Зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) шоғырландырылған 2014 жылдан бастап жинақталған таза инвестициялық кіріс 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 13,43 трлн теңгеден асты. Оның қазақстандықтардың жалпы зейнетақы жинақтарындағы үлесі жасалған төлемдер есебімен 41,5%-ды құрайды. Бұл инвестициялық кірістің азаматтардың зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. 2014 жылдан бері зейнетақы активтерін инвестициялау тиімділігі айтарлықтай артты, бұл салымшылардың (алушылардың) жинақтарының жалпы көлемінің едәуір өсуіне ықпал етті.
Қазақстандағы зейнетақы жинақтары – азаматтардың зейнет жасындағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық инвестициялық құрал. Икемді инвестициялық саясат пен активтерді әртараптандыру ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты оң динамиканы қамтамасыз етеді. Қысқа мерзімді кезеңдердегі табыстылық зейнетақы активтерін басқару тиімділігінің негізгі көрсеткіші бола алмайды, өйткені қысқа уақыт аралығында есептелетін қаржы құралдары бойынша сыйақы мен өзге де табыстар бағалы қағаздар құны мен валюта бағамдарының ауытқуын әрдайым толық өтей бермейді. Сондықтан инвестициялық кірістің нақты мөлшерін кемінде бір жылдық кезеңде талдаған жөн.
Өзгермелі макроэкономикалық жағдайлар аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқаруындағы міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы активтерінің соңғы 12 айда салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген кірістілігі 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 9,69% құрады. 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы қарашаға дейінгі кезеңде есептелген инвестициялық кіріс көлемі – шамамен 2,23 трлн теңге.