімдерін қабылдау орны: kezekte.kz (онлайн форматта ғана).

Байқау құжаттамасын ұсыну тәртібі: байқауға қатысу үшін үміткерлер бекітілген нысанда электрондық өтінім мен байқау құжаттарының толық пакетін ұсынады. Бағдарлама шарттарымен және қажетті құжаттар тізімімен төменде танысуға болады.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі: 2026 жылғы 27 қазаннан бастап 3 қарашаға дейін (қоса алғанда).
Көрсетілген мерзімнен кейін түскен өтінімдер қабылданбайды.

Мемлекеттік гранттар беру шарттары

Мемлекеттік гранттар беру жөніндегі байқауға әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері толық құжаттар пакетін ұсынған жағдайда қатыса алады.

Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін әрбір кәсіпкер мемлекеттік гранттар алу мақсатында бір бизнес-жоба бойынша жаңа бизнес-идеяны іске асыру үшін байқауға қатыса алады (грант сомасы 5 млн теңгеге дейін), егер кәсіпкердің қолданыстағы грант шарты болмаса.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған бизнес-жобаның міндетті шарттары мыналар:

  1. кәсіпкердің мемлекеттік грант сомасының кемінде 20%-ын (ақшалай қаражатпен) бірлесіп қаржыландыруы, соның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік түрінде;
  2. жаңа жұмыс орындарын құру;
  3. жобаны іске асыруға қажетті инфрақұрылымның бар екенін және/немесе оны құру жоспарын көздейтін инвестициялық жоспардың болуы.

Кәсіпкерлер мемлекеттік грант қаражатын келесі мақсаттарға пайдалана алады:

  1. негізгі құралдарды (соның ішінде негізгі құралдарды салу/модернизациялау/реконструкциялау/капиталдық жөндеу), тауар өндіруге немесе қызмет көрсетуге қажетті шикізат пен материалдарды сатып алу;
  2. материалдық емес активтерді сатып алу;
  3. технологияларды сатып алу;
  4. кешенді кәсіпкерлік лицензияға (франчайзингке) құқықтарды сатып алу;
  5. ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және (немесе) жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығыстар.

Мемлекеттік грант қаражатын басқа мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді.

Бизнес-жобаны кәсіпкердің іске асыру мерзімі грант беру шартына қол қойылған күннен бастап 18 (он сегіз) айдан аспауға тиіс.
Егер көрсетілген мерзім ішінде кәсіпкерлік қызмет жүзеге аспаса, алынған негізгі құрал сатылып, жобаны іске асыруға қажетті ұқсас/баламалы құралмен ауыстырылмаса, кәсіпкер мемлекеттік грант қаражатын толық көлемде өтеуге міндетті.

Мемлекеттік грант қаражатын пайдалануға жол берілмейтін жағдайлар

  1. жылжымайтын мүлікті және (немесе) жер учаскесін сатып алуға;
  2. жалдау ақысы ретінде пайдалануға;
  3. негізгі құралдарды/активтерді (қызметтерді алу/жұмыстарды орындау) кәсіпкермен аффилиирленген/байланысты тұлғалардан және (немесе) кәсіпкердің жақын туыстарынан сатып алуға (Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес анықталады);
  4. бұрын пайдаланылған негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алуға жол берілмейді.

Бұл ретте негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алу тиісті құжаттармен (шарт/контракт/жабдықтың паспорты/сапа сертификаты) расталуы тиіс.

  1. жеңіл автокөліктерді сатып алуға, жүк тасымалына арналған, кабинадан бөлек жүк платформасы бар көліктерден басқа, сондай-ақ отандық өндірушілердің жеңіл автокөліктерін және жеңіл көлік құралдарын жалға беру мен прокаттау жобаларынан басқа;
  2. ауыл шаруашылығы жануарларын (ірі/ұсақ қара мал, құс, ара және басқа да ауыл шаруашылығы жануарлары) сатып алуға, тамақ өнімдерін өндіру жобаларын қоспағанда, егер олар өңдеу өнеркәсібіне жататын болса.

Мемлекеттік грант қаражаты бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында қолма-қолсыз түрде кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген контрагенттің шотына аударылады (пайдаланылған автокөлікті жеке тұлғадан сатып алуға жол беріледі).

Бір кәсіпкерге берілетін мемлекеттік гранттың ең жоғары сомасы 5 (бес) миллион теңгеге дейін белгіленеді, өтінімде көрсетілген сұратылған сомаға сәйкес.

Грант берілмейтін жағдайлар

Мемлекеттік гранттар төменде көрсетілген кәсіпкерлерге берілмейді:

  1. қайта ұйымдастыру, тарату немесе банкроттық сатысында тұрған, сондай-ақ қызметі қолданыстағы заңнамаға сәйкес тоқтатылған кәсіпкерлерге;
  2. салықтар және басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар кәсіпкерлерге;
  3. негізгі қызметі жылжымайтын мүлікті жалға беру болып табылатын кәсіпкерлерге;
  4. мемлекеттік грант сомасының кемінде 20%-ын (ақшалай қаражатпен, жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен) бірлесіп қаржыландыруды өтінім берген кезде растамаған кәсіпкерлерге;
  5. мемлекеттік сатып алудың адал емес қатысушылары тізілімінде тұрғандарға;
  6. кредиттік тарихына сәйкес қаржылық міндеттемелер бойынша мерзімі өткен берешегі барларға;
  7. жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алғандарға (оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында);
  8. басқа өңірде тіркелген және өз бизнес-жобасын байқау өткізілетін өңірден тыс жерде іске асыруды жоспарлап отырған кәсіпкерлерге.

Байқау комиссиясының шешім қабылдау критерийлері

Байқау комиссиясы мемлекеттік гранттарды жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін беру/бермеу туралы шешімді төмендегі критерийлер негізінде қабылдайды (оның ішінде кәсіпкердің бизнес-жобасын бағалау критерийлерін басшылыққа ала отырып):

  1. бизнес-идеялардың әлеуметтік бағыттылық деңгейі / «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы бойынша өңірлік өнім рейтингі;
  2. бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі (нарықтық сұраныстың зерттелуі – маркетингтік талдау);
  3. жобаны іске асыруға дайындық деңгейі (өндірісті ұйымдастыру, жобаны орналастыру үшін үй-жайдың бар болуы, өткізу нарығы, өндірісті іске қосуға дайындық деңгейі).

Әлеуметтік бағыттылық деңгейі критерийіне жұмыспен қамтуды арттыруға, табысты ұлғайтуға, әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге, инклюзияға, экологиялық тұрақтылыққа, қызмет көрсетуге, жұмыс орындауға және әлеуметтік қолдау саласындағы жаңа немесе жетілдірілген технологияларды қолдануға бағытталған жобалар жатады.

Қажетті құжаттар

Байқауға қатысу үшін кәсіпкер тек бір өтінім бере алады. Өтінімдер байқау туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімдерде қабылданады.

Мемлекеттік грант алу үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға үміткер кәсіпкерлер келесі құжаттардың сканерленген көшірмелерін PDF форматында өтінімге қоса тіркейді:

  1. өтінім берген сәттегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы, басшының қолымен және мөрімен (бар болған жағдайда) расталған анықтама;
  2. бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстардың кемінде 20%-ын ақшалай қаражатпен, жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен бірлесіп қаржыландыруды растайтын құжаттар – кәсіпкердің ағымдағы шотындағы ақшалай қаражаттың бар екені туралы банк шотының үзіндісі немесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және (немесе) жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар;
  3. кәсіпкердің әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі немесе «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалисті болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі.

 

14 октября 2026
Шымкентте шағын өнеркәсіптік аймақтар құру арқылы жаңа кәсіпорындар ашылады

Шымкент қаласында шағын және орта бизнестің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамытуға басымдық берілуде. Бұл бастамалар кәсіпкерлердің өндірістік қызметін кеңейтуге, жаңа кәсіпорындар ашуға және тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған.

Қалада шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бойынша үш жоба қарастырылған. Аталған жобалар аясында 50-ден астам шағын кәсіпорын ашу және шамамен 300 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Шағын өнеркәсіптік аймақтар өндірістік жобаларды шоғырландыруға, кәсіпкерлердің өз қызметін ұйымдастыруына және бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай алаңдар жаңа өндіріс түрлерін дамытуға және қаланың кәсіпкерлік құрылымын кеңейтуге ықпал етеді.

Кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық бастамалар аясында да жалғасуда. 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында қалада 1 632 кәсіпкерлік жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бұл кәсіпкерлердің жаңа бастамаларын жүзеге асыруға және қолданыстағы бизнесті дамытуға бағытталған шаралардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Жалпы, Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы қаланың экономикалық өсімімен тығыз байланысты. 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында қалада 132,8 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеді. Ал жыл басынан бергі алғашқы үш айда осы салада 220,1 мың адам жұмыспен қамтылды.

Өндірістік инфрақұрылымды кеңейту, жаңа кәсіпорындар ашу және кәсіпкерлерге қолдау көрсету шаралары өзара сабақтастықта жүзеге асырылуда. Мұндай кешенді жұмыс бизнестің тұрақты дамуына, экономикалық белсенділіктің артуына және жаңа жұмыс орындарының қалыптасуына негіз болады.

Алдағы уақытта да Шымкентте кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, өндірістік алаңдарды дамыту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Негізгі мақсат – кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастырып, қаланың экономикалық әлеуетін одан әрі арттыру.

14 октября 2026
Шымкентте жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік инфрақұрылымы кеңеюде

Шымкент қаласында жаңа өндірістік нысандарды іске қосу және кәсіпкерлік инфрақұрылымын кеңейту бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда. Инвестиция тарту арқылы өндіріс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және қаланың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ерекше мән берілуде.

Солардың бірі – «СП «Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС-нің алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты. Инвестициялық құны 27 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын пайдалануға беріліп, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру мақсатында құны 10,5 млрд теңге болатын үшінші өндірістік желінің құрылысы аяқталуға жақын.

Сонымен қатар қаладағы сауда-логистикалық орталықты кеңейту жобасы қолға алынған. Жалпы аумағы 136 гектарды құрайтын аумақта 119,7 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуды көздейтін 22 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жобалар нәтижесінде 1 310 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Қалада мұнымен қатар мұнай-химия, алюминий өнімдерін өндіру, жылыжай кешендерін салу, технологиялық материалдар шығару, қалдықтарды өңдеу және медициналық инфрақұрылымды дамыту бағыттарында бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Олардың қатарында «Alsera KZ» компаниясының жылыжай кешенін салу жобасы бар. Жобаның инвестициялық көлемі 110 млрд теңгені құрайды. Толық жүзеге асырылған жағдайда 1 750 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта жобаның бірінші кезеңіндегі құрылыс жұмыстары аяқталып, кешенді одан әрі кеңейту жұмыстары жалғасуда.

Аталған жобалар қаланың өндірістік және логистикалық мүмкіндіктерін арттыруға, кәсіпкерлік қызметтің ауқымын кеңейтуге және еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік береді.

Шымкентте инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасын табады. Бұл бастамалар қаланың экономикалық құрылымын әртараптандыруға және оның іскерлік орталық ретіндегі әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

14 октября 2026
Шымкентте 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген

Шымкент қаласында өндірістік инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық берілуде. Индустриялық аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану мен жаңа өндіріс орындарын ашу қаланың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Қазіргі таңда Шымкентте жалпы аумағы 1 394 гектарды құрайтын 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Аталған аумақтарда жалпы инвестициялық құны 466,6 млрд теңгені құрайтын 353 жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 10 022 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Индустриялық аймақтар кәсіпкерлерге өндіріс орындарын орналастыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, инвестиция тартуға, өнеркәсіптік әлеуетті кеңейтуге және жаңа кәсіпорындардың қалыптасуына жағдай жасайды. Сонымен қатар бұл аумақтарда өндірістік қызметтің дамуы қаланың еңбек нарығына да оң ықпал етеді.

Инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары алдағы жылдарға арналған жоспарлармен де сабақтасып отыр. Атап айтқанда, 2026–2030 жылдарға арналған инвестициялық пулға жалпы құны 4,46 трлн теңгені құрайтын 164 жоба енгізілген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген.

Инвестициялық жобалардың басым бағыттарының бірі – өңдеу өнеркәсібі. Бұл салада жалпы құны 3,5 трлн теңгені құрайтын 110 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 9 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.

Өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту дайын өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді. Ал жаңа жұмыс орындарының ашылуы тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашады.

Шымкентте индустриялық инфрақұрылымды жетілдіру және инвестициялық бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Бұл өз кезегінде қаланың өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және экономиканың тұрақты дамуына серпін береді.

14 октября 2026
Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі артып келеді

Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, бизнестің белсенділігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлік сектор қаланың экономикалық өсімін қамтамасыз ететін негізгі күштердің біріне айналып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді.

2026 жылғы қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша қалада 132,8 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеді. Оның ішінде 23 мыңын заңды тұлғалар, 105 мыңын жеке кәсіпкерлер және 4,8 мыңын ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік субъектілері құрайды.

Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында шағын және орта бизнес саласында 220,1 мың адам жұмыспен қамтылды. Осы кезеңде өндірілген өнім көлемі 922,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,6 пайызға өсті. Қаланың жалпы өңірлік өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 52,3 пайызды құрады.

Бұл көрсеткіштер кәсіпкерлік саласының қала экономикасындағы маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар бизнестің дамуы халықты жұмыспен қамтуға, тұрғындардың табыс көздерін кеңейтуге және экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары да жалғасуда. 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында 1 632 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Мұндай шаралар кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға, бизнесті кеңейтуге және жаңа өндірістерді іске қосуға жол ашады.

Бұдан бөлек, қалада шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру жобалары қолға алынған. Үш жоба аясында 50-ден астам шағын кәсіпорын ашу және шамамен 300 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Шымкентте кәсіпкерлікті қолдау, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл бастамалар қаланың экономикалық әлеуетін нығайтып, тұрақты дамуына негіз қалайды.

Социальные сети
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы