
Бүгін Астана қаласында Студенттік спорт лигасының финалы өтті. Республикалық кезеңнің ашылу салтанатына ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан қатысты.
Студенттік спорт лигасы 3 кезеңде өткізілді. Аймақтық кезең ағымдағы жылдың наурыз айынан мамыр айына дейін 6 дивизионда өткізілді. Мәселен: Астана дивизионы – 14 ЖОО; Алматы дивизионы – 37 ЖОО (Алматы қаласы - 35, Алматы облысы – 1, Жетісу облысы -1); Солтүстік-Орталық дивизионы – 16 ЖОО (Солтүстік Қазақстан облысы -1, Ақмола облысы – 3, Қостанай облысы -5, Қарағанды облысы - 7); Батыс дивизионы - 12 ЖОО (Батыс Қазақстан облысы - 4, Атырау облысы - 3, Ақтөбе облысы - 4, Маңғыстау обылысы- 1); Шығыс дивизионы – 11 ЖОО (Шығыс Қазақстан облысы -3, Павлодар облысы - 4, Абай облысы- 3, Ұлытау облысы -1); Оңтүстік дивизионы – 15 ЖОО (Шымкент қаласы - 8, Қызылорда облысы - 3, Жамбыл облысы - 2, Түркістан облысы - 2).
Республикалық кезеңге аймақтық кезеңнің жеңімпаздары қатысуда.
«Қазіргі уақытта спорт саласы – елдің имиджін жақсарту және оның беделін нығайту, сондай-ақ халықаралық аренадағы позицияларды нығайту құралдарының бірі. Министрлікпен студенттерді дүниежүзілік жазғы және қысқы универсиадалар, ҚР жазғы және қысқы универсиадалары, Түркі универсиадалары, спорттық студенттер лигалары сияқты халықаралық және республикалық деңгейдегі спорттық іс-шараларға тарту бойынша шаралар ұймдастырылуда. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында спортты танымал ету мақсатында студенттер мен ОПҚ арасында спартакиадалар, чемпионаттар мен спорт фестивальдері, әртүрлі спорт түрлері бойынша басқа да турнирлер мен конкурстар тұрақты түрде өткізіледі», - деп атап өтті Ақерке Абылайхан.
Барлық спорт түрі бір турнир аясында біріктіріліп өткізіліп отырған алғашқы жарысқа еліміздің түкпір-түкпіріндегі 54 жоғары оқу орнынан 700-ден аса студент келді. 16 команда 8 спорт түрі (үстел теннисі, қазақ күресі, шахмат, тоғызқұмалақ, баскетбол (әйелдер және ерлер), жүзу, кикбоксинг, таеквондо) бойынша жарысқа түседі.