
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНА САПАР: ҒЫЛЫМИ-ӨНЕРКӘСІПТІК БАСТАМАЛАРДЫ ТАЛҚЫЛАУ
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки Қызылорда облысына сапары аясында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының делегациясымен бірге ғылым және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты талқылау үшін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ HR және өндірістік қауіпсіздік жөніндегі басқарушы директоры Жанат Өмірбековпен кездесті.
Тараптар ғылыми зерттеулерді интеграциялау перспективаларын, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндірісінің өзекті қажеттіліктерін және оларды озық ғылыми жетістіктердің көмегімен шешу мүмкіндіктерін талқылады. Сапар аясында Хорасан-1 және Хорасан-2 уран өндіретін кеніштеріне барды. Кездесу ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында өткізілді.
Кездесудің мақсаты ғылыми-техникалық қызметті дамытудың басым бағыттарын қалыптастырудың жаңа тетіктерін әзірлеу, нақты экономиканың сұраныстары мен қажеттіліктерін шешу, ғылым мен бизнес арасындағы кооперацияны жақсарту, сондай-ақ экспортқа бағдарланған жаңа өнім өндіру үшін коммерцияландыру жөніндегі жобаларды ілгерілету болды. 20-21 қыркүйекте ғылыми-технологиялық хакатон өтеді, онда елдің жетекші ғалымдары компанияның нақты өндірістік міндеттерін шешу үшін жұмыс істейтін болады.
Хакатон ғылыми-технологиялық идеяларды қалыптастыру және ағымдағы қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған шешімдерді әзірлеу алаңына айналады, сондай-ақ қазақстандық өнеркәсіп пен жалпы ғылымды дамытудың жаңа векторын белгілейді.