ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ОРТА БІЛІМ БЕРУ КОМИТЕТІ
2024 ЖЫЛЫ ПЕДАГОГТЕРДІ АТТЕСТАТТАУ РӘСІМІН ӨТКІЗУ БОЙЫНША НҰСҚАУЛЫҚ ХАТ
Астана, 2024
Кіріспе
Педагогтердің кәсіби қызметі үнемі жаңаруды және шеберлікті жетілдіруді, тәжірибені дамытуды, құзыреттілік деңгейін арттыруды талап етеді. Бұл мәселені шешудің маңызды құралдарының бірі – педагогтерді аттестаттау.
Аттестаттаудың мақсаты: педагогтердің біліктілік деңгейінің біліктілік санаттарына қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілеу немесе педагогтердің кәсіби қызметін бағалау негізінде олардың атқаратын лауазымдарына сәйкестігін растау.
Аттестаттау кезінде білім беру ұйымдарының басшылары білуі қажет заңнамалық актілердің тізбесі:
- Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі;
- Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекс;
- «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
- «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
- «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
- «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
- «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары» Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығы;
- «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығы;
- «Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 514 бұйрығына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің м.а. 2022 жылғы 17 тамыздағы № 371 бұйрығы;
- «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығы;
Педагогтерді үздіксіз кәсіби дамыту мақсатында Оқу-ағарту министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) педагогтерді аттестаттау рәсімінің әдістерін толығымен қайта қарады, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығымен бекітілген Педагогтерді аттестаттауды өткізу қағидалары мен шарттарына өзгерістер енгізілді және ҚР Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 2 сәуірдегі № 72 бұйрығымен бекітілді (ҚР ӘМ нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2024 жылғы 2 сәуірде
№ 34217 болып тіркелді (бұдан әрі – Қағидалар).
Автоматтандыруды енгізуге байланысты Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары 2 кезеңге: автоматтандыру енгізілгенге дейін (бұйрыққа 1-қосымша) және автоматтандыру енгізілгеннен кейін (бұйрыққа 2-қосымша) бөлінеді:
1-қосымша (автоматтандыру енгізілгенге дейін) ресми жарияланған күннен кейін (2024 жылғы 8 сәуір) күшіне еніп, аттестаттау жаңа талаптарға сәйкес жүргізіледі, бірақ ағымдағы жылы аттестаттаудан өтетін педагогтер, оның ішінде ескі форматтағы санаттары бар (екінші, бірінші, жоғары) педагогтер үшін қолданыстағы цифрлық ресурстар қолданыла отырып жүзеге асырылады.
2-қосымша (автоматтандыру енгізілгеннен кейін) 2025 жылғы
1 қаңтардан бастап педагогтердің үздіксіз кәсіби даму ұлттық платформасы (педагогтің кәсіби қызметі туралы деректерді жинауды және өңдеуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе) енгізілгеннен кейін аттестаттау Платформада автоматтандыру арқылы жүзеге асырылатын болады.
Педагогтерді аттестаттау рәсімінің негізгі құралы процесті автоматтандыру, яғни Педагогтердің үздіксіз кәсіби даму ұлттық платформасын – педагогтің кәсіби қызметі туралы деректерді жинауды және өңдеуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйені (бұдан әрі – Ұлттық платформа) енгізу арқылы бірыңғай ақпараттық жүйені құру болып табылады.
Осы нұсқаулық хат бекітілген Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес 2024 жылғы сәуірден бастап аттестаттауды өткізу кезінде педагогтер мен білім беруді басқару органдарына қолдау көрсетуге бағытталған.
АТТЕСТАТТАЛАТЫН ПЕДАГОГТЕР ҮШІН ӘР ҚАДАМЫ КӨРСЕТІЛГЕН НҰСҚАУЛЫҚ
1-қадам. Білім беру ұйымының әкімшілігі педагогпен бірлесіп педагогтің біліктілігі мен кәсіби даярлығына қойылатын талаптарға сәйкес аттестатталатын педагогтің аттестаттау кезеңіндегі құжаттарын, әдістемелік материалдарын, педагогикалық ресурстарын электрондық форматта жинайды.
Жинау үшін қажетті құжаттардың тізбесі аталған бұйрықтың
8-қосымшаның 8-тармағында көрсетілген.
Файлдарды дербес компьютердің жұмыс үстелінде компьютердің қойындылары бар бөлек жинақтауыш-папкада немесе Google-дискіде (файлдарды сақтау, түзету және синхрондау қызметі) жинау және құжаттарды (байқау парақтарын, семинар бағдарламаларын, тәжірибені қорыту материалдарын, жарияланымдарды, сертификаттарды, тәлімгерлік туралы бұйрықтарды және т. б.): мәтіндік файлдарды бөлек; ішкі папкада барлық кескін файлдарды (дипломдар, сертификаттар және т.б.) бөлек жинап жүйеге келтіру қажет.
Әр файлдың атауын оның мазмұны түсінікті болатындай атын өзгерту қажет. Файл жасалған күндерді жыл, ай, күн деген ретпен (мысалы: 2024.03.31) жазу қажет. Жинақтауыш-папкаға файлдар (түссіз қалталар) кірістірілген құжаттармен бірге тігілуі керек. Құжаттары бар файлдарды құжаттардың жоғалуын болдырмау үшін ашық жағын жоғары қаратып орналастыру керек. Ыңғайлы болу үшін құжаттарды күнтізбелік тәртіппен тақырыптық топтарға жинауға болады.
Құжаттамада ұсынылған мәліметтер толық, нақты және ондағы ақпарат объективті болуы тиіс.
2-қадам. 3-параграфтың 2-тарауының 56-тармағына сәйкес аттестатталатын педагог біліктілік санатын беруге (растауға) өзінің дайындық деңгейін айқындауы тиіс.
3-қадам. Аттестатталатын педагог ПББ тестін тапсыруды
2-тараудың 5-17-тармақтарына сәйкес:
- Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған ұйымға ПББ өткізетін оператордың сайтында өтініш беруді;
- ПББ тестін тапсыру мерзімі мен орнын анықтауды;
- ПББ тестін тапсыруды жүзеге асырады.
МАҢЫЗДЫ! Педагог ПББ өткізу ережелерін бұзбауы тиіс, себебі бұзушылық фактісі анықталған жағдайда педагогке бір жыл мерзімге аттестаттаудан өтуге рұқсат берілмейді. ПББ өткізу ережелерін бұзу фактісі қайталанған жағдайда педагогке бес жыл мерзімге аттестаттаудан өтуге рұқсат берілмейді.
Педагог ПББ нәтижесімен келіспеген жағдайда ПББ тапсыру залынан шықпай тұрып, компьютерлік тестілеу жүйесі арқылы әрбір тапсырма бойынша дәлелді негіздемесімен (толық түсіндірмесі, тапсырмаларды шешудің әрбір қадамы көрсетілген және т.б.) апелляцияға өтініш беруге құқылы.
Педагог ПББ өткізу залынан шыққаннан кейін апелляцияға өтініштер қабылданбайды.
4-қадам. Білім беру ұйымы әкімшілігі аттестатталатын педагог құжаттарының бар-жоғын тексереді:
1) Қағидаларға 15-қосымшаға сәйкес портфолио дайындау;
Маңызды! Зерттеу қызметі (практиканы зерттеу) негізінде («педагог-зерттеушілер», «педагог-шеберлер» үшін) жарияланымдардың болуы.
Жарияланымдардың авторлары 3 педагогтен артық болмауы тиіс.
2) Қағидаларға 16-қосымшаға сәйкес сабақты (оқуды, ұйымдастырылған іс-әрекетті, іс-шараны) дайындау және байқау парағын бағалау үшін сабақты (оқуды, ұйымдастырылған іс-әрекетті, іс-шараны) өткізу;
Маңызды! Комиссия оқыту сапасын соңғы оқу жылындағы сабақты байқау парақтары бойынша бағалайтын болады. Аттестатталушының оқыту сапасын байқау, бақылау мақсатында оның сабақтарына комиссияның мынадай санаттардағы 5 мүшесі: білім беру ұйымының басшысы, басшының орынбасары, әдіскер, білім беру ұйымының педагогі, әдістемелік кабинеттің әдіскері, аттестаттау комиссиясының, тиісті деңгейдегі сараптамалық кеңестің мүшесі кіреді.
3) білім беру ұйымының әкімшілігі аттестатталатын педагогпен бірлесіп соңғы 3 жыл ішінде оқушылардың білім сапасын талдау бойынша құжаттарды (нәтижелерді талдау бойынша қорытындылармен сапа мониторингін, салыстырма кестелерді (диагностикалық құралдарға сәйкес) дайындайды;
4) оқу-әдістемелік кеңес хаттамасынан үзінді («педагог-модератор» - білім беру ұйымының әдістемелік кеңесі, «педагог-сарапшы» - аудан/қала білім бөлімінің оқу-әдістемелік кеңесі, «педагог-зерттеуші» - білім басқармасы жанындағы оқу-әдістемелік кеңес, тиісті саладағы уәкілетті органның білім беру ұйымдары үшін республикалық
оқу-әдістемелік бірлестік, «педагог-шебер» - Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА жанындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңес).
Маңызды! Барлық құжаттың көшірмесі білім беру ұйымы басшысының мөрімен және қолымен расталуы тиіс.
БІЛІМ БЕРУДІ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫ ҮШІН
ӘР ҚАДАМЫ КӨРСЕТІЛГЕН НҰСҚАУЛЫҚ
1-қадам. Білім беру ұйымының әкімшілігі аттестатталатын педагогтің біліктілігі мен кәсіби даярлығына қойылатын талаптарға сәйкес аттестатталатын педагогтің аттестаттау кезеңіндегі құжаттарын, әдістемелік материалдарын, педагогикалық ресурстарын электрондық форматта жинау бойынша аттестатталатын педагогке жәрдем көрсетеді.
Жинау үшін қажет құжаттардың тізімі аталған бұйрықтың
8-қосымшасының 8-тармағында көрсетілген.
Маңызды! Білім беру ұйымының әкімшілігі аттестатталушының құжаттары тапсырылғанға дейін құжаттаманың толық, дұрыс жиналуына жауапты болады.
Білім беру ұйымының әкімшілігі педагогпен бірлесіп, педагогтің біліктілігі мен кәсіби даярлығына қойылатын талаптарға сәйкес аттестатталатын педагогтің аттестаттау кезеңіндегі құжаттарын, әдістемелік материалдарын, педагогикалық ресурстарын электрондық форматта жинауды жүргізеді.
Жинау үшін қажет құжаттардың тізбесі осы бұйрықтың
8-қосымшасының 8- тармағында көрсетілген.
2-қадам. Аттестаттау органдары бірінші басшысының бұйрығымен бекітілген Қағидалардың 2-тарауының 1-параграфының
32-39-тармақтарына сәйкес аттестаттау комиссияларын (бұдан әрі -Аттестаттау комиссиясы) құру:
1) білім беру ұйымдарында: «педагог-модератор»;
2) ауданның (қаланың), облыстық маңызы бар қаланың білім беруді басқару органында: «педагог-сарапшы», «үшінші санаттағы басшы орынбасары», «екінші санаттағы басшы орынбасары», «үшінші санаттағы басшы», «екінші санаттағы басшы»;
3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім беруді басқару органында: «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» (әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері үшін), «бірінші санаттағы басшы орынбасары», «бірінші санаттағы басшы»;
4) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім беруді басқару органында, ведомстволық бағыныстағы (облыстық білім беру ұйымдары, білім, спорт, мәдениет басқармасының органдарына ведомстволық бағынысты) білім беру ұйымдары мен әдістемелік кабинеттер (орталықтар) үшін: «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «үшінші санаттағы басшы орынбасары», «екінші санаттағы басшы орынбасары», «бірінші санаттағы басшы орынбасары», «үшінші санаттағы басшы», «екінші санаттағы басшы», «бірінші санаттағы басшы»;
5) ҚР Оқу-ағарту министрлігінде:
- «педагог-шебер»;
- салалық бағыныстағы білім беру ұйымдары, әдістемелік кабинеттер (орталықтар) үшін (оқу-ағарту, спорт, мәдениет, қорғаныс министрліктеріне ведомстволық бағынысты республикалық білім беру ұйымдары және т. б.) үшін: «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «үшінші санаттағы басшы орынбасары», «екінші санаттағы басшы орынбасары», «бірінші санаттағы басшы орынбасары», «үшінші санаттағы басшы», «екінші санаттағы басшы», «бірінші санаттағы басшы».
Комиссия құрамы ҚР Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 2 сәуірдегі № 72 бұйрығы (ҚР ӘМ Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2024 жылғы 2 сәуірде № 34217 болып тіркелген) ресми жарияланғаннан кейінгі күннен бастап ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аттестаттаушы органның бірінші басшысының бұйрығымен бекітіледі. Комиссия ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жұмыс жасайды. Өкілеттік мерзімі құрамды бекіту туралы бұйрық шығарылған күннен бастап бір жылды құрайды.
3-қадам. ПББ тестін өткізуді ұйымдастыру:
- аттестаттауға (2023-2024 жылдары) жататын педагогтердің тізімін бекіту;
- бекітілген тізімге сәйкес ҰТО сайтында педагогтерді ПББ-ден өтуге онлайн тіркеуді қамтамасыз ету.
Маңызды! ПББ тестін біліктілік санатын растау кезінде 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтерден басқа барлық лауазымдағы педагогтер тапсырады.
ПББ тесті пәндік білім мен оқыту әдістемесі бойынша сұрақтарды қамтиды.
4-қадам. Білім беру ұйымының әкімшілігі аттестаттау комиссиясына аттестатталатын педагогтің келесі құжаттар топтамасын ұсынады:
1) ПББ тестінің нәтижелері бойынша сертификатты;
2) Қағидалардың 15-қосымшасына сәйкес портфолионы;
3) Қағидаларғадың 16-қосымшасына сәйкес сабақты (оқуды, ұйымдастырылған іс-әрекетті, іс-шараны) байқау парағын аттестаттау комиссиясына беруі.
5-қадам. Сараптамалық кеңес аттестатталатын педагогтің құжаттарын қарауды ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін жүзеге асырады.
6-қадам. Аттестаттау комиссиясының құжаттарды қарауы.
7-қадам. Аттестаттау комиссиясының шешімі. Педагогтерді аттестаттау нәтижелері бойынша қорытынды шешім 15 тамызға дейін қабылданады және Қағидалардың 6-қосымшасына сәйкес нысан бойынша хаттамамен ресімделеді:
1) мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келеді;
2) қолданыстағы біліктілік санатына сәйкес келеді;
3) қолданыстағы біліктілік санатынан төмен біліктілік санатына сәйкес келеді.
8-қадам. Аттестаттау комиссиясының хаттамасы негізінде біліктілік санатын беру (растау)/ сәйкестігі, атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы бұйрық шығарылады.
9-қадам. Біліктілік санатын беру (растау) туралы куәлік беру.
10-қадам. 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап берілген (расталған) біліктілік санаты үшін педагогтерге бұйрық негізінде қосымша ақыны жүзеге асыру.
КЕЙБІР НОРМАЛАР БОЙЫНША ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР
Жаңа Қағидаларда сұрақтардың жалпы саны пайыздық көрсеткішпен есептеледі. «Педагог-модератор» санатына үміткерлер үшін шекті деңгей кемінде 60%, педагог-сарапшылар үшін - 70%, педагог-зерттеушілер үшін – 80% және педагог-шеберлер үшін 90% құрайды.