Болашақта лайықты зейнетақыны қалай алуға болады? Зейнетақы жарналарының жүйелілігі – заманауи әлемдік тренд. Неліктен? Өзіңізді қорғауға және барлық шегерімдері жасалатын «адал жалақыны» қалай алуға болады? Осы және көптеген сұрақтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлері «Ашық есік күні» шарасы аясында салымшылармен өткізілетін дәстүрлі кездесу кезінде жауап берді
БЖЗҚ осымен екінші жыл қатарынан өз іс-шараларын виртуалды кеңістікте өткізіп келеді. Коронавирус індеті (Covid-19) салдарынан өкінішке орай, салымшылармен кездесулерді Қор филиалдарында көзбе-көз форматта өткізу мүмкін емес.
Іс-шараға кез-келген адам үйінен шықпай-ақ, онлайн-платформа арқылы қатысып, «Ашық есік күніне» қосыла алды.
Іс-шараның тақырыбы – «Жеке зейнетақы жоспары – жаңа ұрпақтың тренді». Іс-шараның мақсатты аудиториясы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ, 25 жасқа дейінгі жастар болды.
Бәрімізге белгілі, қазақстандықтардың дәл осы жаңа буыны зейнет жасына жеткенде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақтарына арқа сүйейтін болады. Осыған байланысты жастар өз болашағы үшін бүгіннен бастап қамдана бастаулары қажет.