Суды жеке есепке алу аспаптарын орнату мәселелері бойынша түсіндірме жүргізілді.
Тұрғындардан суды жеке есепке алу аспаптарын (ЖЕА) орнату және пайдалану мәселелері бойынша келіп түсіп жатқан сұрақтарға байланысты төмендегіні түсіндіреміз.
Қазақстан Республикасында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту және цифрландыру жөніндегі мемлекеттік саясат жүзеге асырылуда.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында коммуналдық ресурстарды есепке алудың заманауи жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу көзделген. Сумен жабдықтау саласында 2029 жылға қарай есепке алу нүктелерінің 100 пайызын деректерді қашықтан беру мүмкіндігі бар есепке алу аспаптарымен қамтамасыз ету міндеті қойылған.
Сондай-ақ коммуналдық ресурстарды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесі – Smart Turmys жүйесін дамыту қарастырылған.
Осылайша, көрсеткіштерді автоматты түрде беру мүмкіндігі бар есепке алу аспаптарына көшу – жекелеген сумен жабдықтау кәсіпорнының бастамасы емес, коммуналдық саланы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 наурыздағы №77 бұйрығына сәйкес, 2025 жылғы 8 тамыздағы №295 бұйрықпен бекітілген «Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде суды есепке алу аспаптары мен жүйелерін таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларына» енгізілген өзгерістер мен толықтырулар 2026 жылғы 27 наурыздан бастап күшіне енді.
Аталған талаптарға сәйкес, есепке алу аспабын алғаш рет орнату немесе ауыстыру кезінде белгіленген техникалық талаптарға сәйкес келетін және деректерді автоматты түрде беру мүмкіндігін қарастыратын жабдықты пайдалану қажет.
Бұл есепке алу аспаптарын алдағы уақытта цифрлық есепке алу жүйесіне интеграциялау және көрсеткіштерді қолмен беруден автоматтандырылған деректер алмасуға көшу үшін қажет.
Жобаның іске асырылуы туралы
Ұлттық жобаны іске асыру аясында «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС деректерді қашықтан беру мүмкіндігі бар 150 000 интеллектуалды есепке алу аспабын орнату жобасын әзірледі.
Қазіргі уақытта жоба бойынша төрт уәкілетті органның шешімі алынды. Конкурстық рәсімдерді өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Келесі кезеңде конкурс өткізіліп, жобаны жүзеге асыратын мердігер ұйым анықталады.
Жобаны қаржыландыру үшін қарыз қаражатының көзі табылса және конкурстық рәсімдер аяқталған жағдайда, жобаны 2027–2029 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланып отыр.
Қаржыландыру мәселесі
Бұл ретте келесі жайттарды атап өткен жөн.
Ұлттық жоба аясында есепке алу аспаптары орнатылған жағдайда, оларды сатып алу және орнату шығындарын тарифтік сметаларға енгізу қажет болады.
Сонымен қатар, табиғи монополиялар туралы қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес, қызмет көрсетуші есепке алу аспаптарын орнатуға міндетті, ал тұтынушы есепке алу аспаптарын сатып алу және орнатуға жұмсалған шығындарды өтеуге міндетті.Осыған байланысты нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу қажет.
Қазіргі уақытта бұл мәселе тиісті министрліктер тарапынан қарастырылуда.
Осыған орай, қазіргі уақытта аталған жоба аясында пәтерлердегі су есептегіш құралдары тегін орнатылып жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Жобаны іске асырудың келесі кезеңдері, есепке алу аспаптарын орнату шарттары мен мерзімдері туралы тиісті шешімдер қабылданғаннан кейін қосымша ақпарат берілетін болады
ШЫМКЕНТТЕ ЖЕРАСТЫ ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕРІ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯМЕН ЖАҢАРТЫЛУДА
«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС су құбыры және кәріз желілерін қайта жаңарту жұмысын жалғастыруда. Қазіргі таңда Қазақстанская правда көшесінде мамандар көлденең бағытталған бұрғылау технологиясын қолдануда.
Жұмыс басталмас бұрын арнайы құрылғылардың көмегімен тиісті өлшемдер жүргізіліп, жер астындағы бұрғының тереңдігі, қозғалыс бағыты мен траекториясы тұрақты бақылауда болады. Бұл жұмысты жоғары дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді.
Келесі кезеңде арнайы қондырғы белгіленген бағыт бойынша жер астында арна қалыптастырып, сол арқылы жаңа құбыр тартылады.
Аталған технологияның басты артықшылығы – жолды толық көлемде қазбай-ақ инженерлік желілерді жаңартуға мүмкіндік беруі.
Нәтижесінде жер қазу азайып, жол қозғалысына және тұрғындарға келетін қолайсыздық барынша төмендетіледі.
Заманауи технология – сапалы әрі тиімді инфрақұрылымның негізі.
Бүгін «OTYRAR» телеарнасының тікелей эфирінде өткен «Халық & Билік» бағдарламасының қонағы Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Балтабекұлы Меңдіқұлов болды.
Тікелей эфир барысында басқарма басшысы Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылым саласының бүгінгі ахуалы, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар, жүзеге асырылып жатқан жобалар және алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндады.
Сондай-ақ, тұрғындарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар жөнінде ақпарат беріп, көрермендер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.