Shymkent City шағынауданында жаңа емхананың құрылысы басталады. Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында салынады.
Жаңа емхана 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіп, ауысымына 500 келушіні қабылдайды.
Медициналық мекемеде ересектер мен балалар бөлімшелері, әйелдер консультациясы, отбасылық денсаулық орталығы, диагностикалық зертхана, КТ және МРТ, рентген-маммография, эндоскопия кабинеттері, күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия және оңалту бөлімдері қарастырылған.
Жоба заманауи медициналық талаптарға сай әзірленіп, пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Нысанның іске қосылуы тұрғындарға алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдары қызметкерлерінен құралған команда республикалық сайыста топ жарды.
Қостанай қаласында өткен «Спорт нашақорлыққа қарсы» республикалық спартакиадасында Шымкент қаласының медицина қызметкерлерінен құралған құрама команда жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды!
Спорт түрлері бойынша нәтижелер:
🥇 Үстел теннисі — І орын
🥇 Тоғызқұмалақ — командалық І орын
🥇 Баскетбол 3×3, қыздар — І орын
🥈 Баскетбол 3×3, ерлер — ІІ орын
🥉 Волейбол — ІІІ орын
Бұл — спортшыларымыздың табандылығы, ұйымшылдығы мен жеңіске деген жігерінің нәтижесі!
Спорттық сайыста топ жарған медицина қызметкерлерін жарқын жеңістерімен құттықтаймыз!
Шымкент қаласындағы №2 қалалық ауруханада күрделі нейрохирургиялық операциялар заманауи медициналық технологиялардың көмегімен тегін жасалуда.
Жақында мұнда 38 жастағы әйелге ми тамырының аневризмасына байланысты жоғары технологиялық эндоваскулярлық операция жасалды. Мұндай операцияның құны 6 млн теңгеден асады. Науқасқа медициналық көмек тегін көрсетілді.
Науқас біраз уақыт бойы басының қатты ауыратынын айтып, дәрігерге қаралған. Тексеру барысында МРТ зерттеуі арқылы ми тамырында аневризма бары анықталған.
Аневризма – қан тамыры қабырғасының әлсіреп, белгілі бір бөлігінің кеңеюі. Оның ең қауіпті асқынуы – аневризманың жарылып, миға қан құйылуы. Сондықтан ауруды ерте анықтап, дер кезінде ем қабылдау маңызды.
Науқасқа ашық операция жасалмай, заманауи эндоваскулярлық әдіс қолданылды. Арнайы медициналық құралдар қан тамырының ішінен енгізіліп, аневризмаға стент қойылды. Бұл әдіс аневризмаға түсетін қан ағымын азайтып, оның жарылу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Операцияны нейрохирург дәрігер Еркін Медетов орындады.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында.
Айта кетейік, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету аясында тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда мұндай күрделі операциялар пациенттерге тегін жасалады.
Шымкент қаласында инсультті ерте анықтауға арналған CEREBRA жасанды интеллект жүйесі кезең-кезеңімен медициналық ұйымдарға енгізілуде. Заманауи технология енді №1 Қалалық клиникалық ауруханасында да іске қосылды.
CEREBRA жүйесі бас миының компьютерлік томография (КТ) нәтижелерін автоматты түрде талдап, ишемиялық және геморрагиялық инсульттің алғашқы белгілерін анықтауда дәрігерлерге жедел көмек көрсетеді. Бұл диагностиканың дәлдігі мен жылдамдығын арттырып, науқасқа уақытылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Инсульт кезінде әрбір минут маңызды. Уақтылы қойылған диагноз және емнің ерте басталуы ми жасушаларын сақтап қалуға, ауыр асқынулардың алдын алуға және науқастың өмірін сақтауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастырмайды. Ол – дәрігердің сенімді көмекшісі. Соңғы диагнозды қою және емдеу тактикасын анықтау әрдайым білікті дәрігердің құзырында. Ал CEREBRA жүйесі күрделі клиникалық жағдайларда шешім қабылдауға қосымша қолдау көрсетіп, медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, бұған дейін CEREBRA жасанды интеллект жүйесі №2 Қалалық ауруханада енгізілген болатын. Осылайша, Шымкент қаласының медициналық ұйымдарында цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып, тұрғындарға сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсету мүмкіндігі кеңейіп келеді.
Шымкент қаласында елімізде алғаш рет жедел медициналық жәрдем қызметкерлерін интеллектуалды смарт-бейнежетондармен жабдықтау жобасы толық жүзеге асырылды. Жоба медициналық персоналдың қауіпсіздігін күшейтуге және шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жедел жәрдем бригадаларына арнайы құрылғыларды табыстап, жүйенің тәжірибелік қолданылуына ресми түрде старт берді. Жоба Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында іске асырылды.
Жалпы жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандарына 240 смарт-бейнежетон берілді. Құрылғыларды орнату, баптау және жаппай пайдалануға енгізу жұмыстары толық аяқталған.
Айта кету керек, жоба толық іске қосылар алдында үш ай бойы пилоттық режимде сынақтан өтті. Сынақ нәтижелері цифрлық шешімнің тиімділігін дәлелдеді.
Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері жүктіліктің 24 аптасында, мерзімінен ертең келген сәбидің өмірін сақтап қалды.
Туған кездегі салмағы небәрі 700 грамм болған нәресте бірнеше айлық ем мен күтімнен кейін үйіне шығарылды.
Сәби 2026 жылдың 9 қаңтарында дүниеге келген. Анасының жүктілігі ауыр өтіп, түрлі асқынулар байқалған.
Бірден қалалық перинаталдық орталықтың жаңа туған нәрестелер реанимациясы және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған шақалаққа шала туу, тыныс алудың бұзылуы және экстремалды төмен салмақ диагноздары қойылған.
Дәрігерлер мен мейіргерлер бірнеше ай бойы сәбиге тәулік бойы күтім жасап, қажет ем шараларын жүргізді. 94 күн реанимацияда, одан кейін 15 күн жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінде ем қабылдады. Нәтижесінде сәбидің жағдайы жақсарып, салмағы 2460 граммға жетті.
Қазіргі таңда ана сүтімен қоректеніп, салмақ қосып келеді. Анасына сәбидің күтімі толық үйретіліп, нәресте өмірінің 109-күні үйіне шығарылды.
70 жастағы науқас бірнеше ай бойы екі аяғының ұюына, сондай-ақ үлкен және кіші дәретінің бұзылуына шағымданған. Уақыт өте келе оның жағдайы нашарлап, №1 қалалық клиникалық ауруханада толық тексеруден өтті. Тексеру барысында кеуде омыртқасының 6–7 тұсында жұлын ішінде үлкен көлемді ісік анықталды. Егер ісік шұғыл түрде алынбағанда, ол өте ауыр және қайтымсыз асқынуларға, соның ішінде аяқтардың сал болып қалуына және жұлынның қайтымсыз зақымдануына әкелуі мүмкін еді.
Дәрігерлер жоғары кәсіби шеберлік пен зергерлік дәлдіктің арқасында аса қауіпті аймақта орналасқан ісікті толық алып тастады. Операция бірнеше сағатқа созылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен жүргізілді. Нәтижесінде жұлын ішіндегі ісік толық алынып, ота сәтті аяқталды.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарған: аяқтарындағы ұю толық жойылып, үлкен және кіші дәретінің қызметі қалпына келген. Дәрігерлердің айтуынша, ол алдағы бірнеше күнде үйіне шығарылатын болады.
Бұл – шымкенттік ақ халатты абзал жандардың кәсібилігі мен заманауи медицинаның мүмкіндіктерін айқын көрсететін тағы бір жарқын жетістік.
Шымкент қаласы әкімінің орынбааары Арман Сабитовтың төрағылығымен «МӘМС жүйесіне халықты тарту» тақырыбында жұмыс кеңесі өтті.
Жиынға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылмаған азаматтармен жүргізілген жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Кеңес барысында МӘМС жүйесінің тиімді жүзеге асырылуы халықтың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуындағы маңызды тетіктердің бірі екені атап өтілді. Осыған байланысты сақтандырылмаған азаматтардың үлесін азайту, олардың сақтандыру мәртебесін нақтылау және жүйеге тарту бағытындағы жұмыстардың барысы талқыланды.
Жиында Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Калибеков баяндама жасап, қала бойынша сақтандырылмаған азаматтармен жүргізілген жұмыстардың қорытындысы туралы баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, тұрғындардың сақтандыру мәртебесін нақтылау және жүйеге тарту бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Кеңес барысында жекеменшік медициналық ұйымдарда сақтандырылмаған азаматтар санын азайту мәселесіне де назар аударылды. Осы бағытта қабылданған шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша денсаулық сақтау басқармасына сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды. Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалына жекеменшік медициналық ұйымдармен бірлескен түсіндіру жұмыстарын жүргізу және атқарылған жұмыстар туралы есепті ай сайын ұсыну міндеті жүктелді.
Келіп түскен шағымдарда:
– лицензиясыз немесе тиісті біліктіліксіз қызмет көрсету;
– санитариялық талаптардың сақталмауы;
– стерильділік нормаларының бұзылуы;
– тіркелмеген препараттарды қолдану;
– ауыр диагноздарды «толық емдеп жазамыз» деген жалған уәделер беру фактілері көрсетілген.
Мұндай жағдайлар пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Еске саламыз:
Қазақстанда аталған қызмет түрлері медициналық қызмет болып саналады және міндетті түрде лицензиялануы тиіс.
Ем қабылдар алдында міндетті түрде:
Медициналық лицензиясын
Мамандардың дипломы мен сертификаттарын
Қолданылатын дәрілік заттардың тіркелуін тексеріңіз
Денсаулығыңызға немқұрайлы қарамаңыз!
Күмәнді немесе заңсыз қызмет көрсету деректері анықталған жағдайда тиісті органдарға хабарлаңыз.