Ағымдағы жылдың бірінші айында БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 109,6 млрд теңгеден аса таза инвестициялық кіріс есептелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 45,7 млрд теңге немесе 72% артық.
2024 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 10,3% құрады. Бұл кезеңдегі инфляция 9,5% мөлшерінде болды.
Инвестициялық кіріс қаржы құралдары (бағалы қағаздар, салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. тұрады. ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін инвестициялық кіріс алу мақсатында Қазақстандағы және шетелдегі экономиканың түрлі секторларының әр түрлі қаржы құралдарына түрлі валюталарда орналастырады. Инвестициялық портфельді әртараптандыру (инвестициялау құралдары мен нарықтарының алуан түрлілігі) зейнетақы жинақтарының сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді.
1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап инвестициялық кіріс 2024 жылғы 1 ақпанда шамамен 9,5 трлн теңге болды. Ал бүкіл кезең ішінде жинақталған инфляция 761,15% болғанда жинақталған инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 822,03% көрсетті. Осылайша, ұзақ мерзімді кезеңдегі жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.