Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты және «Кәсіби тарихшылар мен қоғамтанушылар лигасы» қоғамдық бірлестігі 2021 жылдың 22 қаңтарында «Қазақ мемлекетінің қалыптасу және нығаю тарихы: тың деректер мен ғылыми тұжырымдар» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өткізді.
Конференцияға Қазақстан мен Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Дағыстан, Башқұртстан, Қарақалпақстан елдерінің көрнекті тарихшы ғалымдары, мәселен, Ресейден РҒА Жалпы тарих институтының ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, РҒА толық мүшесі Александр Чубарьян, Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесінің экс-спикері, ҚР Дипломатиялық Академиясының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнидин Курманов, Қазақстаннан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Талас Омарбеков, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Зиябек Қабылдинов және басқалар қатысты. Конференцияға Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған төрағалық етті.
Конференция барысында Қазақстан аумағында ерте кезден қазіргі заманға дейінгі мемлекет құру мәселелері жан-жақты талқыланды. Әсіресе, қазақ мемлекеттілігінің бастау көздері, Қазақстан жерінде құрылған алғашқы тайпалық мемлекеттер туралы әңгімеленді. Қазақ этногенезі мен қазақ халқының қалыптасуы, Қазақ хандығының өрлеуі мен әлсіреуі, кеңестік және тәуелсіз Қазақстан тарихы, ұлттық интеллигенция тақырыбы ерекше талданды. Мысалға, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілдің баяндамасы мемлекеттілік пен ұлттық шекаралар тақырыбына арналса, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қайырболат Нұрбай қазақ мемлекеттілігін зерттеу мәселесін көтерді.
Отандық тарихшылар баяндамаларында қазақ ұлты және оның мемлекет құрудағы тарихи және саяси дәстүрлері, Ұлы Даланың өзге көшпелі және отырықшы мемлекеттермен арақатынасы, қазақ мемлекеттілігі тарихының ерте және кейінгі кезеңдеріне және т.б. мәселелерге қатысты тың пікірлер айтылды.