«БЖЗҚ» АҚ 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген бірқатар негізгі жаңашылдықтардың күшіне енгенін хабарлайды:
01.01.2024 ж. бастап Мемлекет басшысы бастамашылық еткен "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асыру басталды. Оның шеңберінде Қазақстан Республикасының барлық кәмелетке толмаған азаматтарына (нысаналы талаптарға қатысушыларға) жыл сайын есепті жылдың алдындағы он сегіз жылдағы орташа алынған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі – Ұлттық қор) инвестициялық табысының 50% есептелетін болады), сондай-ақ, жыл сайын осы сомаға инвестициялық кіріс есептеледі.
Осылайша, 2024 жылдың қаңтар айында БЖЗҚ 2023 жылдың 31 желтоқсанының соңындағы жағдай бойынша "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде нысаналы талаптарға қатысушылардың электрондық тізімін жасайды.
Осы тізім және ҚР ҰБ-дан Ұлттық қор кірісінің 50% сомасы туралы алынған ақпарат негізінде БЖЗҚ бір балаға арналған 2023 есепті жылдағы нысаналы талаптардың сомасын есептейді және оны өзінің ақпараттық жүйесіне енгізеді.
Нысаналы талаптарға қатысушыларға нысаналы талаптарды есептеу 01.02.2024ж. кешіктірілмей жүзеге асырылады. Оларды төмендегі тәсілдер арқылы тексеруге болады:
заңды өкілдерге "электрондық үкімет" веб-порталындағы Жеке кабинетінде (www.egov.kz);
БЖЗҚ-ның интернет желісінен (www.enpf.kz).
Бұған қоса, БЖЗҚ-ның enpf.kz интернет-ресурсында статистикалық ақпарат тұрақты түрде орналастырылады. Атап айтсақ:
1) нысаналы талаптарға қатысушылар мен нысаналы жинақтарды алушылардың жасы, жынысы, тұратын өңірлері бөлінісі бойынша саны туралы есеп;
2) нысаналы жинақтарды уәкілетті операторлар, өңірлер және қосалқы мақсаттар бөлінісінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында пайдалану жөніндегі есепті қамтиды.
Бағдарламаға қатысушыларға нысаналы талаптарды есептеу олар 18 жасқа толғанға дейін жыл сайын жүргізілетін болады. Нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтарды есепке алу АҚШ долларымен жүзеге асырылады.
18 жасқа толған кезде нысаналы жинақтарды алушы жинақталған соманы тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында ғана пайдалануға құқылы.
Нысаналы жинақтарды алу үшін нысаналы жинақтарды алушы не оның заңды өкілі БЖЗҚ-мен өзара іс-қимыл туралы келісім жасасқан уәкілетті операторлардың біріне (ЕДБ және "Қазпошта" АҚ) жүгініп, уәкілетті операторда АҚШ долларымен банк шотын ашуы керек. Нысаналы жинақтар төлемін пайдалану мақсатын (тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға ақы төлеу) көрсете отырып, нысаналы жинақтар төлеміне өтініш беруі (уәкілетті оператордың интернет ресурсы арқылы) қажет.
Қазақстан Республикасының азаматтығынан 18 жасқа толғанға дейін де, 18 жастан кейін де шыққан немесе Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адамдар нысаналы жинақтарды пайдалану құқығынан айырылады.
Жеке тұлға қайтыс болған жағдайда, нысаналы жинақтар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.