GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Комитет туралы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Все материалы
Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарын өткізуді ұйымдастыру
14 октября 2026
2027 жылға (іске асыру мерзімі 36 ай) арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурсты өткізу туралы хабарландыру

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым Комитеті (бұдан әрі – Ғылым комитеті) Конкурстық құжаттамаға сәйкес:

– Климаттық орнықтылық, су қауіпсіздігі, табиғи ресурстар, АӨК-нің тұрақты дамуы;

– Технологиялық егемендік және өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілік;

– Денсаулық, адами даму және өмір сүру сапасы;

– Ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және аумақтар мен өмірлік маңызды инфрақұрылымның орнықтылығы;

– Іргелі зерттеулер, ғылыми қор және ғылыми әлеует ғылыми бағыттар бойынша 2027 жылға (іске асыру мерзімі 36 ай) арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурсын өткізетіні жөнінде хабарлайды.

«ҰМҒТСО» АҚ ақпараттық жүйесі (is.ncste.kz) арқылы өтінімдер беру бойынша кеңес алу үшін Call center: +7 (727) 344-11-10 (ішкі. 203, 210, 211, 213, 214, 218, 219, 221, 223, 226, 227, 230, 233, 234).

Жұмыс уақыты: дүйсенбі – жұма, сағат 9:00-ден 18:00-ға дейін, түскі үзіліс: сағат 13:00-ден 14:00-ға дейін.

Ғылыми жетекшінің және өтінім берушінің электрондық цифрлық қолымен расталған конкурстық өтінімдер Ғылым комитетіне электронды түрде «ҰМҒТСО» АҚ ақпараттық жүйесі https://is.ncste.kz сілтеме арқылы беріледі.

Өтінімдерді қабылдаудың басталуы – 2026 жылғы 13 қазан.

Өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі – 2026 жылғы 11 қараша (қоса алғанда).

 

2027 жылға (іске асыру мерзімі 36 ай) арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттамасы

Ғылым
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
13 октября 2026
Марғұлан университетінің ғалымдары көне бас киімнің құпиясын зерттеп жатыр

Марғұлан университетінің ғалымдары көне бас киімнің құпиясын зерттеп жатыр

1959 жылы табылған бірегей күміс бас киім ғылыми зерттеу нысанына айналды. Зерттеу жұмыстары көне зергерлердің шеберлігін зерделеуге, жәдігердің жасалу технологиясы мен ықтимал шығу тегін анықтауға мүмкіндік береді.

Марғұлан университетінің Археологиялық зерттеулер институтының ғалымдары Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған бірегей күміс бас киімге технологиялық зерттеу жүргізіп жатыр. Мамандар рентгендік-флуоресценттік талдау әдісін қолдана отырып, металдың құрамын анықтауды, сондай-ақ бұйымның жасалу ерекшеліктері мен ықтимал шығу тегі туралы жаңа ғылыми деректер алуды көздейді.

Музей қорын сақтаушы Елена Тушеваның айтуынша, бұл жәдігердің тарихи және ғылыми маңызы зор. 1959 жылы табылған бұйым содан бері музей қорындағы құнды экспонаттардың бірі ретінде сақталып келеді.

Алдын ала жүргізілген талдау нәтижелері бас киім құрамындағы күмістің үлесі шамамен 97 пайызды құрайтынын көрсетті. Бұл көрсеткіш сол кезеңдегі металды өңдеу және тазарту технологияларының ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді. Зерттеудің келесі кезеңінде ғалымдар бұйымның жасалу тәсілдерін зерделеп, оның жұқа әрі нәзік құрылымын қалыптастыруда қандай технологиялар қолданылғанын анықтауға күш салады.

Жәдігердің бүгінгі күнге дейін сақталуы да ерекше ғылыми қызығушылық тудырады. Еуразияның табиғи-климаттық жағдайында күмістен жасалған бұйымдар уақыт өте келе бүлінуі мүмкін. Ал зерттеліп отырған бас киімнің кейбір бөліктерінің қалыңдығы небәрі бірнеше миллиметрді құрайды. Зерттеушілердің бағалауынша, жәдігер өзінің нәзік орындалуымен ғана емес, Қазақстан мен оған іргелес өңірлерден осы кезеңге жататын ұқсас бұйымдардың әзірге табылмауымен де құнды.

Музей мен Марғұлан университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастық жәдігерді жан-жақты зерттеуге жол ашып отыр. Металл құрамын анықтаумен қатар ғалымдар бұйымның ықтимал шығу тегін зерттеуді жоспарлап отыр. Талдау нәтижелері мүмкіндік берген жағдайда бас киімді жасауға пайдаланылған күмістің шикізат көзі мен кен орнын анықтау мәселесі де қарастырылады.

Заманауи ғылыми әдістерді қолдану тарихи жәдігерлердің материалдық ерекшеліктерін анықтап қана қоймай, өткен дәуірлердің технологиялық жетістіктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Көне күміс бас киімді зерттеу – музей мен университет арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың мәдени мұраны сақтау, тарихи деректерді нақтылау және ұлттық тарихтың тың қырларын тану бағытындағы маңызды қадамы.

Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарын өткізуді ұйымдастыру
13 октября 2026
2027 жылға арналған (іске асыру мерзімі 36 ай) «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға конкурсты өткізу туралы хабарландыру

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым Комитеті (бұдан әрі – Ғылым комитеті) Конкурстық құжаттамаға сәйкес:

– Климаттық орнықтылық, су қауіпсіздігі, табиғи ресурстар, АӨК-нің тұрақты дамуы;

– Технологиялық егемендік және өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілік;

– Денсаулық, адами даму және өмір сүру сапасы;

– Ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және аумақтар мен өмірлік маңызды инфрақұрылымның орнықтылығы;

– Іргелі зерттеулер, ғылыми қор және ғылыми әлеует ғылыми бағыттар бойынша 2027 жылға арналған (іске асыру мерзімі 36 ай) «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға конкурсын өткізетіні жөнінде хабарлайды.

«ҰМҒТСО» АҚ ақпараттық жүйесі (is.ncste.kz) арқылы өтінімдер беру бойынша кеңес алу үшін Call center: +7 (727) 344-11-10 (ішкі. 203, 210, 211, 213, 214, 218, 219, 221, 223, 226, 227, 230, 233, 234).

Жұмыс уақыты: дүйсенбі – жұма, сағат 9:00-ден 18:00-ға дейін, түскі үзіліс: сағат 13:00-ден 14:00-ға дейін.

Ғылыми жетекшінің және өтінім берушінің электрондық цифрлық қолымен расталған конкурстық өтінімдер Ғылым комитетіне электронды түрде «ҰМҒТСО» АҚ ақпараттық жүйесі https://is.ncste.kz сілтеме арқылы беріледі.

Өтінімдерді қабылдаудың басталуы – 2026 жылғы 12 қазан.

Өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі – 2026 жылғы 10 қараша (қоса алғанда).

 

2027 жылға (іске асыру мерзімі 36 ай) арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттама

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
08 октября 2026
Қазақстандық археологтар Шығыс Қазақстанда Түрік қағанатының қалашығын тапты

Қазақстандық археологтар Шығыс Қазақстанда Түрік қағанатының қалашығын тапты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қазаншұңқырында ауқымды далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғылыми экспедиция ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясындағы «Зайсан қазаншұңқырының археологиялық ландшафттары: хронологиясы, кеңістіктік талдау және шаруашылық жүйелері» жобасын жүзеге асырып жатыр.

Далалық жұмыстар барысында ғалымдар Қалжыр мен Боран ауылдарының арасында орналасқан Қалжыр қалашығын жан-жақты зерделеді. Ескерткіштің аумағы 25 гектардан асады. Археологтар қамалдың оңтүстік бөлігіндегі негізгі бекініс құрылыстарының қалдықтарын аршып, олардың едәуір бөлігі өрт салдарынан қирағанын анықтады. Зерттеу кезінде ғимараттардың ішкі құрылым элементтері, саз едендер, өрнек іздері сақталған сылақтар, сондай-ақ қамыс пен балшықтан жасалған құрылыс бөліктері табылды.

Археологиялық олжалар мен радиокөміртектік талдау нәтижелеріне сәйкес бұл нысан б.з. VI-VII ғасырларына жатады. Алдын ала болжам бойынша қалашықтың салынуы Бірінші Түрік қағанатының өмір сүрген кезеңімен байланысты. Табылған жәдігерлердің қатарында күйген бидай мен бұршақ дәндері, қыш ыдыстар, сондай-ақ ішінде сылдырмақ шаршығы бар құстың сирек кездесетін қыш мүсіншесі бар.

«Зерттеу барысында соңғы қола дәуіріне жататын керексұр жерлеу құрылысы анықталды. Бұл олжа негізгі таралу аймағы Шыңжаң мен Моңғолия болатын мұндай ескерткіштердің батыс шекарасы туралы ғылыми түсінікті кеңейте түсті. Жиналған деректер өңірдің цифрлық модельдері мен геоақпараттық жүйесін әзірлеуге пайдаланылады», – дейді экспедиция жетекшісі, ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасының доцент-зерттеушісі Никита Константинов.

Жобаға ҚазҰУ тарих факультетінің ғалымдары және студенттерімен қатар Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Археологиялық технологиялар және ғылым орталығының, сондай-ақ Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары қатысты. Жас зерттеушілер далалық жұмыстар барысында аэро- және жылу түсірілімін жасау сияқты заманауи археологиялық геодезия әдістерін іс жүзінде меңгерді.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
06 октября 2026
Биотехнология Қазақстанның жасыл инфрақұрылымын дамытуға және экожүйелерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді

Биотехнология Қазақстанның жасыл инфрақұрылымын дамытуға және экожүйелерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді

Green Spaces Conference & Expo 2026 көрмесі аясында ғылым, бизнес, көшет шаруашылығы саласының өкілдері, көгалдандыру және ландшафттық құрылыс мамандары Қазақстанның жасыл инфрақұрылымын дамытудың заманауи тәсілдерін талқылады. Іс-шарада құрғақ әрі тұзды топырақ жағдайларына бейімделген бағалы ағаш түрлерін көбейту және өсіруге бағытталған отандық биотехнологиялық әзірлемелер таныстырылды.

Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты Azimut Green серіктестігімен көкшіл жапырақты тораңғыны (Populus pruinosa Schrenk) және әртүрлі жапырақты тораңғыны (Populus euphratica Oliv.) биотехнологиялық әдіспен көбейту және өсіру бойынша жүргізілген ғылыми жұмыстың нәтижелерін ұсынды.

Көрмеге келушілер өсімдік материалын алудың толық циклін – in vitro жағдайында өсіруден бастап, әртүрлі жастағы бейімделген көшеттерге дейінгі үдерісті көре алды. Ұсынылған технология бағалы ағаш түрлерінің көшет материалын өндіру көлемін заманауи биотехнологиялық әдістер арқылы арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетті.

Тораңғы Қазақстанның қуаң өңірлеріндегі табиғи экожүйелердің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Бұл ағаш түрлері құрғақшылық пен тұзға төзімділігімен ерекшеленеді, шөл және шөлейт аймақтардың күрделі жағдайларына бейімделе алады. Сондай-ақ тораңғы тоғайлы экожүйелерді сақтауда маңызды рөл атқарады.

Климаттың өзгеруі, шөлейттену, топырақтың тұздануы және жердің деградациясы жағдайында тораңғыны пайдалану ерекше өзекті болып отыр. Тоғайлы ормандарды қалпына келтіру және аумақтардың ормандылығын арттыру мақсатында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жыл сайын тораңғы көшеттері отырғызылады. Алматы облысында тораңғы Іле ботаникалық бағының Бақанас ауылы маңындағы Үшжарма шатқалында орналасқан аумағына да отырғызылуда. 2026 жылы тораңғы көшеттері Қызылорда облысының аумағына да отырғызылды.

Сонымен қатар Қарағанды қаласында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экопарк құру және жасыл аймақтарды дамыту кезінде тораңғыны пайдалану жоспарланып отыр.

Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты – Қазақстанда тораңғыны тиімді көбейту және оның көшет материалын алу бойынша өзіндік биотехнологияларды әзірлеуде елеулі нәтижеге қол жеткізген жалғыз ғылыми ұйым.

Алынған көшеттерді құрғақ әрі тұзданған аумақтарды көгалдандыру, қорғаныш орман екпелерін құру, жылжымалы құмдарды бекіту, деградацияға ұшыраған экожүйелерді қалпына келтіру, сондай-ақ Қазақстан қалаларындағы жасыл аймақтар мен саябақтарды дамыту үшін пайдалануға болады.

Институттың Green Spaces Conference & Expo 2026 көрмесіне қатысуы отандық ғылыми әзірлемелерді кәсіби қоғамдастыққа таныстыруға, оларды практикалық тұрғыдан қолдану мүмкіндіктерін талқылауға және технологияларды одан әрі ауқымдандыру бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының Azimut Green компаниясымен ынтымақтастығы ғылыми әзірлемелерді көгалдандыру, орманды қалпына келтіру және Қазақстанның табиғи экожүйелерін сақтау салаларында практикаға енгізудің нақты мүмкіндіктерін көрсетеді.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
05 октября 2026
Сәтбаев университетінің ғалымдары су мен топырақты тазартудың тиімді технологияларын ұсынды

Сәтбаев университетінің ғалымдары су мен топырақты тазартудың тиімді технологияларын ұсынды

Сәтбаев университетінің ғалымдары су мен топырақты ауыр металдардан, радиоактивті элементтерден және органикалық ластағыштардан кешенді тазартуға арналған технологиялар әзірледі. Зертханалық сынақтар барысында жекелеген ластағыштарды жою тиімділігі 99%-ға дейін жетті. Әзірлемелер Қазақстан кәсіпорындарының өндірістік ағын суларында да сынақтан өткізілді.

Технологиялардың негізін ластағыш заттарды сіңіріп, ұстап қалатын сорбциялық материалдар құрайды. Олар табиғи шикізат пен өсімдік қалдықтары негізінде алынады. Бұл ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеп, олардан су мен топырақты тазартуға арналған тиімді материалдар өндіруге мүмкіндік береді.

Зерттеудің негізгі бағыттарының бірі – суды радиоактивті элементтерден тазарту. Ғалымдар әзірлеген сүзгі материалы су құрамындағы стронций-90 мөлшерін 99%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Цезий-137-ні жоюға арналған тазарту жүйелері де жоғары тиімділік көрсетті.

Кәдімгі сүзгілеу әдістерімен тазарту қиын болатын ластағыштарды жою үшін ғалымдар суық плазма технологиясын қолданды. Электр разрядының әсерінен күрделі органикалық қосылыстар қарапайым заттарға дейін ыдырайды. Зертханалық сынақтар барысында бұл әдіс модельдік органикалық ластағыштың 99%-дан астамын шамамен 30 минут ішінде жоюға мүмкіндік берді. Технологияны суды залалсыздандыруға және өндірістік ағын суларды қосымша тазартуға да қолдануға болады.

Әзірлемелер Қазақстан кәсіпорындарының өндірістік ағын суларында сынақтан өткізілді. Сынақ нәтижелері негізінде ғалымдар суды алдымен қоспалар мен тұздардан тазарту, кейін қосымша сүзу және қайта пайдалануға дайындау кезеңдерін қамтитын көпсатылы жүйе ұсынды. Құрамында уран бар ерітінділермен де жеке сынақтар жүргізілді. Алынған нәтижелер көпсатылы тазарту жүйесін одан әрі жетілдіру үшін пайдаланылады.

Зерттеу жұмыстарының тағы бір бағыты – ластанған топырақты қалпына келтіру. Ғалымдар топыраққа биокөмір қосу мыс, мырыш, кадмий және қорғасынды байланыстырып, олардың топырақтағы жылжымалылығын төмендететінін анықтады. Сонымен қатар бұл тәсіл топырақтың биологиялық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді. Әзірлемелер Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді.

Жобаның маңызды ерекшелігі – тазарту тиімділігімен қатар технологиялардың экологиялық және экономикалық тиімділігін бағалау. Ғалымдар жаңа материалдардың көміртек ізін ескере отырып, олардың өмірлік циклін бағалады.

«Өсімдік шикізатын пайдалану, сорбенттерді қайта қолдану және химиялық реагенттерді аз қажет ететін технологияларды енгізу қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, тазарту шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді», – дейді жоба жетекшісі, профессор, PhD Тоқтарбай Жексенбек.

Зерттеулер BR27199301 «Қоршаған ортаны антропогендік ластанудан және климаттың өзгеруінен қорғауға арналған климаттық бейтарап жаңа материалдарды, озық технологиялар мен әдістерді әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүргізіледі.

Бағдарлама аясында Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстелетін ғылыми журналдарда 17 мақала, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда 8 мақала жарияланды. Пайдалы модельдерге төрт патент алынды, тағы екі патенттік өтінім сараптамадан өтіп жатыр. Екі магистрлік және екі докторлық диссертация дайындалды. Сонымен қатар әзірлемелердің оқу үдерісіне және практикалық қызметке енгізілгенін растайтын екі акт алынды. Ағын суларды қайта пайдалану тұжырымдамасы да әзірленді.

Зерттеу жұмыстары халықаралық деңгейде де жалғасып келеді. Ғалымдар бірлескен зерттеулер жүргізуге арналған Польша грантын жеңіп алды. Сонымен қатар Жапонияның Атом энергиясы агенттігінен (JAEA) ғылыми тағылымдамадан өтуге шақырту алды.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
28 сентября 2026
Әуезов мұрасы және көркем аударма: дәстүрлі ХХІІ «Әуезов оқулары» өтті

Әуезов мұрасы және көркем аударма: дәстүрлі ХХІІ «Әуезов оқулары» өтті

Алматыдағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында «М.О.Әуезов және көркем аударма» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Дәстүрлі ХХІІ «Әуезов оқулары» аясында ұйымдастырылған жиын көрнекті әдебиеттанушы Евгения Лизунованың туғанына 100 жыл толуына арналды. Конференцияны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырды.

Жиында Мұхтар Әуезовтің көркем аударма саласындағы қызметі, шығармаларының өзге тілдерге аударылуы және әлемдік әдеби кеңістікте қабылдануы қарастырылды. Сонымен қатар Е.В.Лизунованың әуезовтануға қосқан үлесі мен қазақ әдебиетін зерттеудегі ғылыми мұрасына ерекше назар аударылды.

Конференция жұмысы Мұхтар Әуезов және аударма теориясы, М.О.Әуезовтің көркем аударма саласындағы қызметі, көрнекті әдебиеттанушы Е.В.Лизунованың әуезовтанудағы еңбектері, Е.В.Лизунова және қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері сияқты төрт бағытты қамтыды.

Конференцияда Армения мен Өзбекстан ғалымдарының баяндамалары оқылды. Шетелдік зерттеушілердің ғылыми тұжырымдары жиынның халықаралық мазмұнын кеңейтіп, Әуезов мұрасын зерттеудегі тәжірибе алмасудың маңызын айқындады. Бұл баяндамалар ұлттық әдеби мұраны өзге мәдениеттермен сабақтастықта қарастыруға және әдебиеттану саласындағы ғылыми байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.

Конференция тақырыбының өзектілігі қазақ әдебиетін әлем оқырманына сапалы аударма арқылы жеткізу міндетімен байланысты. Әуезов шығармаларындағы тарихи шындықты, ұлттық дүниетанымды, тілдік өрнек пен кейіпкерлердің психологиялық тереңдігін басқа тілде беру аудармашыдан көркемдік шеберлік пен терең мәдени танымды талап етеді.

Осы тұрғыдан жазушының аудармашылық тәжірибесін және туындыларының өзге тілдегі нұсқаларын зерделеу ұлттық әдебиеттің көркемдік болмысын сақтаудың жолдарын айқындауға көмектеседі. Көркем аударманы ғылыми тұрғыдан бағамдау қазақ сөз өнерінің халықаралық деңгейде танылуы үшін де маңызды.

Жиынның маңызды бөлігі Е.В.Лизунованың әуезовтану саласындағы еңбектері мен қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған зерттеулерін саралауға арналды. Ғалымның мұрасын зерделеу Әуезов шығармашылығын зерттеу тарихын тереңірек түсінуге, қалыптасқан ғылыми дәстүрлерді қазіргі ізденістермен сабақтастыруға жол ашады.

Шараның мәдени-танымдық бағдарламасына М.О.Әуезов мұражай-үйінің экспозицияларымен танысу, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының қорынан әзірленген кітап көрмесі және М.О.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектеп оқушыларының «Еңлік-Кебек» пьесасынан сахналық үзіндісі енгізілді. Бағдарламаның бұл бөлігі ғылыми ізденісті әдеби мұраны насихаттаумен ұштастырып, жас ұрпақтың классикалық шығармаларға қызығушылығын арттыруға бағытталды.

ХХІІ «Әуезов оқулары» әдеби мұраны зерттеу, аудару және әлемге таныту мәселелерін ортақ ғылыми талқылауға ұсынды. Жиынның басты құндылығы – Әуезов мұрасының халықаралық маңызын ашып, көркем аударманың мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті тереңдетудегі орнын айқындауында.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
28 сентября 2026
Астанада «Еуразия даласының ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттердің трансформациясы» тақырыбындағы II халықаралық археологиялық симпозиум өз мәресіне жетті

Астанада «Еуразия даласының ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттердің трансформациясы» тақырыбындағы II халықаралық археологиялық симпозиум өз мәресіне жетті

Назарбаев Университетінде (NU) «Еуразия даласының ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттердің трансформациясы» тақырыбындағы II халықаралық археологиялық симпозиум өтті. Симпозиумды ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мен Назарбаев Университеті бірлесіп ұйымдастырды. Симпозиум Археология институтының 35 жылдығына орай өткізілді.

Симпозиум жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Германия, Франция, Израиль, АҚШ, Ұлыбритания және басқа елдерден келген 150-ден астам зерттеуші қатысты.

Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Алмас Төлегенұлы құттықтау сөзін сөйледі. Ол симпозиумның отандық археологияны дамыту және оның халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялануы үшін маңызын атап өтіп, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының ұжымын 35 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Қатысушыларды Назарбаев Университетінің президенті Вакар Ахмад та құттықтады. Ол симпозиумның Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы жылы өтуінің нышанды мәнін атап өтіп, университет археологтарының тас дәуірінің ежелгі тұрақтары мен даладағы көшпелі мәдениеттер ескерткіштерінен бастап ХХ ғасыр нысандарына дейінгі ел тарихын зерттеуге қосқан үлесіне ерекше тоқталды. Бұл зерттеулер қазақстандық және шетелдік ғылыми ұйымдармен бірлесіп жүргізіледі.

Пленарлық отырыста Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы «Қазақстан археологиясының 35 жылы: ғылыми жетістіктер, жаңа бағыттар және даму перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Ол тәуелсіздік жылдарындағы отандық археологияның дамуы, бұл үдерістегі Институттың рөлі және алдағы зерттеулердің перспективалары туралы айтты.

Пленарлық отырыста Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан және басқа да елдердің жетекші ғалымдары да сөз сөйледі. Олардың қатарында ҚР ҰҒА академигі Жәкен Таймағамбетов, Ресей ғылым академиясы Материалдық мәдениет тарихы институтының директоры Андрей Поляков, Солтүстік-Батыс университетінің (Сиань қ., ҚХР) профессоры Ван Цзяньсинь, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Зайнолла Самашев және Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Антропология институтының директоры Фархад Мақсұдов бар. Ғалымдар өз баяндамаларында Қазақстанның үңгір ескерткіштерін, қола дәуірін, даланың ежелгі мәдениеттерін және жылқы шаруашылығының ерте тарихын зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Симпозиумның нәтижелерінің бірі – Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мен Шэньси провинциясының (ҚХР) Мәдени мұра және археология институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Шэньси институтын Чун Цяньрун басқарады. Құжат Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін бірлесіп зерттеуді көздейді.

Халықаралық археологиялық симпозиум алғаш рет 2024 жылы Алматы қаласында өтіп, Орталық Азия археологиясының өзекті мәселелерін талқылайтын алаңға айналды. Сол кезде зерттеулердің тас және қола дәуірлерін кезеңдеу, ерте көшпелілер мұрасын зерттеу және далалық қала мәдениетінің қалыптасуы деген негізгі бағыттары айқындалды. Бұл тақырыптар екінші симпозиум бағдарламасында одан әрі жалғасын тапты.

II симпозиум бағдарламасы пленарлық отырыс пен төрт тақырыптық панельдік сессиядан тұрды:

«Үңгірлер – Еуразияның тас дәуірінің археологиялық архиві»: Қазақстан, Орталық Азия, Кавказ, Сібір және Батыс Еуропадағы үңгір ескерткіштерін зерттеу, археологиялық микроморфология әдістері және жартас өнерін зерттеу;

«Қола дәуірінің протоиндустриалды ландшафттары»: қола дәуірінің тау-кен металлургиялық кешендері, металдар мен технологиялардың таралуы, Еуразияның өңіраралық байланыстары;

«Дала өркениетінің феномені: билік, қоғам және мәдени трансформация»: көшпелі әлемнің қалыптасуы, далалық қоғамдардың әлеуметтік-саяси ұйымдасуы, киелі ландшафттар, мүсіндеу дәстүрі, көші-қон;

«Қазақстанның ортағасырлық археологиясының өзекті мәселелері»: ерте ортағасырлық қоныстардың урбандалуы, нумизматика, керамика дәстүрлері, жаңа антропологиялық деректер және кеңістіктік талдау әдістері.

Симпозиум аясында «Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының басылымдары (2021–2025 жж.)» тақырыпты кітап көрмесі және «Уақытпен тілдескенде...» фотокөрмесі жұмыс істеді. Кітап көрмесінде Институттың соңғы бес жылдағы ғылыми басылымдары ұсынылды. Фотокөрмеде экспедициялардың, олжалардың және алғашқы реконструкциялардың сирек кездесетін архив кадрлары арқылы отандық археология тарихы көрсетілді.

Симпозиум жаңа ғылыми деректерді алмасуға және Еуразия археологиясының өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаң болды, сондай-ақ қазақстандық археологтардың шетелдік әріптестерімен халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етті.

Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарын өткізуді ұйымдастыру
25 сентября 2026
Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру бағдарламаларының орындалуы жөніндегі есептерді қабылдау туралы хабарландыру

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті

аралық есептер бойынша:

іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың тізбесіне енгізілген мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен мемлекеттің жүз пайыз қатысатын ғылыми ұйымдардың жыл сайынғы есептері (2026-2028 жылдарға арналған ФҒЗ BR317).

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 630 бұйрығымен бекітілген «Бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді мемлекеттік есепке алу қағидаларына» сәйкес, есептер мен қысқаша мәліметтерді қабылдау жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жетекшілерінің және ұйым басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландыру арқылы автоматтандырылған ақпараттық жүйеде (http://is.ncste.kz) электрондық форматта жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 6 қарашадағы № 563 бұйрығының «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық қаржыландыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының (бұдан әрі – Қағидалар) 65-тармағына сәйкес, бағдарламалық - нысаналы қаржыландыру шеңберінде орындаушылар уәкілетті органға ағымдағы есепті жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы аралық және қорытынды есептерді ұсынады.

Сонымен қатар, шартқа сәйкес жұмыстарды көрсетілген мерзімде орындамаған жағдайда, Орындаушы әрбір мерзімі өткен күнтізбелік күн үшін жобаның жалпы сомасының 0,03% мөлшерінде бюджет кірісіне тұрақсыздық айыбын төлейтініне назар аударуды сұраймыз.

Орындаушылар аралық есептерді келесі талаптарға сәйкес дайындауы қажет:

  • Есептер МЕМСТ (ГОСТ) 7.32-2017 талаптарына сәйкес рәсімделуі тиіс (қосымша тіркелген);
  • Есептерді тапсыру тілі: мемлекеттік немесе орыс тілі, сондай-ақ ағылшын тілі (міндетті);
  • Есеп бойынша беттер саны шектелмейді;
  • Келісім-шарттарға сәйкес күнтізбелік жоспарлардың көшірмелері (ағылшын тіліндегі есепте күнтізбелік жоспарлардың көшірмелері мен WORD форматындағы ағылшын тіліндегі аудармасы қоса беріледі);
  • Ағылшын тіліндегі есепте пайдаланылған дереккөздердің тізімі және жарияланған жұмыстардың тізімі ағылшын тіліне аударылып, жақшада жарияланымның түпнұсқа нұсқасының тілі көрсетілуі тиіс;
  • Мақалалар жарияланған халықаралық журналдар үшін Web of Science базасында квартиль және/немесе Scopus базасы бойынша процентиль жарияланған жылы үшін немесе есеп берілген сәттегі соңғысы көрсетілуі тиіс.

 

Сұрақтар бойынша «ҰМҒТСО» АҚ Ақпараттық ресурстарды қалыптастыру департаментіне хабарласуға болады: тел. +7 (727) 222-11-02 (ішкі 400, 401, 402, 404, 412, 413, 414, 415, 416, 417).

 

Қосымша (ГОСТ)

Ғылым
24 сентября 2026
2027–2029 жылдарға арналған ғылымды дамытудың басым бағыттары талқыланды

2027–2029 жылдарға арналған ғылымды дамытудың басым бағыттары талқыланды

24 қыркүйекте Ғылым ордасында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы (ҚР ҰҒА), Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен бірлесіп, 2027–2029 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті дамытудың басым бағыттарын қалыптастырудың жаңа тәсілдерін түсіндіру жөніндегі жұмыс кеңесін өткізді.

Жұмыс кеңесінің негізгі тақырыбы ҚР ҰҒА-ның ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындау жөніндегі ауқымды атқарылған жұмысына арналды. ҚР ҰҒА-ның бас ғалым хатшысы Тоқбергенов Исмаил Тасанбиұлы өз баяндамасында жаңа интеграцияланған бағыттардың терең әрі жан-жақты ұлттық ғылыми-технологиялық форсайт нәтижелері негізінде қалыптастырылғанын атап өтті.

Кеңес барысында табиғи-өндірістік жүйелерді басқаруды, ғылыми білімнен өндіріске дейінгі толық технологиялық тізбекті дамытуды, денсаулық пен өмір сапасын арттыруды, мемлекет пен қоғамның кешенді қатерлерге төзімділігін нығайтуды, сондай-ақ ұзақ мерзімді технологиялық тәуелсіздіктің негізі ретіндегі іргелі зерттеулерді қамтитын бес интеграцияланған басым бағытты қалыптастыру логикасы таныстырылды.

Ұсынылған басым бағыттар 70 сараптамалық сессия мен 220-ға жуық ғылыми-технологиялық міндетті қамтыған ұлттық ғылыми-технологиялық форсайт нәтижелеріне, стратегиялық құжаттарды, әлемдік үрдістерді және елдің ғылыми әлеуетін талдауға негізделген. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – ғылыми ресурстарды ұзақ мерзімді ұлттық міндеттерді шешуге жұмылдыру, зерттеулердің қайталануын азайту және ғылым, мемлекеттік басқару, экономика мен қоғам қажеттіліктері арасындағы байланысты нығайту.

Басым бағыттарды ірілендіру салалық маманданудан бас тартуды немесе қаржыландыруды біртұтас, бөлінбейтін бюджетке біріктіруді білдірмейтіні атап өтілді. Ауыл және су шаруашылығы, экология, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, энергетика, көлік, цифрландыру, ұлттық қауіпсіздік, білім беру және басқа да салалардағы нақты міндеттер мамандандырылған ғылыми бағыттар арқылы нақтыланатын болады.

Мамандандырылған ғылыми бағыттарды (МҒБ) аналитикалық негіздеме негізінде қалыптастыру тәртібіне ерекше назар аударылды. Мұндай негіздемеде мәселенің мазмұны, қолда бар ғылыми негіз, әлемдік үрдістер, қажетті құзыреттер мен инфрақұрылым, күтілетін нәтижелер, әлеуетті пайдаланушылар және практикалық қолдану шарттары көрсетілуге тиіс. Бұл ретте МҒБ мәртебесі белгілі бір ұйымды немесе жобаны автоматты түрде қаржыландыруды білдірмейді: конкурстық іріктеу мен тәуелсіз ғылыми сараптама сақталады.

МҒБ тетігі арқылы ҚР ҰҒА-ның Ғылым комитетімен және салалық министрліктермен жүргізетін нақты әрі нысаналы жұмысына ерекше мән берілді. МҒБ ұзақ мерзімді мақсатты дәйектермен негізделген ғылыми міндетке айналдыратын құрал ретінде қызмет етеді. Бұл жүйеде ҚР ҰҒА ғылыми-талдамалық негіз әзірлейді, ал салалық мемлекеттік органдар сұраныс пен әзірлемелерді енгізу шарттарын растайды.

Жұмыс кеңесі мүдделі тараптардың кең ауқымын біріктірді. Оған салалық министрліктердің, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның және ғылыми ұйымдардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ Ұлттық ғылыми кеңестердің (ҰҒК) мүшелері қатысты. Ашық диалог форматы жаңа саясаттың барлық қырын егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік берді.

Қатысушылар ғылыми қоғамдастық, мемлекеттік органдар және сараптамалық құрылымдар арасындағы жауапкершілікті бөлу мәселесін де талқылады. Ғылыми ұйымдар ұсынылатын шешімдердің негізділігін қамтамасыз етеді, салалық мемлекеттік органдар нәтижелердің практикалық сұранысқа ие екенін және оларды қолдану шарттарын растайды, ал сараптамалық органдар қойылған міндеттердің ғылыми сапасы мен іске асырылу мүмкіндігін бағалайды.

ҚР ҰҒА бас ғылыми хатшысы мен Академия өкілдері салалық мемлекеттік органдардың, Ұлттық ғылыми кеңестер (ҰҒК) мүшелерінің және ғылыми қоғамдастық өкілдерінің барлық сұрағына жауап берді. Жаңа модельдің салалық мамандануды жоймайтыны жан-жақты түсіндірілді. Пәндік жауапкершілік пен бейінді сараптама МҒБ аясында сақталады, сонымен бірге МҒБ деңгейі жобаларды тәуелсіз конкурстық сараптауды алмастырмайды.

Ашық талқылау барысында мемлекеттік органдар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері басым бағыттардың мазмұны, мамандандырылған ғылыми бағыттарды қалыптастыру және ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру тетіктері жөнінде ұсыныстар айтты. Түскен ұсыныстар жобаға одан әрі пысықтау барысында ескерілетін болады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы