БЖЗҚ салымшылары бір жыл ішінде 1 триллион теңгеден астам табыс алды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2021 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 13,1 триллион теңгеден асты. Бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды.

Зейнетақы жинақтарының едәуір өсуі 2021 жылғы 1 қаңтардан 1 қазанға дейін 1 триллион теңгеден асқан таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бері  8,89%, ал инфляция 6,2% болды. Бұл ретте соңғы 12 айда инфляция 8,9% болса, кірістілік 10,08%  көрсетті.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. кіреді.

Жалпы барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап, Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 5,8 трлн теңгеден асты. Бұл ретте инвестициялық табыстылық жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап (1998 жыл) 2021 жылдың 1 қазанындағы өсу қорытындысымен 665,38% , инфляция 533,64%  болды. Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген кезден 2021 жылдың 1 қазанына дейін  зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 131,74% көрсетті.

БЖЗҚ салымшылары бір жыл ішінде 1 триллион теңгеден астам табыс алды
Дата публикации
08 ноября 2021