
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің (METU) Биохимиялық инженерия кафедрасында Биоинформатика және геномдық зерттеулер зертханасы ашылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне METU ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова, ҚХР ғылым жөніндегі консулы Чжан Вэй және Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының директоры Мақтағали Бектемесов, сондай-ақ Қытай, Әзірбайжан, Ресей және Малайзия елдерінің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Зертхананы құрудың негізгі мақсаты – биология, математика, ақпараттық технологиялар, биоинженерия және басқа да іргелес салаларды біріктіретін пәнаралық ғылыми орталық пен білім беру платформасын қалыптастыру. Бұл зертхана геномика, биоинформатика және молекулалық биология салаларындағы өзекті мәселелерді шеше алатын жаңа буын мамандарын даярлауға арналған алаңға айналмақ.
Іс-шара аясында METU докторанттарының ғылыми әзірлемелерінің көрмесі ұйымдастырылды. Айгерім Сейсенова «Алма ағашының негізгі ауруларына төзімділік гендері және жаңа сұрыптарды будандастырудағы маркерлер» тақырыбындағы зерттеуін ұсынды. Ақерке Ташкенбаева «Шетелдік коллекциялардағы Fragaria ananassa сұрыптарын отырғызу материалын сауықтыру арқылы бастапқы аналық өсімдіктерді қалыптастыру» жобасын көрсетті. Бағдат Дүкенбаева «Dracocephalum ruyschiana L. дәрілік өсімдігінің тұқымдарын тұқым банкіне сақтау үшін зерттеу» тақырыбындағы жұмысын ұсынды. Иван Филатов «Нан аурулары қоздырғыштарына қарсы сүтқышқылды бактериялардың коллекциялық штамдарының антагонистік белсенділігін зерттеу» жобасы бойынша материалдар көрсетті. Азамат Ормахаев «Бақ бүлдіргенін жерсіндіру» жобасын таныстырды.
Іс-шарада ерекше қызығушылық тудырған жоба «Биохимиялық инженерия» кафедрасының 2-курс студенттері Альфия Түгеева мен Анзор Қазиевтың «Құстар патогендерінің резистомының эпидемиологиясы және молекулалық биологиясы» тақырыбындағы ғылыми жұмысы болды.
Зертханада басталған және жалғасып жатқан зерттеулер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Құстар патогендерінің резистомының эпидемиологиясы және молекулалық биологиясы» ғылыми жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр.