
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне Ататүрік университетінің делегациясы, атап айтқанда, ректор, профессор, доктор Омер Чомакли, халықаралық мәселелер жөніндегі үйлестіруші, профессор, доктор Ташкин Өзташ, Халықаралық қатынастар басқармасындағы Erasmus+ бағдарламасына жауапты Пинар Учак келді.
Сапардың мақсаты Ататүрік университеті мен Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою болды.
Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-дың Басқарма төрағасы-Ректоры С.Сагинтаева ЖОО өткен жылы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтіп, елдің жетекші техникалық жоғары оқу орны ретінде танылғанына тоқталды. QS World University Rankings: Asia 2024 рейтингінде өткен жылмен салыстырғанда Қарағанды техникалық университеті 20 позицияға көтеріліп, ТОП-251+ қатарына енді. Ал Ұлттық рейтинг қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік техникалық жоғары оқу орындары арасында 5-ші орында.
Эрзурум қаласында орналасқан Ататүрік университеті – Түркияның 45 мыңнан астам студенті бар аса ірі оқу орындарының бірі. Ол 1957 жылы құрылды. Соңғы жылдары Түркияның 20 жетекші университеттерінің бірі, халықаралық рейтингтегі үздік жоғары оқу орындарының 5 пайызына кіреді.