2020 жылғы 3 желтоқсанда Президенттің Жарлығымен ғылым және техника саласындағы үздік еңбектері үшін бір топ ғалым Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды. Солардың ішінде Дөрбетхан Сұраған осы марапатқа ие болған ел тарихындағы ең жас ғалым болды. Ол сонымен қатар, Ferran Sunyer i Balaguer Prize халықаралық сыйлығының да Орта Азиядағы ең жас әрі бірінші лауреаты, әлем бойынша еңбектеріне келтірілген сілтемелер саны ең көп қазақ ғалымдарының бірі. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Математика және математикалық модельдеу институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас ғылыми қызметкері, Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы (PhD) Дөрбетхан Сұраған газетімізге сұхбат беріп, ғылым, қоғам туралы тұшымды пікірін айтып, жеке жетістіктері жайлы әңгіме өрбіткен еді.