Біздің міндет – халыққа қызмет!
Президентіміздің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» сыбайлас жемқорлықтың себептерін анықтап, оның алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы өзгертуге бағытталған маңызды құжат болып табылады.
Соңғы уақыттарда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заңнамаларды жетілдіру үшін, тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп келеді.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшімен қатар, оның отбасы мүшелерінің сыйлықтар алмауы, сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін қылмыстық жазаға тартылғандарды мерзімінен бұрын босап шығуына тиым салу және олардың жазаларын қатаң режимде өтеуі, жемқорлық әрекеттерін алдын алу мақсатында құзырлы органдарға хабарлама берген азаматтарға берілетін сыйақы мөлшерінің артуы секілді шаралар.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және басшылық тәжірибесін тиімді қолдану мақсатында, мемлекеттік қызметшілер ротациясы, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыру мақсатында, әдеп нормалары мен мемлекеттік қызметке кір келтіретін әдепті бұзғаны үшін алынбаған тәртіптік жазасы болса, қызметшінің басқа лауазымға ауысуына тиым салу жөніндегі шектеулер заңмен бекітілген.
2023 жылы Еңбекші аудан әкімі аппараты қызметінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіліп, анықталған тәуекелдерді жою жөнінде тиісті шаралар қабылданды.
Күнделікті жұмыс барысында, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларын қатаң сақтау, жемқорлық әрекеттер үшін заңмен көзделген жауапкершіліктер жөнінде ескертіліп, Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қызметшілері арасында құқықтық сабақтар мен семинарлар тұрақты түрде өткізіліп отырады.
Сөз соңында, Алаш ардақтылары Ә.Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету - білімнен емес, мінезден!» және Б.Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмас, тәртіпке бағынған құл болмас!» деген сөздерін негізге ала отырып, сыбайлас жемқорлықты болдырмау мен алдын-алу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мақсатында жұмыла жұмыс жүргізуіміз қажет дегім келеді.
Д.Есілбек, Еңбекші ауданының әкімі