Республика күні мерекесінде Шымкент аспаны түрлі түске боялды. 25 қазанда Shymkent City Park саябағында отбасыларды, балаларды, қала тұрғындары мен қонақтарын біріктірген батпырауықтар фестивалі өтті. Мерекелік іс-шараны «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырды.
Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі – бір мезетте 1000 батпырауықтың көкке көтерілуі болды. Сонымен қатар, келушілерге батпырауық ұшыру жарыстары, алып әуе құрылымдарының шоуы, балаларға арналған шеберлік сабақтары мен интерактивті бағдарламалар ұсынылды.
Мерекелік көңіл күйді концерттік қойылымдар, би нөмірлері мен диджейлердің музыкалық бағдарламалары толықтырды. Кішкентай қонақтар үшін аниматорлар жұмыс істеп, сабын көпіршіктерінің шоуы ұйымдастырылды. Ал, арнайы демалыс аймақтары отбасыларға таза ауада жайлы уақыт өткізуге мүмкіндік берді.
«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Заманбек Орынбеков фестиваль тек мерекелік іс-шара ғана емес, сонымен қатар, қаланың отбасылық демалыс үшін тартымды орын екенін көрсетуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
– Біз Шымкент тұрғындары мен қонақтарына жарқын эмоциялар сыйлап, Республика күнін жақындарымен бірге атап өтуге мүмкіндік беруді мақсат еттік. Мұндай іс-шаралар ерекше атмосфера қалыптастырып, адамдарды біріктіреді әрі қаланың туристік әлеуетін ашуға ықпал етеді. Шымкентте отбасылар мен өзге өңірлерден келетін қонақтарды тартатын іс-шаралардың көбейгені біз үшін маңызды, – дейді Заманбек Орынбеков.
Фестиваль алаңында балалар батпырауық ұшыруды үйренсе, ересектер түрлі белсенді шараларға қатысып, мерекелік бағдарламаны тамашалады. Көптеген тұрғындар фестивальге отбасыларымен бірге келіп, әсерлі сәттерді бөлісіп, естелік суреттерге түсті.
Мерекелік бағдарламаның тағы бір бөлігі – мотоцикл маусымының жабылуы болды. Оған Республика күнін бірге атап өтуге келген 200-ге жуық мотоциклші қатысты.
Шымкентте Республика күніне орай 100 метрлік ту тұғырына Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қала тұрғындары мен қоғам өкілдері және жастар қатысты.
Салтанатты рәсім мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің көрінісіне айналып, ел тарихындағы егемендіктің маңызын тағы бір рет айшықтады. Мемлекеттік ту – Қазақстанның тәуелсіздігінің, халықтың бірлігінің және мемлекет болашағы үшін ортақ жауапкершіліктің символы.
Биыл Қазақ елінің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 36 жыл толып отыр. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған бұл тарихи құжат ел тәуелсіздігіне бастар жолдағы маңызды кезеңге айналып, Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз қалады.
Бүгінде Республика күні азаматтарды ортақ құндылықтар, тарихқа құрмет және Отанның өркендеуіне деген ұмтылыс төңірегінде біріктіреді. Бұл мереке ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтаудың, сондай-ақ, мемлекеттің дамуына әр азаматтың үлес қосуының маңызын еске салады.
Республика күніне орай, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бүгін Қошқар ата өзенінің жағалауы мен оған іргелес аумақтарда тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік іс-шарасына Әл-Фараби және Тұран аудандарының коммуналдық тазалық қызметкерлері мен ерікті жастары, Экология департаментінің қызметкерлері қатысты.
Жиналғандар өзен жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазалап, санитарлық тазалық іс-шараларын атқарды. Тазалық жұмыстарына 470-ке жуық адам қатысып, 27 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, өзен жағалауы мен айналасындағы аумақтар қоқыстан тазартылып, 50 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар, өзен бойындағы ағаш бұталарына санитарлық қырқу жұмыстары жүргізіліп, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға басымдық берілді.
Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осындай игі бастамалар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, туған өлкенің көркеюіне өз септігін тигізеді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласында 2026 жылғы наурыз айынан бастап ауқымды сенбілік жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Айта кетейік, Шымкент қаласында қалалық жайлы ортаны қалыптастыру, экологиялық ахуалды жақсарту және қаланың сәулеттік келбетін арттыру мақсатында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Тазалық іс-шаралары да басты назарда.
Қошқар ата өзенінін аумағын абаттандыру жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда Қошқар ата өзенінің 20,1 шақырымдық аонасын кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары атқарылуда.
Республика күні қарсаңында Шымкентте «Терең тарихтан – жарқын болашаққа» атты республикалық дебат турнирі басталды. Зияткерлік сайыс Қазақстанның әр өңірінен келген жас пікірсайысшылардың басын қосып, оларға тәжірибе алмасуға, шешендік өнерін көрсетуге және қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Турнир 24-25 қазан күндері Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өтуде. Іс-шараны Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы мен университет бірлесіп ұйымдастырды.
Сайысқа Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Ақтау, Талдықорған, Алматы, Тараз қалалары мен Маңғыстау облысынан келген 64 команда қатысуда. Қазақ және орыс тілдерінде өтетін дебат сайысы қатысушыларға өз ойларын еркін жеткізуге, ұстанымдарын дәлелдеуге және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман пікірсайыс қозғалысының белсенді әрі ойлы жастарды қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
«Дебат жастарды өз ұстанымын сауатты жеткізуге ғана емес, қарсыласының пікірін мұқият тыңдауға, ақпаратты талдауға және салмақты шешім қабылдауға үйретеді. Мұндай турнирлер сыни ойлау қабілетін, көшбасшылық қасиеттерді және азаматтық жауапкершілікті дамытуға ықпал етеді. Әсіресе, еліміздің әртүрлі өңірінен келген жастардың бір алаңда кездесіп, тәжірибе алмасуының маңызы зор», – деп атап өтті Жансерік Жұман.
Іс-шараның ашылу рәсімі концерттік бағдарламамен жалғасты. Одан кейін қатысушылар зияткерлік бәсекені бастап кетті. Командалар ұсынылған тақырыптарды талқылап, өз дәлелдерін жүйелеп, төрешілер мен қарсыластарының алдында өз ұстанымдарын қорғады.
ОҚПУ-дың стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек мұндай іс-шаралардың жастардың білімін жетілдіру мен тұлғалық дамуы үшін маңызы зор екенін айтады.
«Университет – білім алатын орын ғана емес, сонымен қатар, дербес ойлау қабілетін, белсенді азаматтық ұстанымды және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыратын орта. Дебат турнирі жастарды күрделі мәселелерді талдауға, түрлі көзқарастарды құрметтеуге және өз пікірін дәлелді түрде қорғауға үйретеді. Мұның бәрі білімді әрі жауапты мамандар даярлау үшін қажет», – деді Баршагүл Исабек.
Турнир 25 қазанда жалғасын табады. Екінші күні қорытынды зияткерлік бәсекелер өтіп, олардың нәтижесінде үздік командалар анықталады.
Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шара жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға, сыни ойлау мәдениеті мен шешендік өнерін жетілдіруге, сондай-ақ, еліміздің әр өңіріндегі жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Шымкент қаласының «Астана» алаңы кеше ерекше мерекелік рухқа бөленді. Республика күніне арналған ауқымды халықтық іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға жинап, елдік пен бірліктің, шаттық пен қуаныштың мерекесіне айналды.
Ұлттық мереке – Республика күніне арналған мерекелік концерттік бағдарламада жергілікті шығармашылық ұжымдармен қатар, елімізге танымал өнер жұлдыздары - Маржан Арапбаева, Қайрат Түнтеков, ӘділетЖауғашар, Сырым Исабаев, Заттыбек Көпбосынұлы, Еркеш Хасен өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырған бұл мерекелік іс-шараның басты мақсаты — ел егемендігі мен тәуелсіздігін дәріптеу, ұлттық бірлік пен отансүйгіштік құндылықтарды ұлықтау.
Республика күні – халқымыздың өткен жолын саралап, тәуелсіздігіміздің мәнін терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды мереке.
Шымкенттегі мерекелік іс-шара осы тарихи күннің мәні мен рухын айшықтап, елдігіміздің тұғырын биіктете түсті.
Мерекелік кеш бүгін де Астана алаңында жалғасын тауып, соңы жарқын отшашумен қорытындыланады.
Республика күні қарсаңында Шымкент қаласындағы Нұрлыбаев көшесі, №22 тозығы жеткен үйде тұрған 7 отбасы жаңа пәтерлердің кілтіне ие болды. Қоныс аудару Көксай шағынауданын жаңарту тұжырымдамасының бір кезеңі саналатын реновация бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, тұжырымдама іске асырыла бастағаннан бүгінге дейін 135 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Пәтерлер Shymkent City және Тұран шағынаудандарындағы тұрғын үй кешендерінен беріліп отыр.
Жаңа пәтерлер толық әрленген және қоныстануға дайын. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету кезінде бұрынғы пәтерлерінің ауданы мен бөлме саны ескеріледі.
Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Шаһар басшысы отбасыларды маңызды оқиғамен құттықтап, жаңа қоныстарында амандық, отбасылық береке мен жылулық тіледі.
Еске салайық, Көксай аумағын жаңарту тұжырымдамасы баспана қорын кезең-кезеңімен жаңартуды ғана емес, инженерлік инфрақұрылымды дамытуды және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруды да көздейді. Тұрғындарды көшіру – аумақты жаңарту мен қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған осы өзгерістердің маңызды бөлігі.
Қазақстанның жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелі (KGIR-2026) аясында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков халықаралық компаниялар және Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Кездесулерде әлеуетті инвестициялық жобалар, жаңа өндіріс орындарын ашу және қала инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
Келіссөздер Пәкістанның FlyCom LLC, AeroNext Global және Forza Roma Group компанияларының, Израильдің Go Carmel Ltd., Норвегияның Jotun және Непалдың CG Group компанияларының өкілдерімен өтті.
Талқылау барысында Пәкістандық серіктестермен агроөнеркәсіп кешенін дамыту және сауда байланыстарын нығайту, Go Carmel Ltd. компаниясының қатысуымен күн энергетикасы нысандарын салу, Jotun компаниясымен бірлесіп сырлы-бояу материалдарын өндіруді ұйымдастыру мәселелері қаралды.
CG Group басшылығымен өткен кездесуде Шымкентте азық-түлік өндіруді ұйымдастыру және кейіннен Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарына шығу мүмкіндіктері талқыланды.
ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Өзханмен кездесуде коммуналдық саладағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Келіссөздер барысында шетелдік серіктестерге Шымкентте жаңа кәсіпорындар орналастырудың, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, сондай-ақ, көлік-логистикалық инфрақұрылымның артықшылықтары таныстырылды.
Қала әкімі шетелдік компанияларға инвестициялық жобаларды пысықтау мен іске асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар алдағы ынтымақтастық байланыс бағыттарын айқындады.
Шетелдік инвестицияларды жұмылдыру және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту Шымкент экономикасының дамуына қосымша серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Шымкент қаласында 18 жасқа дейінгі ерекше балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бір реттік әлеуметтік көмек беру жоспарланған.
Бастапқыда бұл көмекті 25 қазан – Республика күніне орай беру көзделген болатын. Дегенмен, төлемді жүзеге асыру үшін тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде. Жергілікті мәслихат таратылып, осы рәсімдердің аяқталмауына байланысты төлем мерзімі кейінге шегеріліп отыр.
Тиісті шешім қабылданғаннан кейін әлеуметтік көмекті 2026 жылдың соңына дейін төлеу жоспарланып отыр.
Жоспарға сәйкес, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 5 АЕК, ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 20 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік төлем қарастырылған.
Нақты мерзімі қосымша хабарланады.
18 жасқа дейінгі ерекше балалардың ата-аналары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қорғаншыларынан төлем мерзімінің өзгеруіне түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Республика күні қарсаңында Шымкент қаласында Қазақстанның ұлттық мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кешке қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еңбек ұжымдарының мүшелері қатысты.
Қала әкімі көпшілікті Республика күнімен құттықтап, кәсіби қызметінде ерекшеленген, елдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградалар табыстады.
Мегаполис басшысы мерекенің тарихи маңызына тоқталып өтті. 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы маңызды кезең болып, еліміздің Тәуелсіздікке қарай жасаған қадамдарына жол ашты.
«Биыл бұл мереке Қазақстанның жаңа тарихи белесі – Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Егемендік пен елдіктің негіздерін сақтау және нығайту – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Қала әкімі, сонымен қоса, елімізде жалпы ұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституция негізінде саяси және қоғамдық жаңару үдерістері жалғасып жатқанын атап өтті. Ата заң мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, әділдік пен заң үстемдігін нығайтуға негіз болды.
Шымкенттің дамуы туралы сөз қозғаған қала әкімі мегаполистің жетістіктеріне тұрғындардың қосып отырған үлесінің маңызын атап өтті. Бүгінде қаланың экономикалық әлеуеті артып, инвестициялар жұмылдыруда, инфрақұрылымды жетілдіріп, білім, мәдениет және спорт салаларындағы мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл бағыттар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланың одан әрі дамуына ықпал етеді.
Салтанатты іс-шара «Бүгінгі Қазақстан» атты музыкалық-театрландырылған қойылыммен жалғасып, мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Шымкентте тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты басталды. Республика күніне орай ұйымдастырылған жарысқа еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласынан 60-қа жуық спортшы қатысып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар.
Чемпионаттың ашылу салтанатына қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Алдабергенов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева және Шымкент қалалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алмас Толықбай қатысты.
Шымкент қалалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алмас Толықбайдың айтуынша, 21–27 қазан аралығында өтетін чемпионатта спортшылар тоғызқұмалақтың классикалық, рапид және блиц түрлері бойынша сынға түседі. Бірінші және екінші орын алған ойыншылар 2027 жылғы Азия чемпионатына жолдама иеленсе, үшінші орын алған спортшы Азия кубогына қатысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар жарыс нәтижелері Этноолимпиадаға қатысатын ұлттық құраманы іріктеу кезінде ескеріледі.
Түркістан облысының атынан ел біріншілігіне қатысып жатқан Ақбота Намаз – халықаралық деңгейде жетістікке жеткен спортшы. 21 жастағы тоғызқұмалақшы 2023 жылы жастар арасында Азияның екі дүркін чемпионы атанған. Ал биыл ақпан айында Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатында әйелдер арасында топ жарып, әлем чемпионатына жолдама алған. Халықаралық додада да жоғары нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленген Ақбота Шымкенттегі жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Ол бұл жолы да үздіктер қатарынан көрінуді көздейді.
– Чемпионатқа тыңғылықты дайындалдым. Ендігі мақсатым – жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіске жету, – дейді Ақбота Намаз.
Айта кетейік, бұл – 2026 жылғы рейтингтік маусымның соңғы жарысы. Чемпионат қорытындысында ел үздіктері анықталып қана қоймай, маусымның ең үздік ойыншысы да белгілі болады. Жарыс қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының, «Әділет» партиясының, «Ернияз» және Delix компанияларының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.