
БҮГІН ТАМЫЗ АЙЫНДА ӨТЕТІН ҰБТ БАСТАЛДЫ
💫 Бүгін тамыз ҰБТ-сы басталды, ол 15тамызға дейін жалғасады. Тестілеуге қатысу үшін 21 мыңнан астам өтініш қабылданды. ҰБТ-ға қатысушылардың 66%-ға жуығы қазақ тілінде, 34%-ы орыс тілінде, 69 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірді.
📍 ҰБТ-ны өткізудің бірінші күні 5,7 мың адам емтихан тапсырады.
⚡️ Тамыздағы ҰБТ белгіленген шекті балл жинай алмаған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар, ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, жоо-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін пунктті, күнді және уақытты өздері таңдады.
✔️ Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
📌 Естеріңізге сала кетсек, тамыз айында өтетін ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz 20-30 шілде аралығында жүргізілді.
⏳ ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды жоо-лардың қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
📚 2024 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша белгіленген шекті балл жинай алмаған, тестілеу нәтижесі жойылған, бейіндік пәндер комбинациясысәйкес келмейтін талапкерлерге жоо-ға шартты түрде ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі беріледі. Ары қарай олар 2025 жылы қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ-сына қатысып, жоо-да оқуын жалғастыру үшін қажетті шекті балын жинай алады.