
Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 76 жылдығына орай Шымкент қаласының дін істері басқармасы Абай аудан әкімдігімен бірлесіп Отан қорғаған Қужаназаров Тілеумбет соғыс ардагерінің шаңырағына арнайы барып майдангер қартқа қала әкімі атынан құттықтау хаты мен сыйлығын тапсырды.
Қужаназаров Тілеумбет 1925 жылы 22 қаңтар айында Қызылорда облысы, 16-шы ауылда дүниеге келген.
1942 жылы әскер қатарына алынып, №1034-ші дайындық полкінің құрамында болған. Одан соң Иркутск қаласындағы авиациялық училищеге механик оқуына жіберілген. Соғыс кезінде Белоруссия, Украина, Румыния, Венгрия және Германияны сондай-ақ, Жапонияны босату шайқастарына қатысқан.
1950-1985 жылдары Оңтүстік Қазақстанға көшіп келіп, Шәуілдір мен Түркістан қаласында темір жол машинист көмекшісі, ауыл шаруашылығының қамыс және Ачполиметалл зауыттарында бас механик, сондай-ақ, Шымкент ет комбинатында механизатор болып жұмыс істеген, осы жерден зейнеткерлікке шыққан.
Біз соғысқа қатысқан ардагерлерді өз көзімізбен көрген соңғы ұрпақпыз. Өкінішке орай соғысқа қатысқандар күнен күнге азаюда, сол себепті ардагерлерімізді ардақтап, құрметтеп жүрейік!