GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Комитет туралы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Министрлік туралы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Все материалы
Ғылым
Цифрландыру
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
19 октября 2026
Қостанайда Qostanai AI Industry Hackathon 2026 жеңімпаздары анықталды

Қостанайда Qostanai AI Industry Hackathon 2026 жеңімпаздары анықталды

Қостанайда өткен республикалық Qostanai AI Industry Hackathon 2026 хакатонының қорытындысы бойынша Қостанай, Алматы және Астана қалаларынан келген үш команда команда 3 миллион теңге көлеміндегі жеңімпаз атанды. Қатысушылар өнеркәсіп пен білім беру саласындағы нақты міндеттерді шешуге арналған жасанды интеллект негізіндегі жобаларын ұсынды.

Хакатонның финалы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде өтті. Байқауға 150-ден астам өтінім түсіп, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Қостанай, Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан 12 команда финалға жолдама алды.

Қатысушылар үш бағыт бойынша жұмыс істеді. «Қостанай минералдары» АҚ өндірістік нарядтарды беру мен олардың орындалуын бақылауды автоматтандыруға арналған «НарядAI» жүйесін әзірлеуді ұсынды. «Allur» компаниялар тобы» АҚ кейсі автомобиль зауытының цифрлық егізін жасауға арналды. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Qostanai Hub онлайн тестілеудің әділдігін қамтамасыз ететін локалды прокторинг жүйесін әзірлеу міндетін қойды.

Хакатонның алғашқы кезеңінде қатысушылар 90-нан астам шешім ұсынды. Әр бағыт бойынша үздік төрт команда іріктеліп, финалда өз жобаларын сарапшылар алқасына таныстырды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хакатонның ашылуында қатысушыларға құттықтау жолдап, ғылым, жоғары білім және экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайтудың маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, мұндай бастамалар ғылыми білім мен тың идеяларды өндіріс пен қоғамның сұранысына сай нақты шешімдерге айналдыруға, жастардың инженерлік және жобалық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ елдің технологиялық жаңғыруына қажетті мамандар даярлауға ықпал етеді.

Qostanai AI Industry Hackathon 2026 хакатонын Қостанай өңірлік университеті, Qostanai Hub және Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы ұйымдастырды. Өнеркәсіптік серіктестер ретінде «Қостанай минералдары» АҚ мен «Allur» компаниялар тобы» АҚ қатысты.

Жобаларды бағалау нәтижесінде үш команда жеңімпаз атанды. «Қостанай минералдары» АҚ кейсі бойынша Қостанай қаласының FenixTech командасы үздік деп танылды. «Allur» компаниялар тобы» АҚ ұсынған тапсырмада Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің OpenToWork командасы жеңіске жетті. Ал локалды прокторинг бағыты бойынша Астана қаласының Astana IT University университетіндегі F5 Argus proctoring командасы үздік нәтиже көрсетті.

Хакатон жас әзірлеушілерге нақты өндірістік және білім беру міндеттерімен жұмыс істеуге, технологиялық шешімдерін тәжірибеде сынауға және әлеуетті тапсырыс берушілерге ұсынуға мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар университеттер мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, өңірлердің цифрлық әлеуетін дамытуға және жасанды интеллект саласында білікті мамандар даярлауға жол ашады.

Ғылым
Цифрландыру
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
19 октября 2026
Таразда «Taraz Creative Industries 2026» халықаралық форумы басталды

Таразда «Taraz Creative Industries 2026» халықаралық форумы басталды

Тараз қаласында креативті индустрияларды дамытуға, шығармашылық әлеует пен заманауи технологияларды ұштастыруға арналған «Taraz Creative Industries 2026» халықаралық форумы басталды. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан бес күндік форум креативті экономика саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және жаңа бастамаларды қолдауға бағытталған.

Халықаралық форумға IT, кино, сән, дизайн, өнер, жастар бастамалары және креативті кәсіпкерлік салаларының өкілдері жиналды. Іс-шараның негізгі мақсаты – шығармашылық пен инновацияны ұштастыратын идеяларды қолдау, креативті индустриялардың даму мүмкіндіктерін айқындау және жаңа жобаларды ілгерілету.

Форумның ресми ашылу рәсімі мен пленарлық сессияларына қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен салалық сарапшылар қатысты.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бейнеқұттықтауында халықаралық жиынның жұмысына сәттілік тіледі. Министр өз сөзінде креативті экономиканың елдің болашақтағы әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма төрағасы – ректор Ләззат Еркінбаева форумның мақсат-міндеттері мен маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама өңірдің шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастардың инновациялық идеяларын қолдауға және олардың тың жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Пленарлық сессия барысында зерттеушілер, қоғам қайраткерлері мен креативті индустрия өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, саланың даму перспективалары жөнінде ой қозғады.

Айта кетейік, халықаралық форумның әр күні креативті индустриялардың жекелеген бағыттарына арналады. Бағдарлама аясында IT мамандары мен креативті сала өкілдерінің қатысуымен инновациялық стартаптар байқауы, воркшоптар мен шеберлік сабақтары, сондай-ақ кино, сән және дизайн бағыттары бойынша конкурстар мен көрмелер ұйымдастырылады. Сала мамандары студенттермен тәжірибе бөлісіп, кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.

«Taraz Creative Industries 2026» халықаралық форумы – тәжірибе алмасу мен жаңа идеяларды талқылауға арналған алаң ғана емес, сонымен қатар жастардың шығармашылық бастамаларын қолдап, оларды нақты жобалар мен кәсіпкерлік бастамаларға айналдыруға мүмкіндік беретін маңызды платформа.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
19 октября 2026
Ғылым министрі Қазақстан-Неміс университетінің қызметімен танысты

Ғылым министрі Қазақстан-Неміс университетінің қызметімен танысты

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан-Неміс университетіне (DKU) барып, оқу орнының негізгі қызмет бағыттарымен, Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығының дамуымен және университетті одан әрі дамыту перспективаларымен танысты.

Кездесу барысында министр университеттің инфрақұрылымын аралап, зертханаларын көрді, студенттермен және университет қызметкерлерімен кездесті. Қазақстандық және неміс жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу ұйымдарымен өзара байланыс орнату, сондай-ақ халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтудағы университеттің рөліне ерекше назар аударылды.

DKU президенті, профессор, доктор Волрад Роммельмен өткен жұмыс кездесуінде университеттің халықаралық білім беру ұйымы ретіндегі қызметінің нормативтік-құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіру мәселелері, сондай-ақ оның инфрақұрылымын кеңейту перспективалары талқыланды. Кездесуге DKU ректоры, PhD Асель Ажибаева, Есенов университетінің атқарушы ректоры, PhD Ермек Нұрмағанбет және DKU вице-президенті, доктор Асхат Жілқайдаров та қатысты.

Тараптар ғылыми-білім беру байланыстарын одан әрі нығайту, зерттеу қызметін дамыту және екі елдің академиялық қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.

Қазақстан-Неміс университеті жоғары білім мен ғылым саласындағы Қазақстан-Германия қатынастарын дамытуда маңызды рөл атқарады. Университеттің қызметін одан әрі жетілдіру, оның жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар жасау және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін кеңейту халықаралық академиялық ынтымақтастықтың маңызды алаңы ретіндегі әлеуетін арттыруға, ғылымның, білім мен инновациялардың дамуына ықпал етеді.

Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
19 октября 2026
QS Insights Magazine журналында Қазақстанның жоғары білім беру саласының дамуы туралы мақала жарияланды

QS Insights Magazine журналында Қазақстанның жоғары білім беру саласының дамуы туралы мақала жарияланды

Халықаралық QS Insights Magazine басылымында Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің дамуы мен Еуразиядағы өңірлік білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға арналған «Space to Grow in Kazakhstan» («Қазақстанның даму әлеуеті») атты мақала жарық көрді. Материалдың авторы – Ник Харланд (Nick Harland).

Мақалада Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін трансформациялаудың негізгі бағыттары, соның ішінде жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық кампустар ашу, жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ отандық және шетелдік студенттер санын арттыру мәселелері қарастырылады.

Материалда De Montfort University және Coventry University филиалдарының қызметіне, сондай-ақ Kozybayev University мен University of Arizona арасындағы серіктестікке ерекше назар аударылған. Бұл мысалдар халықаралық академиялық ынтымақтастықтың сапалы білімге қолжетімділікті кеңейтуге, сұранысқа ие мамандар даярлауға және өңірлік жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін көрсетеді.

Жарияланымда жоғары білім беруді интернационалдандыру бағытындағы оң динамика да атап өтілген. 2025 жылы Қазақстандағы шетелдік студенттер саны 35 мыңнан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 11%-ға өсті. Сонымен қатар соңғы үш жылда отандық жоғары оқу орындарында білім алатын қазақстандық студенттер саны 14%-ға артқан.

Сондай-ақ цифрлық инфрақұрылым мен жасанды интеллектіні дамытуға, оның ішінде Data Center Valley жобасын іске асыруға, ағылшын тілінде оқытылатын білім беру бағдарламаларын кеңейтуге, шетелдік оқытушылар мен зерттеушілерді тартуға қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген.

Мақалада келтірілген деректерге сәйкес, QS World University Rankings 2027 халықаралық рейтингіне Қазақстанның 18 жоғары оқу орны енген. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда төрт университетке артқан. Отандық екі жоғары оқу орны әлемнің үздік 400 университетінің қатарына кірсе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үздік 200 университеттің қатарынан орын алған.

Сонымен бірге автор жоғары білім беру жүйесін одан әрі дамыту тек халықаралық кампустар мен студенттер санын арттырумен шектелмейтінін атап өтеді. Бұл ретте өңірлердегі білім беру мүмкіндіктерін кеңейту, әкімшілік кедергілерді азайту және елдің тұрақты ғылыми әлеуетін қалыптастыру маңызды.

Жарияланым Қазақстандағы білім беру саласындағы өзгерістерге деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын және еліміздің Орталық Азиядағы жетекші білім беру әрі ғылыми орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуға ұмтылысын көрсетеді.

Мақаланың толық нұсқасы: https://magazine.qs.com/qs-insights-magazine-46/space-to-grow-in-kazakhstan

Ғылым
17 октября 2026
ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНА – 80 ЖЫЛ: ҒЫЛЫМҒА ҚЫЗМЕТ, ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ БОЛАШАҚ КӨКЖИЕГІ

ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНА – 80 ЖЫЛ: ҒЫЛЫМҒА ҚЫЗМЕТ, ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ БОЛАШАҚ КӨКЖИЕГІ

17 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

1946 жылы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған Академияның сексен жылдық тарихы – отандық ғылымның қалыптасуы мен өркендеуінің, іргелі ғылыми мектептердің орнығуы мен бірнеше буын ғалымдардың қажырлы еңбегінің шежіресі. Мерейтойлық жиын осы бай ғылыми мұраны бүгінгі технологиялық жаңғырумен сабақтастырып, Қазақстан ғылымының болашақ даму бағдарын айқындайтын халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғасы болды.

Салтанатты жиынға мемлекеттік органдар мен шетелдік ғылым академияларының басшылары, Академия мүшелері, жетекші отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, бизнес қауымдастығының өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары, халықаралық әріптестер және жас зерттеушілер қатысты.

Қатысушыларға Академияның негізгі жетістіктері мен отандық ғылымның даму кезеңдерін қамтитын мультимедиалық таныстырылым ұсынылды. Бағдарламаның ерекше сәттерінің бірі – Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың 3D-голограммасының көрсетілуі болды.

Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған арнайы Құттықтау хатын оқып берді. Президент өз құттықтауында Қаныш Сәтбаев негізін қалаған Академияның отандық ғылымды дамытудағы тарихи рөліне тоқталып, оның еліміздің индустриялық, экономикалық және зияткерлік әлеуетін нығайтуға қосқан елеулі үлесін атап өткен.

«Биыл бірінші шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда алғаш рет адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны өркендету мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілді», – делінген Президент құттықтауында.

Бұл өзгерістер ғылымды мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде орнықтырып, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға, жаңа технологияларды дамытуға және отандық ғылыми әлеуетті нығайтуға берік негіз қалыптастыруда.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық ғылым академиясын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның отандық ғылымның қалыптасуы мен дамуына қосқан тарихи үлесін атап өтті. Министр ғылымның елдің зияткерлік әлеуетін арттырудағы, экономиканы жаңғыртудағы және технологиялық тәуелсіздікті нығайтудағы стратегиялық маңызын ерекше атады.

Салтанатты жиынды ҚР ҰҒА президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев жүргізіп, негізгі бағдарламалық  баяндама жасады. Академияның жаңа мәртебесі аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы стратегиялық міндеттерді таныстырды. Қазіргі кезеңдегі басты мақсат – ғылымды жекелеген зерттеулер жиынтығынан ел экономикасының нақты қажеттіліктеріне жауап беретін, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуге бағытталған біртұтас жүйеге айналдыру.

Академияның бастамасымен өткізілген 75-тен астам өңірлік және салалық форсайт-сессия нәтижесінде 220-ға жуық перспективалы міндет анықталды. Осы негізде технологиялық тәуелсіздікті нығайтуға, іргелі зерттеулерді дамытуға және жаңа ғылыми құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған ғылыми басымдықтардың төрт деңгейлі моделі ұсынылды. Аталған модель Үкімет тарапынан қолдау тауып, оны 2027 жылдан бастап қолдану көзделген.

Сонымен қатар, Академия су ресурстарын басқару, сейсмикалық қауіпсіздік, стратегиялық маңызды минералдар, энергетикалық материалдар, ауыл шаруашылығы селекциясы және биотехнологиялар бағыттары бойынша флагмандық ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулерге енгізу, Qazaqstan AI for Science ұлттық зерттеу экожүйесін дамыту және Қазақстанның ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық даму стратегиясын әзірлеу де негізгі басымдықтардың қатарында.

ҚР ҰҒА президенті ғылымның жаңа даму кезеңінде тұрақты әрі ұзақмерзімді қаржыландыру жүйесін қалыптастырудың, ғылыми ұйымдардың дербестігін кеңейтудің және зерттеу нәтижелерінің экономикалық тиімділігін арттырудың маңызын атап өтті.

«Академияның сексен жылдығы – оның тарихи мұрасы мен жаңа жауапкершілігі тоғысқан маңызды белес», – деп атап өтті А.Күрішбаев.

Мерейтойдың маңызды оқиғаларының бірі – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының бес жас ғалымына Мемлекет басшысынан тұрғын үй сертификаттарының салтанатты түрде табысталуы. Бұл – ғылым жолын таңдаған жас мамандарға көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдаудың және олардың ғылыми қызметпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасаудың нақты көрінісі.

Салтанатты жиын аясында Қытай, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдері ғылым академияларының басшыларына ҚР ҰҒА-ның 80 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.

Салтанатты жиын аясында алғаш рет Қазақстан Республикасы Президентінің Архивімен бірлесіп әзірленген «ҚР ҰҒА – 80 жыл» тарихи-құжаттық көрмесінде Академияның құнды, бұрын соңды көрсетілмеген архивтік құжаттар мен суреттермен, Академияның қалыптасу кезеңдері, көрнекті ғалымдар мен ғылыми мектептердің мұрасы таныстырылады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық марапаттарымен отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан жетекші ғалымдарды алғаш рет «Қаныш Сәтбаев» медалімен марапаттады. Марапаттау рәсімі ғылыми жетістіктерді дәріптеуге, отандық ғалымдардың еңбегін бағалауға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы – отандық ғылымның тарихи жетістіктерін ұлықтаумен қатар, мемлекеттің ғылымға деген стратегиялық қолдауын, ғылыми ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстанның жаңа ғылыми-технологиялық даму кезеңіне қадам басқанын айшықтаған маңызды белес.

Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
17 октября 2026
Түркі мемлекеттерінің Ұлттық тестілеу орталықтары ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалаудың өңірлік жүйесін құру туралы меморандумға қол қойды

Түркі мемлекеттерінің Ұлттық тестілеу орталықтары ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалаудың өңірлік жүйесін құру туралы меморандумға қол қойды

«Қарқынды өзгеріс әлеміндегі қабылдау емтихандары» халықаралық конференциясының екінші күні Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық тестілеу орталықтары ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған ETOTS (English Test for Turkic States) бірлескен емтиханын құру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжат тілдік бағалау саласындағы ұлттық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, ағылшын тілі бойынша емтиханды әзірлеу, өткізу, оның нәтижелерін тану және сапасын қамтамасыз етудің ортақ тетігін қалыптастыруға бағытталған. Бастама қатысушы елдердің сарапшылық әлеуетін біріктіріп, халықаралық тәсілдерге сәйкес келетін қосымша өңірлік бағалау құралын құруды көздейді. Бұл ретте ETOTS қолданыстағы халықаралық тілдік емтихандарды алмастыруды мақсат етпейді.

«ETOTS – ағылшын тілін бағалауға арналған бірлескен емтихан ғана емес, елдеріміздің білім беру жүйелері арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған нақты қадам. Ұлттық тестілеу орталықтарының сарапшылық әлеуетін біріктіре отырып, академиялық ұтқырлыққа қосымша мүмкіндіктер ашамыз және білім сапасын бағалау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытамыз», – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов.

Тараптар тест тапсырмаларын бірлесіп әзірлеуді, қорғалған компьютерлік тестілеуді қамтамасыз етуді, психометриялық валидация жүргізуді және емтихан нәтижелерін өңірлік деңгейде тану тетіктерін пысықтауды жоспарлап отыр. Айта кетсек, меморандумға басқа да түркі мемлекеттерінің ұлттық бағалау ұйымдары қосыла алады.

Конференцияның екінші күні Admissions Insight Test (AIT) жобасы талқыланды. Оқу-ағарту министрлігінің өкілдеріне, жоғары оқу орындарының, шетелдік университеттер филиалдарының басшыларына және өңірлік білім басқармаларының өкілдеріне арналған ақпараттық сессия барысында Ұлттық тестілеу орталығы емтихан тұжырымдамасын, оны әзірлеу және енгізу кезеңдерін, құрылымы мен дағдыларды бағалау компонентін, сондай-ақ қолданыстағы қабылдау тестілеу моделінен айырмашылықтарын таныстырды. Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жаңа емтиханды әзірлеуге байланысты мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізу бағытындағы жұмысы таныстырылды.

Конференцияның екі күні халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сарапшылық тәжірибе алмасуға және қазіргі білім беру жүйесінің талаптарына сай қабылдау мен тілдік бағалаудың жаңа тәсілдерін дамытуға мүмкіндік берді.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
16 октября 2026
Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалына 25 жыл толды

Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалына 25 жыл толды

Астанада М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (ММУ) Қазақстандағы филиалының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтой Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытудағы маңызды оқиғаға айналып, филиалдың ширек ғасырлық қызметінің қорытындысын шығаруға мүмкіндік берді.

2001 жылы ашылған ММУ-дің Қазақстандағы филиалы Мәскеу мемлекеттік университетінің шетелдегі алғашқы филиалы болды. Осы уақыт аралығында ол 3 мыңнан астам түлек даярлап, іргелі университеттік білім беру дәстүрлерін заманауи ғылыми тәсілдермен ұштастыратын ғылыми-білім беру орталығы ретінде қалыптасты.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқып берді.

«Ширек ғасыр – берік академиялық дәстүр мен өз ісінің нағыз мамандарының көп жылғы жемісті еңбегін айғақтайтын маңызды белес. Осы жылдар ішінде әлемдік деңгейдегі беделді университеттің дипломын 3 мыңнан астам түлек иеленді. Қазақстандағы филиал еліміздің жетекші зияткерлік алаңдарының бірі, тың идеялар мен серпінді жобалардың бастау алатын орталығы ретінде лайықты бағаланады. Мұнда еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін іргелі зерттеулер жүргізіліп, перспективалы инновациялар әзірленіп келеді. ММУ филиалы екі ел арасындағы академиялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға елеулі үлес қосып келеді», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің құттықтауын Қазақстан Республикасындағы РФ уақытша сенімді өкілі, кеңесші-уәкіл А.Комаров атап өтті.

«Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының бірінің Қазақстанда филиалының ашылуы екі елде де ауқымды әрі маңызды оқиға болды. Бұл – біз қадір тұтатын ежелгі достық, тату көршілік пен өзара түсіністік дәстүрлерінің беріктігін айғақтайтын маңызды қадам. Талантты, өз ісіне адал оқытушылардың білімі мен тәжірибесінің арқасында университет осы жылдар ішінде қарқынды дамып, жасампаздық әлеуетін нығайтып келеді», – делінген құттықтауда.

Іс-шарада сөз сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек филиалдың жастар ғылымын дамытуға және екі ел арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

«Бүгін біз білім беру ұйымының мерейтойын ғана емес, Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығы тарихындағы маңызды белесті атап өтіп отырмыз. Қазақстандағы филиал Мәскеу мемлекеттік университетінің шетелдегі алғашқы филиалы болды. Ширек ғасыр ішінде ол қалыптасу мен дамудың үлкен жолынан өтіп, іргелі университеттік білім берудің озық дәстүрлері мен заманауи ғылыми тәсілдерді ұштастырған ғылыми-білім беру кешеніне айналды», – деді министр.

Бүгінде филиал түлектері мемлекеттік органдарда, ғылыми және білім беру ұйымдарында, қаржы секторында және ірі компанияларда еңбек етіп, Қазақстанның экономикасы мен ғылымының дамуына үлес қосып келеді.

Филиалдың білім беру моделінің басты ерекшелігі – іргелі даярлықтың ғылыми-зерттеу қызметімен тығыз байланысы. Оқу үдерісіне ММУ-дің жетекші ғалымдары қатысып, студенттердің зерттеу, курстық және дипломдық жұмыстарына жетекшілік етеді. Үшінші курстан бастап студенттер Мәскеу университетінің кафедраларында маманданып, оның ғылыми мектептерінің жұмысына араласуға мүмкіндік алады.

Филиалдың ғылыми әлеуеті ММУ факультеттерімен өзара ынтымақтастық негізінде қалыптасып келеді. Қазіргі уақытта мұнда 14 ғылым докторы, 21 ғылым кандидаты және PhD докторы еңбек етеді.

Дамудың басым бағыттарының бірі – магистратура бағдарламаларын Қазақстанның ғылыми-технологиялық қажеттіліктеріне сәйкес жетілдіру. Филиалда математикалық модельдеу, деректерді талдау және жасанды интеллект, экология және табиғатты пайдалану, мәдениетаралық коммуникация және медиалингвистика, сондай-ақ экономикада, мемлекеттік басқаруда, статистика мен қаржы саласында заманауи талдау әдістерін қолдану бағыттары дамып келеді.

Салтанатты іс-шара аясында қызметкерлер мен ғылыми-білім беру қауымдастық өкілдеріне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградалары, сондай-ақ Мәскеу мемлекеттік университетінің марапаттары табысталды.

Филиалға ҚР Құрылтайының Төрағасы, РФ Ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков және мемлекеттік органдар мен академиялық қоғамдастықтың басқа да өкілдері құттықтауларын жолдады. ММУ ректоры, академик Виктор Садовничий бейнеқұттықтауын ұсынды. Құрметті қонақтардың қатарында ММУ делегациясының жетекшісі және Мәскеу университетінің профессоры, ММУ-дің Қазақстандағы филиалының директоры Александр Сидорович болды.

Филиал дамуының жаңа кезеңі заманауи ғимаратта жұмысын бастаумен байланысты. Бұл білім беру және ғылыми қызметті кеңейтуге, жаңа зерттеу орталықтарын құруға және Қазақстан ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Перспективалы бағыттардың қатарында жасанды интеллект, деректерді талдау және экологиялық мониторинг салаларындағы зерттеулер, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді Астана мен жалпы елдің өзекті мәселелерін шешуге қолдану бар.

Мерейтой аясында «Іргелі ғылым және заманауи білім беру: ММУ-дің Қазақстандағы филиалына 25 жыл» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция да өтті. Конференция ғылыми және академиялық қоғамдастық өкілдерін біріктіріп, іргелі ғылым мен заманауи білім беруді дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
16 октября 2026
ҚР Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен алты ел Халықаралық консорциум құру туралы келісімге қол қойды

ҚР Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен алты ел Халықаралық консорциум құру туралы келісімге қол қойды

16 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялары одағының (UNASTW) Бас ассамблеясының тоғызыншы отырысы өтті. Академияның 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған халықаралық жиынның негізгі мақсаты – ғылым академиялары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту және ортақ тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеудің басым бағыттарын айқындау.

Халықаралық жиын барысында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия ғылым академиялары Дала өркениетін бірлесіп зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум құру туралы көпжақты келісімге қол қойды. Бұл бастама алты елдің ғылыми әлеуетін, тарихи дереккөздері мен зерттеу инфрақұрылымын біріктіріп, Жошы Ұлысы мен Алтын Орда мұрасын халықаралық деңгейде кешенді зерттеуге бағытталған.

Отырыста Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылыми ынтымақтастықты нақты бағдарламалар мен ұзақмерзімді бірлескен жобаларға айналдырудың маңызын атап өтті.

«Біздің негізгі ұстанымымыз – академиялар арасындағы байланысты бірлескен бағдарламаларға, ортақ зерттеу инфрақұрылымына және жас ғалымдар үшін тұрақты мүмкіндіктерге айналдыру», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Консорциумның негізгі міндеті – Дала өркениетінің Еуразия тарихындағы орнын жаңа ғылыми деректер мен пәнаралық зерттеу әдістері негізінде зерделеу. Бірлескен жұмыстар Жошы Ұлысы мен Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын, мемлекеттілік пен құқықтық дәстүрлерді, тарихи дипломатияны, Ұлы Жібек жолы байланыстарын және мәдени сабақтастық мәселелерін қамтиды.

Консорциум аясында бірлескен археологиялық экспедициялар ұйымдастыру, Дала өркениетінің цифрлық архивін, тарихи деректер корпусын және интерактивті тарихи-картографиялық атласын әзірлеу жоспарланған. Сонымен қатар тарихи қолжазбаларды цифрландыру, зерттеулерде жасанды интеллект пен геоақпараттық технологияларды пайдалану, академиялық басылымдар дайындау және жас ғалымдардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту көзделген.

Ынтымақтастықты жүйелі дамыту мақсатында 2027–2031 жылдарға арналған ортақ ғылыми ынтымақтастық Жол картасын әзірлеу ұсынылды. Құжатта тарихи дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу, бірлескен пәнаралық зерттеулер жүргізу, ортақ ғылыми инфрақұрылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау бағыттарына басымдық беру көзделеді.

Бас ассамблеяның маңызды нәтижесі болған алтыжақты келісім Дала өркениетін, Жошы Ұлысы мен Алтын Орда мұрасын зерттеуде ұзақмерзімді халықаралық ғылыми әріптестіктің негізін қалайды. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы аясында жүзеге асқан бұл бастама ғылыми сабақтастықты нығайтып, Орталық Еуразияның әлемдік өркениетке қосқан үлесін халықаралық академиялық кеңістікте танытуға мүмкіндік береді.

Цифрландыру
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
16 октября 2026
Астанада қабылдау емтихандарына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

Астанада қабылдау емтихандарына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

16 қазанда Астанада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы ұйымдастырған «Қарқынды өзгеріс әлеміндегі қабылдау емтихандары» атты халықаралық конференция басталды.

Іс-шараға білім беру саласындағы бағалау мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдардың өкілдері, ұлттық емтихан орталықтарының басшылары, ғалымдар, сарапшылар және жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып жатыр. Қатысушылар қатарында АҚШ-тың ETS, College Board ұйымдары, Ұлыбританияның AQA Global ұйымы, Канаданының Vretta мамандары, Ресейдің ВШЭ мамандары, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан сарапшылары бар.

Пленарлық отырыста ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі. Ол конференцияның қабылдау емтихандары мен талапкерлердің білімін бағалау саласындағы халықаралық тәжірибе алмасуға және өзгермелі әлем талаптарына сай іріктеудің жаңа тәсілдерін талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті. Министр жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту Мемлекет басшысы айқындаған интернационалдандыру бағытына сәйкес келетінін және Қазақстанның білім беру жүйесінің жаһандық білім кеңістігіне ықпалдасуына ықпал ететінін жеткізді.

«Бүгінде қабылдау емтиханы меңгерілген білімді тексерумен ғана шектелмейді. Ол талапкердің алдағы уақытта білім алу әлеуетін бағалауға да мүмкіндік береді. Технологиялар қарқынды дамып жатқан жағдайда адамның сыни ойлау, жаңа ақпаратпен жұмыс істеу және жаңа дағдыларды меңгеру қабілетін ескеру маңызды. Осыған байланысты Қазақстан халықаралық серіктестермен бірлесіп, жоғары оқу орнында табысты білім алуға қажетті құзыреттерді бағалауға бағытталған Admissions Insight Test (AIT) жобасын дамытып келеді. Конференция халықаралық тәжірибені талқылауға және қабылдау емтихандары жүйесін жетілдірудің заманауи тәсілдерін қарастыруға мүмкіндік береді», – деді министр.

Конференция барысында қатысушылар жасанды интеллектінің білім беру саласындағы бағалауға ықпалын, қабылдау емтихандарын дамытудың халықаралық үрдістерін, сондай-ақ бағалаудың сенімділігі мен объективтілігін сақтай отырып, инновацияларды енгізу қағидаттарын талқылады.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов өз сөзінде Қазақстандағы қабылдау емтихандары жүйесінің даму барысына тоқталды. Ол бағалау құралдарын әзірлеуде ғылыми негізделген тәсілдерді қолданудың, нәтижелердің салыстырмалылығын қамтамасыз етудің және тестілеу әдістемелерін ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне бейімдеудің маңызын атап өтті.

«Қазіргі заманғы қабылдау емтихандары жүйесін әзірлеу технологиялық шешімдермен ғана шектелмейді, ол ауқымды ғылыми-зерттеу жұмысын да талап етеді. Елдің білім беру жүйесінің ерекшеліктерін ескеріп, тест тапсырмаларының сапасын қамтамасыз ету және әзірлеудің әр кезеңінде нәтижелердің сенімділігін дәлелдеу қажет. ETS ұйымымен ынтымақтастық халықаралық сараптаманы ұлттық тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Ал әртүрлі елдердің өкілдерімен кәсіби пікір алмасу AIT жобасын дамытудың алдағы бағыттарын айқындауға көмектеседі», – деп атап өтті Нұрсейіт Байжанов.

Халықаралық конференцияның алғашқы тақырыптық сессиясында сарапшылар цифрлық трансформация мен жасанды интеллектінің дамуы жағдайында талапкерлерге қажетті негізгі дағдыларды бағалау тәсілдерін қарастырды. Талқылау барысында сыни және шығармашылық ойлау, академиялық жазылым, зерттеу дағдылары, коммуникация, цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект саласындағы құзыреттер мәселелеріне басымдық берілді.

Сондай-ақ жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде қолданылатын бағалау құралдарын бейімдеу жөніндегі ұлттық тестілеу орталықтарының тәжірибесіне арналған сессия өтті. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан өкілдері ұлттық емтихан жүйелерін дамыту тәжірибелерімен бөлісті.

Конференцияның екінші күні екі бағыт бойынша қатар іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бірінші бағыт аясында ETOTS бастамасы шеңберінде Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық тестілеу орталықтарының өкілдері кездесіп, ағылшын тілі бойынша бірлескен тест әзірлеу мәселесін талқылайды және меморандумға қол қояды. Екінші бағытта білім беру саласының өкілдеріне арналған ақпараттық сессия өтіп, онда AIT жобасының тұжырымдамасы, құрылымы және оны енгізу кезеңдері таныстырылады.

Бұдан бөлек, қатысушылар білім беру стандарттарын жетілдіру, сондай-ақ басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) деректері мен педагогтерді бағалау нәтижелерін пайдалану мәселелерін талқылайды.

Ғылым
Цифрландыру
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
15 октября 2026
Астанада жоғары білім мен ғылымды дамытудың негізгі бағыттары талқыланды

Астанада жоғары білім мен ғылымды дамытудың негізгі бағыттары талқыланды

15 қазанда Qazaq AI Research University (QAIRU) алаңында Жоғары білім қызметкерлері күніне арналған форум өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғылыми және академиялық қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ білім беру және инновациялар саласындағы сарапшылар қатысты.

Форум барысында қатысушылар жоғары білім мен ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін, университеттердің цифрлық трансформациясын, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізуді, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіруді және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды талқылады.

Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйледі. Ол жаһандық технологиялық өзгерістер жағдайында жоғары білім мен ғылым жүйесін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді білім беру үдерісіне енгізуге, сондай-ақ елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға назар аударды. Сонымен қатар министр университеттердің бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы, инновацияларды дамытудағы және экономика мен қоғамның заманауи талаптарына сай адами капиталды қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Іс-шара аясында сала дамуына үлес қосқан ғылым және жоғары білім қызметкерлерін марапаттау рәсімі де өтті.

Форумда жоғары білім мен ғылым жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттары қарастырылды. Атап айтқанда, Ұлттық бірыңғай тестілеу форматын жетілдіру, AI-Sana ұлттық қозғалысын іске асыру, жасанды интеллектіні білім беру үдерісі мен ғылыми зерттеулерде қолдану аясын кеңейту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ жоғары білім сапасын арттыруға, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңартуға, халықаралық интеграцияны дамытуға және жоғары оқу орындарын қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды. Қатысушылар Қазақстанның ғылыми және инновациялық әлеуетін дамыту, интернационалдандыру бағытындағы нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу және университеттер қызметіне заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелерін де қарастырды.

Студент жастарды әлеуметтендіру мәселесі де талқылаудың маңызды бағыттарының бірі болды. Осы тұрғыда қолайлы, инклюзивті және қауіпсіз университеттік орта қалыптастыру, студенттік бастамаларды қолдау, студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту және білім алушыларды волонтерлік қызметке тарту қажеттігі атап өтілді. Заманауи университеттің міндеті – сапалы кәсіби білім берумен қатар студенттердің азаматтық жауапкершілігін, көшбасшылық қасиеттерін және әлеуметтік белсенділігін дамыту.

Технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында университет моделін трансформациялау, жасанды интеллектіні жоғары оқу орындарының білім беру және басқару қызметіне кіріктіру, сондай-ақ цифрлық құзыреттері заманауи талаптарға сай мамандар даярлау мәселелері де сөз болды.

Форум сала дамуының өзекті мәселелері бойынша кәсіби пікір алмасуға, практикалық шешімдерді талқылауға және алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Қарастырылған мәселелер Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде кадрлар даярлау сапасын арттыруға, ғылыми және инновациялық құзыреттерді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және заманауи университеттік орта қалыптастыруға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы