Осыған байланысты Шымкент қаласының білім басқармасы мемлекеттік білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жыл сайын жоспарлы түрде және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілетінін хабарлайды.
2025–2026 оқу жылында жергілікті бюджеттен 2 046 386 462 теңге көлемінде қаражат бөлініп, мемлекеттік білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету мақсатында 554 382 дана оқулық сатып алынып, білім беру ұйымдарына уақытылы таратылды.
Ал 2026–2027 оқу жылына жергілікті бюджеттен 2 388 319 00 теңге көлемінде қаржы қарастырылып, оқулық қорын жаңарту, тозығы жеткен оқулықтарды ауыстыру және білім алушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 11 баспадан 600 мыңға жуық оқулыққа тапсырыс берілді.
Құрметті ұстаздар мен ата-аналар!
Құрметті балалар, оқушылар мен студенттер!
Сіздерді ең жарқын мереке - Білім күнімен құттықтаймыз!
Бірінші қыркүйек әрдайым керемет мереке және білімнің, жаңа ашылулардың, жетістіктер мен жеңістердің, достармен және дана тәлімгерлермен, тәрбиешілермен кездесудің және қызықты әлемге саяхаттың басталу күні. Бұл күн бәріміз үшін маңызды, ол үлкенге де, кішіге де бірдей қымбат. Өйткені, адам өмірінде қандай биіктерге жетсе де, бұл білім арқасында. Президентіміз Қ.Тоқаев атап өткендей, цифрлық дәуірдегі жаңа білім мен дағдылар жаңа буынның болашақ табысының кілті болып табылады.
Бұл күні ерекше алғыс пен ризашылық сөздері балаларға барлық уақыттары мен күштерін, білімдерін, жылы лебіздері мен шын жүректен жылулықтарын беретін ұстаздарымызға айтқымыз келеді. Көп жағдайда еліміздің болашағы мұғалімдерге байланысты.
Жаңа оқу жылы барлығыңыз үшін сәтті және қуанышты болсын!
Шымкентте «Халық Конституциясының нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында дәстүрлі қалалық тамыз педагогтер конференциясы өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және білім беру саласының 2 мыңға жуық өкілі қатысты.
Конференция тақырыбы Мемлекет басшысының Республикалық тамыз конференциясында айқындаған негізгі басымдықтарын қамтыды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Халық Конституциясында білім беру саласына ерекше мән берілгенін атап өтіп, адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде белгіленгенін атап өтті.
Іс-шараға қатысушыларға сөз арнаған қала әкімі өскелең ұрпаққа сапалы білім беру еліміздің тұрақты дамуының стратегиялық негізі екенін атап өтті. Сондықтан білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.
Мемлекет басшысы білім сапасын арттыруға, педагог мәртебесін көтеруге және әр балаға тең мүмкіндік беруге ерекше көңіл бөліп келеді. Президент басым міндеттердің қатарында педагог кадрлар тапшылығын азайтуды, мұғалімдердің артық жүктемесі мен қағазбастылықты төмендетуді, білім сапасын арттыруды, сондай-ақ, жасанды интеллектіні оқу процесіне тиімді енгізуді атап өтті», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Қала әкімі қалалық бюджеттің шамамен үштен бірі осы саланы дамытуға бағытталатынын да атап өтті. Соңғы екі жылда қалада 13 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Биыл алты мектеп пен бір балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіліп, жеті мектепке қосымша ғимараттар салынды. Мектеп инфрақұрылымын дамыту жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.
Конференция барысында қала әкімі білім беру саласындағы елеулі жетістіктері мен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар педагогке Мемлекет басшысының атынан «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарын табыстады.
Сонымен қатар, «Білім беру шебері» қалалық байқауының жеңімпаздары марапатталып, «Орта білім беретін үздік ұйым» гранты және қала әкімдігі гранттарының сертификаттары табысталды.
Іс-шара барысында 2025-2026 оқу жылының қорытындысы шығарылып, алдағы оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалды. Қатысушылар білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы, цифрлық трансформация, заманауи білім беру технологияларын енгізу және инклюзивті білім беруді дамыту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, тәрбие жұмысына, мектеп пен отбасы арасындағы өзара іс-қимылға, өскелең ұрпақ бойында «Адал азамат» құндылықтарын қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Конференцияға қатысушылар білім беру саласындағы өңірлік бастамалар мен цифрлық білім беру платформаларының мүмкіндіктері бойынша пікір алмасты.
Талқылау секциялық алаңдарда жалғасын тауып, педагогтер білім беру процесін ұйымдастырудың практикалық мәселелері мен жаңа оқу жылындағы міндеттерді қарастырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті.
Салтанатты іс-шараға 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері шақырылды. Физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндерінен беделді білім сайысында топ жарған жеңімпаздардың алтауы – алтын медаль, он бірі – күміс, төртеуі – қола медаль иегерлері.
Президент білім сайысында үздік нәтижеге қол жеткізген дарынды жастарды жарқын жеңісімен құттықтап, оларға шынайы ризашылығын білдірді.
– Әрқайсыңыз әлемнің ең зияткер оқушыларымен бәсекеге түсіп, беделді білім додаларында топ жардыңыздар. Көк Туымызды биікке көтеріп, еліміздің абырой-беделін арттыруға мол үлес қосып жүрсіздер. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Қазақстанның жарқын болашағы – ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Сіздер ел мақтанышы деген атқа лайықсыздар! – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев табанды еңбек, үздіксіз ізденумен жеңіп алған әр медальдің бағасы қымбат, маңызы зор екенін атап өтті.
– Сағаттап оқу, айлар бойы дайындық жүргізу, жылдар бойы биік мақсатқа ұмтылу үшін, ең алдымен, қажырлы қайрат пен мықты күш-жігер керек. Ұлы Абай да «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп өсиет айтты. Сіздер әрқайсыңыз көп ұзамай білікті инженер, көрнекті ғалым, мықты маман боласыздар. Жаңа технологияларды ойлап тауып, еліміздің өркендеуіне, әлемнің дамуына ықпал ететін жаңалық ашасыздар. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Президент.
Мемлекеттік білім беру тапсырысының 70%-ы техникалық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға бағытталатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
«Елімізде 763 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алуда. Техникалық және кәсіптік білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студентті қабылдау жоспарлануда. Мемлекеттік білім беру тапсырысының 70%-ы техникалық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға бағытталатын болады. Кәсіпорындардың өтінімдері негізінде, кейіннен міндетті түрде жұмысқа орналастыруды көздей отырып, 10 мыңнан астам студентті қабылдау жоспарлануда», — деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Министр жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттардың, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, шамамен 500 білім беру бағдарламасы әзірленіп, жаңартылғанын атап өтті. 27 колледжде білім беру бағдарламаларының халықаралық салалық және кәсіптік талаптарға сәйкестігін бағалау рәсімі өткізілді. Аккредиттеу қорытындысы бойынша 134 педагог пен 347 студент халықаралық сертификаттарға ие болды. Жыл басынан бері шетелдік оқу орындарымен академиялық ұтқырлық, халықаралық салалық аккредиттеу және тағы да басқа мәселелер бойынша 80-ге жуық меморандум мен келісімге қол қойылды.
Шымкент қаласының әкімдігі 2026-2027 оқу жылына жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінген білім беру гранттары бойынша кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарының тізімін жариялайды.
Тізімде көрсетілген бакалавриат бағыттары бойынша (медицина саласындағы бакалавриаттың білім беру бағдарламаларын қоспағанда) білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу және әкімдік грантын иелену үшін Шымкент қаласының тұрғындары болып табылатын талапкерлер 2026 жылғы 12-14 тамыз аралығында таңдаған жоғары оқу орнына қажет құжаттарын тапсыруы тиіс.
Құжаттар тізімі бойынша толық ақпаратты таңдаған жоғары оқу орнынан алуға болады.
Сонымен қатар, медицина саласындағы бакалавриаттың білім беру бағдарламалары бойынша білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу және әкімдік грантын иелену үшін Маңғыстау облысының тұрғындары болып табылатын талапкерлер 2026 жылғы 12-14 тамыз аралығында жоғары оқу орнына қажет құжаттарын тапсырады.
Құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін талапкерлердің өтінімдері арнайы комиссияның қарауына ұсынылып, белгіленген тәртіппен конкурс өткізіледі.
Конкурс қорытындысы бойынша әр білім беру бағдарламасы бойынша грант иегерлерінің тізімі Шымкент қалалық білім басқармасының ресми интернет-ресурсында және Instagram парақшасында (@bilim_shymkent) жарияланады.
Грант иегерлеріне жергілікті атқарушы орган тарапынан білім беру грантын тағайындау туралы куәлік 2026 жылғы 25 тамыздан кешіктірілмей беріледі.
Аталған куәлік негізінде жоғары оқу орнының ректоры тиісті бұйрық шығарып, грант иегерін жоғары оқу орнына оқуға қабылдайды.
Жиын барысында білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсету туралы баяндалып басқарма басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік биылғы жылдан бастап Шымкент қаласында қаржылық және материалдық көмекке өтінім беру процесі «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Өтініштер электронды түрде қабылданып, отбасының заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігі қаралады, қаржылық көмек көрсету негіздері Ұлттық білім беру деректер қоры (НОБД) арқылы тексеріледі, қарау нәтижелері тіркеледі және қаражаттың аударылуы мен мақсатты пайдаланылуы бақыланады.
Бүгінгі күнге (2026 жылғы 11 тамыздағы жағдай бойынша) жүйеге 78 543 өтініш келіп түсті. Оның 18 927-і (24,1%) қаралуда,
9 612 (12,2%) өтініш бойынша көмек тағайындалып, төлем күтілуде. Ал, 50 004 өтініш (63,6%) бойынша қаржылық және материалдық көмек тағайындаудан бас тартылды.
Бас тартулардың басым бөлігі Екінші санатқа жататындығы расталмаған өтініштерге қатысты болып отыр.
Осыған орай, Ұлттық білім беру деректер қорынан (НОБД) қандай себеппен бас тартылғаны жөнінде мәлімет алуға мүмкіндік жоқ, себебі ол әр азаматтың жеке дербес деректері болып табылады және заңмен қорғалады.
Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Оқу-ағарту минитсрліктерімен бірнеше жиналыстар өткізіліп, бас тартудың себебі жөніндегі мәліметті өтініш берушілердің өзіне ғана көруге мүмкіндік беру мәселесі қаралуда.
📺 Баспасөз мәслихатының толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы көре аласыздар: https://www.youtube.com/live/XhD3fs8rn1I? si=3cCA9YOm_NEPpbFK
ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес әлеуметтік осал санаттағы балаларға қаржылық және материалдық көмек көрсетіледі.
Толық ақпарат инфографикада көрсетілген.