
Оралдық шекарашылар жалпы құны 3 миллион 600 000 теңге тұратын заңсыз темекі өнімдерін Ресейге алып өтпек болған азаматты ұстады.
Оқиға үстіміздегі жылғы 20 қаңтарда Орал шекара отрядына қарасты «Сырым авто» өткізу пункітінде болған. Шекара наряды техникалық құралдардың көмегімен 29 жастағы қазақстандықтың «Даф» маркалы автокөлігін тексеру барысында тіркеменің ішінде мұқият жасырылған, жалпы саны 36 қорапқа салынған 18 000 пачка акцизді маркасы жоқ «Милана» темекі өнімдерін тауып алды.
Заңсыз тауар Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек аудандық мемлекеттік кіріс департаментіне тапсырылды.
Дәл осы тексеру пункітінің шекара наряды 21 қаңтарға қараған түнде, сағат 1 шамасында Ресейге бет алған «Лада» (ларгус) маркалы автокөлігін тексерді. Жеңіл автокөліктің өзге жерлері мұқият тексеріліп болып, кезек жүксалғышқа жеткен кезде тексерушілер қобырап жатқан көрпе-жастықтардың арасына жасырынған ер адамды тауып алды. 1978 жылғы қазақстандықтың Мемлекеттік шекарадан неліктен жасырын өтпек болғандығы анықталуда. Ал көлік жүргізушісі, 50 жастағы Қырғыз Республикасының азаматы көлігін заңсыз миграция ұйымдастыруға пайдаланғандығы үшін ҚР Қылмыс кодесінің 394 бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
Ақтөбе шекара отрядының «Жайсаң авто» бөлімшесінде «Тойота Ленд Крузер 200» автокөлігімен Ресейге өтпек болған 1977 жылғы қазақстандық автокөлік салонынан табылған «марихуана» есірткісімен ұсталып Мәртөк аудандық полиция бөліміне тапсырылды.
Қостанайлық шекарашылар «Қайрақ авто» тексеру пункітінде «Қостанай-Екатеринбург» бағытындағы жолаушылар автобусынан өзімен бірге «марихуана» есірткісін алып жүргені үшін 1982 жылғы Ресей азаматын алып қалып, Қарабалық аудандық полиция бөліміне тапсырды.
«Қордай авто» тексеру пункті арқылы Қазақстанға өтпек болған 20 жастағы Қырғыз азаматы «Гашиш» есірткісін оң аяғының шұлығына жасырып алып өтпек болыпты. Алайда есірткі іздеуге арнайы үйретілген «Юс» атты шекарашылар итін алдау мүмкін болмады.
ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі