
ВИЦЕ-МИНИСТР ТАЛҒАТ ЕШЕНҚҰЛОВ ТҮМЕНДЕГІ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ
18 қыркүйекте Түмен қаласында (Ресей Федерациясы) өткен TNF 2024 өнеркәсіп және энергетика форумына ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қатысты. Қазақстандық делегация құрамында қазақстандық техникалық университеттердің өкілдері, сондай-ақ «Қазмұнайгаз» компаниясы мен «Kazservice» Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының өкілдері болды.
TNF 2024 форумы – отын-энергетика кешенінің өзекті мәселелерін талқылауға арналған ең ірі алаңдардың бірі. Бұл шара жыл сайын өнеркәсіпшілерді, жер қойнауын пайдаланушыларды, құрылысшыларды, мемлекеттік қызметкерлер мен сарапшыларды жинайды. Биылғы форумның басты тақырыбы – «Технологиялық тұрақтылық: даму стратегиясы». Форум барысында вице-министр Түмен облысы губернаторының орынбасары Андрей Райдермен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің жоғары білім саласындағы ынтымақтастығы талқыланды.
Талғат Ілиясұлы түмендік жастарды Қазақстанның жоғары оқу орындарында, оның ішінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуға шақырды. Қазақстандық делегацияны ресми қабылдау кезінде Түмен облысының губернаторы Александр Моор отын-энергетика кешенін дамыту үшін ынтымақтастық пен ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруда жаңа технологиялық шешімдер мен серіктестердің қажет екенін атап өтті. Форум қатысушыларына сессиялар мен мұнай-газ саласындағы технологиялар мен процестер бойынша дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Сонымен қатар 4 мың шаршы метрден астам аумақта TNF Expo көрмесі ашылды, оған ірі мұнай-газ корпорациялары, технологиялық, IT және қаржы компаниялары қатысты. Форумда ғылым мен жоғары білімді дамытудың жаңа бағыттарын ескере отырып, техникалық университеттер арасындағы өзара әрекеттестіктің тиімді үлгілері талқыланды. Шараға Ресейдің 60-тан астам аймағынан және Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Египет, Кувейт және Сауд Арабиясынан келген 800-ден астам компания өкілдері мен 12 мыңнан астам адам қатысты.