Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай кіші комитетінің 8-ші отырысы өтті

Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай кіші комитетінің 8-ші отырысы өтті

2019 жылғы 13 мамырда Пекин қаласында (ҚХР) Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Ынтымақтастық комитетінің Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай кіші комитетінің 8-ші отырысы өтті.

Қазақстан тарапының делегациясын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Фатима Надырқызы Жақыпова басқарды.

Қытай тарапынан Қытай Халық Республикасы Ғылым және техника Министрінің орынбасары Хуан Вэй төрағалық етті.

Іс-шараға екі елдің Ғылым академияларының, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің, қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ ҚХР Ғылым және техника министрлігінің қызметкерлері қатысты.

Қазақстандық делегация Қазақстан ғылымының саясаты, жағдайы және болашақтағы даму жоспары туралы ақпарат ұсынды. Қытай тарапы ғылыми-техникалық инновациялар мен ҚХР Ғылым және технологиялар министрлігінің рөлі саласындағы жаңа саясат туралы хабардар етті.

Отырыс барысында Қазақстан-Қытай ғылыми-техникалық ынтымақтастық жағдайына ерекше назар аударылды. Екі тараптың отырысқа қатысушылары кең ауқымды бағыттар бойынша бірлескен жобалардың нәтижелерін ұсынды.

Бүгінгі күнге дейін қол жеткізген жетістіктерге қарамастан, тараптар өзара күш-жігерді екі ел үшін ғылым саласындағы басым бағыттарға шоғырландыруды және екі жылда бір рет Кіші Комитет отырыстарының арасындағы кезеңде жұмыстың жаңа, неғұрлым нәтижелі форматын енгізуді орынды деп шешті.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар хаттамаға қол қойып, 2021 жылы Қазақстанда Кіші комитеттің тоғызыншы отырысы өткізіледі деп шешті.