Жуырда Білім және ғылым министрлігінің жалпы отырысында министр Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының ғылымды дамытудағы үлесі, нәтижесі хақында мәселе қозғады. Бүгінде ғылыми-зерттеу саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген жастар жетерлік.
Осы орайда математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Махмұд Садыбеков ғылым саласын қаржыландырудың соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталды. Біліктілігі жоғары мамандарды даярлау мен зерттеу мақсатында 1945 жылы ашылған КСРО ҒА қазақ бөлімшесінің математика және механика секторы бүгінде ғылыми институт дәрежесінде отандық ғалымдар даярлау ісінде көш басында тұр. Ғылыми жұмыстар жүргізу мен жаратылыстану үрдістерін зерттеу, жаңа әдістерді әзірлеу арқылы қазақстандық математикалық ғылымды дамытуды мақсат ете отырып Математика және математикалық модельдеу институтының мамандары заманауи ғылыми бағыт бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулерді әлемдік деңгейде жүзеге асырып келеді. Махмуд Әбдісәметұлы атап өткендей, 2025 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржының жеті есеге дейін өсетіні салаға серпін берері сөзсіз. Былтыр институт мамандары тарапынан 27 гранттық жоба жүзеге асса, Web of Science және Scopus халықаралық журналында математик-ғалымдардың 80-нен астам ғылыми мақалалары жарық көрген. Ғалымның қатысуымен онлайн кеңістікте өткен сұхбатымызға Ұлыбританиядан – Болыс Сәбитбек, Алматыдан – Қанат Төленов, Белгиядан – Айдын Қасымов, астанадан – Дөрбетқан Сұраған қатысып, отандық ғылымды дамыту, салаға жастарды тарту туралы ойларымен бөлісті.
https://egemen.kz/article/263890-irgeli-ghylymdy-damytudynh-keleshegi-zor