Тарих
2019 жылғы 20 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Онда Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес, ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына өз азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру құқықтары көлеміне тең деңгейдегі құқықтар берілетініне кепілдік береді.
01.01.2021ж. бастап, ЕАЭО-ның барлық мемлекеттері Келісімді ратификациялағаннан кейін, олардың ЕАЭО-ның басқа елдерінде жұмыс істейтін азаматтары зейнетақы құқықтарын өздері жұмысқа орналасқан елдің азаматтарымен тең дәрежеде қалыптастырады, сақтайды және іске асырады. Енді ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет зейнетақыны өз заңнамасы бойынша, еңбеккердің оның аумағында 01.01.2021ж. кейінгі уақытта жұмыс істеген еңбек өтілі үшін төлейді. Егер ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттің аумағында жинаған еңбек өтілі зейнетақыға (жинақтаушы зейнетақыны қоспағанда) құқықтың пайда болуы үшін жеткіліксіз болса, онда мұндай жұмыс өтілі уақыты бойынша сәйкес келетін жағдайларды қоспағанда, ЕАЭО-ның басқа елдерінде, оның ішінде Келісім күшіне енгенге дейін жинақталған жұмыс өтілі де ескеріледі. Атап өту керек, ЕАЭО елдерінің азаматтары жұмысқа орналасқан елдердегі жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын ресми түрде ресімдеулері керек. Яғни, міндетті түрде еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттар уақытылы жасалуы керек.