ҚР БҒМ жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің құрамы жаңартылды

ҚР БҒМ жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің құрамы жаңартылды

Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің (бұдан әрі – ҚР БҒМ ЖҒК) құрамына өзгерістер енгізілді. Кеңестің құрамы 38% - ға жаңартылды, оған Қазақстанның әр аймақтарынан 9 жас PhD ғалымдары кірді. ЖҒК құрамы 24 адамнан құралады, оның ішінде: ғылыми ұйымдардың он бір өкілі, жоғары оқу орындарының жеті өкілі, ғалымдардың және/немесе жас ғалымдардың ғылыми қоғамдық бірлестіктерінің үш өкілі, ҚР БҒМ тағайындайтын үш мүше.

Анықтама: Жас ғалымдар кеңесі жас ғалымдарды ғылыми, ғылыми-техникалық қызметке және коммерцияландыру қызметіне тарту мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы  консультативтік-кеңесші орган болып табылады, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілердің, ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының және басқа да құжаттардың мазмұны бойынша ұсынымдар енгізу арқылы жас ғалымдардың кәсіби қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасауға арналған. ЖҒК қызметі жас ғалымдардың құқықтарын қорғауға және мүдделерін ілгерілетуге, олардың кәсіби және жеке дамуына жәрдемдесуге, қоғамда ғылымды насихаттауға және талантты жастарды ғылымға тартуға бағытталған.

2021 жылы ЖҒК-нің бірінші отырысында жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, төрағасының орынбасары дауыс беру және сайлау өткізілді. Дауыс беру нәтижелері бойынша PhD, «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының жаңа химиялық технологиялар ғылыми-зерттеу институтының директоры Айбулдинов Еламан Қанатұлы төраға болып сайланды. Төрағаның орынбасары болып PhD, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Рыстина Индира Садыбекқызы тағайындалды.